Веломаусым жаңалығы не?

Бұқараның жаппай темір тұлпарға мініп, таяқ тастам жерге велосипедпен қатынауы қалалық ортаның сапасын жақсартуда айтарлықтай орны бар. Аз да болса ауаның ластану деңгейін төмендетудің, көшелерде кептеліс мәселесін шешудің маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.
Бас қаладағы велоинфрақұрылым ауқымды әрі жүйелі модернизацияға дайындалып жатыр. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асуда. Оның негізінде сервистің өзін жаңарту және қайта қарастыру – күнделікті сапарлар үшін заманауи, тұрақты әрі ыңғайлы ету мақсаты жатыр. Мәселен, 1300 электрлі велосипедті іске қосу және желіні 195 станцияға дейін кеңейту жоспарлануда. Салыстырмалы түрде айтсақ: елордада 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан велошеринг жүйесі бүгінде шамамен 155 станция мен 750-ге жуық велосипедті қамтиды екен. Биылғы маусымда пайдаланушыларға тегін сапардың ұзақтығына байланысты 30, 45 немесе 60 минутқа дейінгі үш тариф жоспары ұсынылады. Айлық абонемент құны – 2500-ден 3750 теңгеге дейін, тоқсандық – 6000-нан 9000-ға дейін, маусымдық – 10000-нан 15000 теңгеге дейін. Жеңілдігі бар санаттарға төмендетілген тарифтер қарастырылған. Мысалы, маусымдық абонементті 5000 теңгеден бастап рәсімдеуге болады. Бірақ мынаны ескеру маңызды: тек лимит аясындағы сапар ғана тегін деп есептеледі. Одан әрі уақыт бойынша төлем қосылады – лимиттен асқаны үшін 100 теңгеден бастап, ұзақ сапар үшін 1000 теңгеге дейін. Тағы бір маңызды ереже: аккаунттың минималды теңгерімі 500 теңгені құрауы тиіс. Жеңілдікті абонементтер елордалық жоғары оқу орындарының студенттеріне, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттарға қолжетімді. Дегенмен маңызды шектеу бар: жеңілдік тек Астанада тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарға ғана беріледі.

Айта кетейік, велошеринг нақты талабы бар сервис болып қала береді. Велосипедті қайтару мерзімін өткізіп алу тәулігіне 30 мың теңгеге дейін шығын әкелуі мүмкін. Егер велосипед 72 сағат ішінде қайтарылмаса, ол жоғалған деп есептеледі және пайдаланушы оның құнын толық өтеуі керек. Зақымдану мен апат жеке қарастырылады, бірақ кез келген жағдайда жауапкершілік пайдаланушыға жүктеледі. Бұл мәселелер велосипед пайдаланушыларға арналған. Олардың қатарын көбейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі.
Басқа өңірлермен салыстырғанда бас қаламызда велосипед инфрақұрылымы едәуір қалыптасқан деуге болады. Дегенмен негізгі мәселелер, атап айтқанда, велосипед жолдарының аздығына қоса, велосипедпен қауіпсіз және ыңғайлы жүру үшін қолданыстағы көшелер мен жолдарды жаңғырту мен бейімдеу, ыңғайлы әрі қауіпсіз велотұрақтардың жетіспеушілігі күн тәртібінен түспеген. Велосипед жолдары велосипедшілерге барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ететіндей болып тұрған жоқ, қала көшелерінде жол қозғалысының басқа қатысушылармен, мысалы, басқа жеңіл көліктермен ықтимал қақтығысты азайтатындай болуы тиіс.
Дамыған елдерде велосипед көлігін қоғамдық көліктің басқа түрлерімен интеграциялау – осы саланы дамытудың маңызды бір бағыты. Яғни адамдар темір тұлпарынан қалаған жерінде түсіп, қоғамдық көлікке оңай ауысып міне алатындай ыңғайлы көлік тораптарын құруды қамтиды. Қоғамдық көліктерде велосипедтерді тасымалдау мүмкіндігінің қарастырылуы алысты жақын етеді.
Бұқараны велосипедке отырғызудың, таза көлікті экология тұрғысынан насихаттаудың өз мәдениеті бар. Оны танымал қылуға бағытталған ақпарат акциялары, ерте жастан велосипед айдауға үйрету, саябақтарда велосипедті жалға берудің бағасын қолжетімді ету маңызды. Қала тұрғындары арасында велошерулер өткізіп, көліктің артықшылығы мен мүмкіндігін таныстыратын ақпарат материалдары мен ресурстарды қолдану бұл үдерісті жылдамдатып, жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Уақыт өте келе мұның бәрі қаламызда велосипедшілер санының артуына және қалалық ортаның жақсаруына әкеледі.
Егер тасымал көлігін велоспорт деп қарасақ, оның адам ағзасына пайдасы шаш етектен. Жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайтуға, қан айналымын жақсартуға септігін тигізеді. Велоспорт аяқ, арқа және құрсақ бұлшық еттерін дамытуға көмектеседі. Тағы бір маңызды артықшылығы деп тыныс алу жүйесінде, артық салмақтан құтылуда оң әсерін айтқан жөн. Велосипедті белсенді айдау кезінде өкпе қарқынды жұмыс істейді, бұл оның көлемін ұлғайтып, оттегі алмасуын жақсартады.
Бүгінгі таңда Еуропаның көптеген қаласында велосипедшілер жол қозғалысына қатысушылардың үштен екі бөлігін құрайды. Мегаполис тұрғындарының көпшілігі үшін автомобильдің орнына велосипедті пайдалану – қалыпты нәрсе. Жұмысқа барып-келуде таңдау велосипедке түскен елдің көрсеткіші айтарлықтай. Германияда орталықтан алыс аудан тұрғындарының 35%-ы жұмысқа жету үшін велосипедті пайдаланады, ал Ресейде бұл көрсеткіш әзірге 1 пайыздан да аз екен.
2035 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту бағдарламасының дерегінше, Астана жеке мобильділікке арналған желісі ұзын қалалардың қатарына кіруі тиіс. Алдын ала есептеу бойынша бұл көрсеткіш 1000 пайдаланушыға шаққанда шамамен 54 шақырымды құрауы керек. Салыстырмалы түрде: Мәскеуде бұл көрсеткіш – 7 шақырым, ал Парижде – 18 шақырым. Дегенмен елордада веложелінің ұзындығы 153 шақырымды құраса, белсенді пайдаланушылар саны 2 мыңнан асады, демек әр мың адамға шамамен 76 шақырым инфрақұрылымнан келеді. Бұл бұрын жарияланған болжамдардан айтарлықтай жоғары және бірқатар ірі қаланың көрсеткішінен бірнеше есе асып түседі. Веложолдардың едәуір бөлігі саябақтар мен жағалаулар арқылы өтеді. Бұл маршруттарды жайлы еткенімен, күнделікті сапар үшін әрдайым ыңғайлы бола бермейді. Алайда велосипед болашағы бар көлік деп толық көңілмен айта аламыз.
Айгүл УАЙС



