Қос өзен арнасының жай-күйін тексерді
Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері елордадағы Сарыбұлақ және Ақбұлақ кіші өзендерінің арнасын тексеріп, қазіргі жай-күйін анықтау бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Елордада аталған кіші өзендер арнасы бойынша қайта құру жұмыстарын жүргізуге байланысты екі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Астана қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының тапсырысымен оны бірқатар мердігер мекемелер атқаруда. Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов бастаған кеңес мүшелеріне осы жұмыстардың бүгінгі орындалу барысы таныстырылып, оны атқарудағы мәселелері талқыланды. Басқарманың қоғамдық кеңістіктер құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Сақтапбергеновтің айтуынша, бірінші жоба — Сарыбұлақтың Н. Тілендиев көшесі тұсынан басталып, теміржол вокзалына дейінгі арнасына қайта құру жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық сметалық құжаттама сараптамадан өтіп, толық дайын тұр.

Жоба мақсаты – Сарыбұлақты қаланың қоғамдық кеңістігіне эстетикалық тартымдылықпен біріктіру, экологиялық жағдайды жақсарту, суды тазарту, жағалауындағы өсімдіктердің өсуін қалпына келтіру, судағы түрлі тірі ағзалардың тіршілігі үшін қолайлы орта қалыптастыру. су тасқынының алдын алу, жылғаның өткізу қабілетін арттырып, гидротехникалық құрылыстар салу. Сонымен қатар сол аумақты аббатандырып, тұрғындар демалысы үшін жайлы, рекреациялық орынға айналдыру, инженерлік қорғау, көгалдандырып, жаяу жүргіншілер мен веложолдар салу да көзделген. Жобаны жүзеге асыруды бюджеттен қаржы бөлінуіне қарай биыл бастау көзделуде.
Екінші жоба — Ақбұлақ арнасының су қорғау белдеулері мен аймағының енін белгілей және қаладағы жағалау белдеулерін абаттандыра отырып, теміржол көпірінен ЖЭО-2-ге дейінгі телімін қайта құру. Арна ұзындығы — 4 км. Бүгінгі таңда жоба 70 пайыз жүзеге асырылды. Телімдегі 3 км аумақта судың түбін тереңдету, тазалау жұмыстары аяқталды. Қалған жұмыстарын, яғни су қорғау белгілерін орнату және тағы да 1 км жерді тереңдетуді биыл екінші тоқсанда аяқтау жоспарлануда. Кеңес барысында Ақбұлақ бойынша атқарылатын қосымша жұмыстар да баяндалды.

-2022 жылы біздің басқарма Ақбұлақтың лайланған телімін анықтау және лай көлемін білу үшін тереңдігін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Барлық абаттандырылған бөліктің 70 пайызға жуығында өзеннің лайлануы анықталды. Лайлану кесірінен өзен таязданады, лайдың қалыңдығы 2 метрден асады. Ақбұлақ кіші өзені пайда болғалы бері ол елордалықтардың демалатын орнына айналды, оның жағалауында жастар, спортпен айналысатындар көп жүреді. Өзеннің лайлануы судың батпақтануына және жағымсыз иістің пайда болуына әкеледі. Дәл сол себепті де оны тазалау тұрақты экотеңгерімді сақтап тұруда маңызды шара болып саналады, — дейді бөлім басшысы.

Ақбұлақтың санитарлық-техникалық және эпидемиологиялық жағдайын жақсарту үшін әкімдік тарапынан көптеген жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, Есіл өзенінен бастап Байырқұм көшесі тұсындағы теміржол өткеліне дейінгі аралықтағы өзеннің абаттандырылған телімі кезең-кезеңімен лайдан тазартылады. «Сәтпаев» көпірінен бастап «Тәуелсіздік» көпіріне дейінгі аралықтағы телімінде 2024-2025 жылдары 163 мың текше метр көлемінде тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар екі өзен арнасы мен Есіл өзенінде жыл сайын су бетін санитарлық тазалау және жақын аумақты арамшөптерден тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда 2026 жылғы жұмыстар үшін мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер өткізілуде.
Райхан Рахметова



