Қала мүлкіне зиян келтіруге қатысты 70-ке жуық дерек тіркелді
Елордада құқық қорғау органдары бөтеннің мүлкін бүлдіру деректерін анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Негізгі басымдық құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қала инфрақұрылымы нысандарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға беріліп отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қала бойынша бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық орындарға тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмысын да белсенді атқаруда. Атап айтқанда, дауыс зорайтқыш құрылғылар мен дрондар арқылы қоғамдық тәртіпті сақтау және ортақ мүлікке ұқыпты қарау қажеттігі ескертіледі.
Жыл басынан бері елорда полициясы қаладағы мүлікті бүлдірудің шамамен 70 дерегін тіркеген. Көбіне аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері және жарнамалық құрылымдар зақымданады. Сонымен қатар тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі бейнекамералар мен лифт жабдықтарын бүлдіру жағдайлары да жиі кездеседі.
Полиция ескертеді: бөтен мүлікті қасақана бүлдіргені үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Кінәлі тұлғалар келтірілген шығынды өтеп, айыппұл төлеуі немесе әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Полиция департаменті азаматтарды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырады. Вандализм фактілері анықталған жағдайда «102» нөміріне дереу хабарлау қажет. Сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, қоршаған ортаға және ортақ мүлікке құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу маңызды.
Қаладағы тәртіп пен тазалықты сақтау – әрбір елорда тұрғынының ортақ міндеті.



