Басты ақпаратМәселе

Алаяқпен ақша ойыны

Бала күнімізде үлкендер балаларға жекіп: «Әй, өзің бір ойының осылғыр екенсің!» деп ұрысып жатушы еді. Жаңалықтар тізбегінен алаяқтармен ақша ойынын ойнаған кейбір адамдардың іс-әрекетін көргенде осы сөз ойымнан шықпады. Расында, кейбір адамдар ұялы телефон арқылы алаяқтармен ойнайтын әдет тапты. Бірақ бұл әдеттен бармақ шайнап, санын соғып жатқандар аз емес. Себебі алаяқпен телефондағы бір ғана сөйлесудің өзі зор қауіпке апарады. Арам ниетті алаяқтар өзінің құрбандығымен кез келген әңгімені талдап, кейбір жағдайларда жазып алған дауысты сол адамның туыстарын алдауға пайдаланады. Осы мәселені тереңірек талдайық.

АЛАЯҚТЫ ТӘУБЕСІНЕ КЕЛТІРУ МҮМКІН БЕ?

Қарапайым адамдар көбіне үрейге бой алдырудың, аңқаулықтың және қаржы жағынан сауатсыздықтың салдарынан алаяқтардың арбауына түсіп қалып жататыны рас. Алайда арам ниеттілерді тәубесіне түсіремін деп опық жейтін жандар да кездеседі. Егер сізге бөгде біреу қоңырау шалса, оның алаяқ екенін білген сәтте екіұдай көңілде болатыныңыз анық. Бірі – үрейге бой алдыру, екіншісі – өз-өзіңе сенімді болу. Егер де кез келген жағдайда өз-өзіңді толық бақылай алатын адам болсаң, онда ешқандай да қауіп жоқ. Алайда өзіне-өзі сенімді адамның өзі әбіржіп, арғы жақтағы адаммен сөйлесу мәнерін өзгертіп алатын жағдайлар да көп. Мұндайда не істеу керек? Егер сіз сөйлесіп тұрған адамыңыздың алаяқ екенін білсеңіз, бірден ұялы телефонның тетігін басып, байланысты дереу үзіп тастаңыз. Ал сіз: «Бәрі менің бақылауымда! Қазір сені мазақ қылайын!» десеңіз, құрыдыңыз. IT-мамандар жиі ескертетін нәрсе, алаяқтар тікелей қандай да бір банктің қауіпсіздік жүйе­сін бұзуға ешқашан іс-қимыл жасамайды. Олардың басты мақсаты – адам. Банкте шот ашқан адамның зәресін ұшырып, үркітіп-қорқытып өзінің арам ойын іске асыруға тырысады. Сол себептен олардың әрбір «қоңырауы» тегін тест сияқ­ты жүзеге асады. Алаяқтар әңгімелесу кезінде сол адамды толық зерттеуге кіріседі: ең алдымен оны банк, қарыз, қылмыс, полиция деген сөздермен қорқытып, бір тексеріп көреді. Өзінің әлеуетті құрбандығының шешім қабылдау деңге­йін зерттеп үлгереді. Бұл жерде назар аударатын жайттың бірі – сұрақтарға берілген жа­уаптар емес, телефон тұтқасын қоймау, яғни арадағы байланыстың орнауы. Байланыс орнаған соң, алаяқ телефон нөмірін жазып алып, оған қайта хабарласып, алдау-арбау әрекетіне қамданады. Бұл жердегі бірінші соғылған қоңырау шабуыл емес, барлау ғана. Алаяқ әуелі өзінің жіберген қателігін ескеріп, жаңа жоспар құрады. Сол жоспарын тиянақтап алып, тағы да қоңырау шалады. Ол енді банк қызметкері, банктің қауіпсіздік қызметінің өкілі, я болмаса әлгі адамның жақын танысы болып хабарласады. Істің оңға басуы оның қандай алдау тәсілін таңдағанына байланысты. Кейбір жағдайларда алаяқтар сол адамның ерік-жігерін жасыту үшін туыстарына хабарласып, соның дауысымен сөйлеседі. Ол үшін жасанды интеллекттің мүмкіндігін тиімді қолданады.

БІЗ ҚАЛАЙ ҚАТЕЛЕСЕМІЗ?

Алаяқтардың ­арбауына түсіп қалғандар көбінесе: «Мен ешкімге өз карточкамның мәліметтерін берген жоқпын», «Мен бөгде адаммен жай ғана сөйлестім», «Мен оның жіберген ешқандай сілтемесіне кірген жоқпын» деп ақталады. Алайда олар бұл жерде қандай үлкен қателікке бой алдыр­ғанын аңдамайды. Алаяқтар әр адамның картасындағы CVV-кодты немесе SMS-хабарлама арқылы төрт санды алуға ғана әрекет жасамайды. Оларға ең қажетті нәрсе – өзі қоңырау шалған нөмірдің иесі бар болғаны жеткілікті. Содан соң арғы жақтан берілген жауап маңыз­ды, сол адамның онлайн-банкингті қолданатыны жеткілікті. Одан кейінгі әңгіме арада байланыс орнатудың кепілі болып қала береді. Алаяқтармен қалжыңдасудың соңы өкінішті жағдайлармен аяқталған кездер көп. Бір күні жас қызға бір курьерлік қызметтің өкілі хабарласады. Ол қыз хабарламаның алаяқтан келгенін білсе де, қызығушылық танытып, жіберілген сілтемені басады. Сол сәтте әлгі қыз ештеңе болмағанына таңғалады. Бірақ бір түнде алаяқтар оның картасындағы ақшасын үптеп кеткен. Осы оқиғаға ұқсас тағы бір факт. Алаяқтар бір ер адамға қоңырау шалады. Өзіне хабарласқан алаяқ екенін сезген әлгі азамат алаяқтармен ойын ойнамақшы болады. Көбірек сөйлесіп, айтқанына келіседі. Көп ұзамай оған бонус туралы ақпарат жетіп, өзінің банк қосымшасына кіре алмай қалады. Тағы бір оқиға. Бірде алаяқтардың құрған тұзағына түсіп қалған жасөспірім де өзі кінәлі болған. Ол хабарласқан алаяқтың өзін мазақтамақ болып әртүрлі іс-әрекетке барады. Ал бір аптадан кейін оның барлық туысының мессенджеріне «Тезірек ақша аударыңдаршы!» деген хабарлама түскен. Бұл жердегі естен шығармайтын нәрсенің бірі – егер сіз өзіңізге хабарласқан адамнан күдіктенсеңіз, бірден тұтқаны басып, сөйлесуді доғарыңыз. Одан ке­йін банкке қоңырау соғып, ондағы шотыңызды тексеріп, қажет болған жағдайда, бұғаттап тастау керек. Ең маңыздысы, алаяқтармен ойын ойнаудың түк пайдасы жоғын ұмытпаңыз. Қаржы мамандары қайталап айта беретін мынадай кеңес­терді қаперде ұстаңыз: ешқашан алаяқпен ойын ойнауға ұмтылмаңыз; күдікті сілтемелерге кірмеңіз; мессенджер арқылы алаяқтан келген хабарламаға (оны әдейі жібереді) назар аудармаңыз; мәселе туындаған жағдайда, алаяқ­тан бұрын әрекет етіп, банкке және туыстарға хабарлап үлгеру керек, осындай оқиғаларды үйде үстел басында балалармен, қарттармен үнемі талқылап отыру керек, әр адам өзін алаяқ­тан ақылдымын деп санамауы тиіс. Өйткені олар әзілкешке қатты «өкпелеп», саза­йын тарттыруға ұмтылады. Өзін өкпелеткен адам туралы ақпаратты сатып я болмаса өзінің басқа қылмыстық тізбектеріне пайдалануы мүмкін.

АҢҚАУЛАР ҚАЙ ҚАЛАДА КӨП ТҰРАДЫ?

Ресми мәліметке жүгінсек, алаяқтардың тұзағына түсіп қалатын аңқаулар Астанада көп екен. Мысалы, 2025 жылдың 7 айында алаяқтыққа қатысты 3235 оқиға тіркеліпті. Одан ке­йінгі орында Қарағанды облысы (1925) тұр. Павлодар (1711) мен Қостанай (1283) соңғы орындарда орналасқан. Бұл статистикадан көргеніміздей, қылмыскерлерге алданып қалуда мәселе технологияда емес, аңқаулықта жатыр. Алаяқ­тар аса бір данышпандықпен алдау-­арбаудың тәсілін ойлап таппайды, олар аңқау адамдардың сенімсіздігін, қорғансыздығын тап басып, үрей туғызу арқылы мақсатына жетпек.

SIM-КАРТАҢЫЗДЫҢ МЕРЗІМІ АЯҚТАЛДЫ!

Қазір ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтық қылмыс­тардың неше түрі шығып жатыр. Енді «Fingramota Online» мобильдік қосымшасының «Қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» бөлімі таратқан кез келген адамға қажетті ақпаратқа келейік. «Сізді ұялы байланыс операторы мазалап тұр, SIM-картаңыздың мерзімі аяқталып келеді. Егер алдын ала қамданбасаңыз, онда нөміріңіз бұғатталады. Қызметті ұзартқыңыз келе ме?» деп белгілі телекомпаниялардың жалған қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалып, осындай сұрақтар қояды. Көптеген қазақстандық жыл басынан бері телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың осы түріне тап болған.
– Егер сіз алаяқтардың сұрағына оң жауап берсеңіз, онда қоңырау шалушылар SMS-кодты айтуды және басқа да жеке деректерді беруді сұрайды. Оларға мұндай ақпарат жәбірленушінің банк шотын бұзу немесе оның атына жалған кредит ресімдеу үшін қажет. Сонымен қатар алаяқ­тар телефон шалған кезде адамды асықтырып, тезірек дегеніне жету үшін оларды қорқыта бастайды. Кодты бөг­де адамдарға хабарлай отырып, пайдаланушы интернет-ресурс­та немесе байланыс операторының мобильді қосымшасында өзінің жеке кабинетіне кіруге рұқсат береді. Алаяқтар SIM-картаның виртуалды телнұсқасын жасай алады немесе қоңыраулар мен SMS-ті басқа нөмірге бағыттау қызметін қоса алады. Әрі қарай олар жәбірленушінің онлайн-банкингіне кіріп, жаңа қарыз алу, бөліп төлеуді ресімдеу, ақшаны дропперлердің (делдалдардың) шотына аудару сияқты өздеріне қажетті операцияларды оп-оңай жасай алады, – деп түсіндіреді мамандар.
Ал одан қалай сақтану керек? Егер олар құпиясөз, логин, SMS-код және басқа да жеке деректерді (ЖСН, жеке куәлік немесе төлқұжат нөмірі, төлем картасының деректемелері: картаның артқы жағындағы үш таңбалы код (CVV/CVC-код), оның нөмірі, қолданылу мерзімі және т. б. ақпаратты) сұраса, олар өзін кім деп таныстырса да, бөгде адамдарға сенбеңіз. Бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша вирустық, шпиондық немесе үшінші тараптарға құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды (мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer) ешқашан жүктемеңіз.

WHATSAPP пен TELEGRAM-да ЖАСАЛАТЫН АЛАЯҚТЫҚ

Соңғы кездері елімізде кибершабуылдың жаңа түрі пайда болды. Танымал мессенджерлер немесе фишингтік электронды хаттар арқылы қызметкерлерге компанияның бастығы немесе басқа жоғары тұрған басшының атынан құпия ақпаратқа шұғыл қол жеткізуді тапсыра отырып, хабарлама жібереді. Алаяқтар психологиялық әдістерді қолдана отырып, басшылықтың беделін желеу етіп, қызметкерлерге қысым жасайды. Әлеу­меттік инженерлер WhatsApp және Telegram аккаунттарына кіру үшін жәбірленушілерден жеке деректерді алуға ұмтылады. Осылайша, алаяқтар «телефонымды жоғалттым, сондықтан басқа нөмірден жазып отырмын, бұл жерде байланыс нашар» және тағы басқа сылтау­лармен басқа адамның атынан әрекет жасайды. Алаяқтар ақшаны қайта жіберу, құпиясөзді, PIN-кодты немесе басқа жеке мәліметтерді хабарлау, «басшылық» тастаған сілтемені басу немесе сілтеме арқылы жаңа мүмкіндіктерді белсенді игеру, басқа әріптестерге хабарлама жіберу және тағы басқалар туралы өтініш жасауы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек? Мамандар хабарлама жіберушіні бұғаттай отырып, мұндай күмәнді хабарламалар мен хаттарды жауапсыз қалдыру керегін айтады. Қандай жағдай болса да олармен хат алмасуға, деректерді беруге, фишингтік сілтемелерге өтуге болмайды. Егер күмәндансаңыз, оның нөмірін өз бетіңізше теру арқылы хабарламалар кімнің атынан таратылатынын өзіңіздің басшыңыздан анықтап алған дұрыс. Шағым жіберу арқылы өз компанияңыздың қауіпсіздік қызметіне, сондай-ақ WhatsApp, Telegram-ға күдікті іс-қимыл туралы хабарлауды және аккаунтыңызды қорғауды күшейту үшін екі сатылы тексеруді қосуды ұсынамыз.

БІР КҮНДІК ЖАЛҒАН АККАУНТТАР

Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаң: «Сізге шұғыл ақша керек пе? Қарызды бөліп төлей аласыз!», «100 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін ке­пілсіз, алдын ала төлемсіз несие рәсімдеуге көмектесеміз», «Кез келген сомаға несие береміз» деген мазмұндағы хабарламалар алдыңнан шығады. Негізінен алғанда, Instagram-да бір күндік жалған аккаунт ашқан алаяқтар осылай әрекет етеді. Бір таңғаларлығы, әлгі алаяқ­тардың хабарламасына жауап берген аңқау адамдармен арадағы іс-қимыл мессенджерлер арқылы өрбиді. Қаскүнемдер ең алдымен WhatsApp арқылы хат алмасуды жөн көреді, онда хабарламалардың өзінен-өзі жоғалып кететін режимі бар және екі схеманың бірі бо­йынша әрекет етеді. Біріншісі – қолма-қол ақшамен берілетін несие ресімдеу. Қарызды ресімдеу мақсатында интернет-­алаяқтар жәбірленушіден несиенің қажетті сомасын және жеке мәліметтерін: жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін, төлем карточкаларының толық деректемелерін, шот нөмірлерін және т. б. нақтылайды. Алаяқтардың мақсаты – зардап шеккен адамға қарыз алушының қажеттілігінен едәуір асатын қарыз ресімдеу. Қаскүнемдерді әсіресе азаматтардың танымал онлайн несие беру ресурстарында жеке кабинетінің болуы қызықтырады. Олардың айтуынша, бұл ақпарат кредит ұйымдары жүз пайыз мақұлдайтын тиімді қарыз ресімдеу үшін қажет. Екінші схема – тауар несиелерін ресімдеу. «Несие делдалдары» хабарландыруға жауап берген қарыз алушылардың дербес деректерін алғаннан кейін алаяқ­тар өздерінің ұялы телефондарынан және бөгде тұлғаларда тіркелген нөмірлерді пайдалана отырып, электроника сатушыларының сайттарында тауарды таңдайды және қарыз алушының көмегімен оны несие алуға немесе бөліп-бөліп төлеуге ресімдейді. Бұл ретте алаяқтар өтінімді қарау үшін SMS-кодтар келетін өз нөмірлерін көрсетеді. Қаперде ұстайтын басты нәрсе, сізге банк қарыздарын немесе микронесиелерді тиімді шарттармен рәсімдеуді ұсынатын делдалдарға сенбеңіз, қарыз ресімдеу үшін ақшалай сыйақы бермеңіз. Бұл – алаяқтар.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button