Ел тынысы

Астаналық оқушылар жылыжайдағы өздері өсірген алғашқы өнімді алуда

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба – заманауи жылыжай іске қосылып, бүгінде алғашқы нәтижелерін беруде. Жас зерттеушілер өз қолымен өсірген өнімнің алғашқы легін алып, экологиялық білімді тәжірибемен ұштастыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жылыжайда оқушылар бүгінде кеңінен қолданылатын гидропоника әдісін меңгеруде. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, арнайы қоректік ерітінділер арқылы жасанды ортада өсіру тәсілі. Бұл әдісте өсімдік тамыры перлит, керамзит немесе тас жүн сияқты субстраттарға бекітіліп, барлық қажетті қоректік заттарды су арқылы алады. Нәтижесінде өсімдіктердің өсу процесі жылдамдап, жыл бойы, әсіресе қыс мезгілінде де жоғары өнім алуға мүмкіндік туады.

Қазіргі таңда мектеп жылыжайында салат жапырақтары, монгольд және руккола сынды пайдалы әрі сұранысқа ие дақылдар өсірілуде. Оқушылар өсімдіктердің өсу кезеңдерін бақылап, су мен қоректік ерітінділердің құрамын реттеуді тәжірибе жүзінде үйренуде. Бұл олардың ғылыми ойлау қабілетін дамытып, зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

«Бүгінде оқушылар тек бақылаушы емес, нақты процестің қатысушысына айналды. Олар тұқымнан бастап алғашқы өнім алғанға дейінгі барлық кезеңді өздері басқарады. Гидропоника арқылы біз қыс мезгілінде де сапалы әрі экологиялық таза өнім алуға болатынын көрсетіп отырмыз. Ең бастысы – балалардың ғылым мен экологияға деген қызығушылығы артып келеді», – дейді жылыжай жетекшісі, биология пәні мұғалімі Ринат Серікұлы.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – экологиялық тәрбиені нақты іс арқылы жүзеге асыру. Оқушылар тек теориямен шектелмей, табиғатты ұқыпты пайдаланудың, ресурстарды үнемдеудің және тұрақты дамудың маңызын тәжірибе барысында түсінеді. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттырып, «жасыл» технологияларға қызығушылығын күшейтеді.

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, жылыжай – бұл тек оқу алаңы ғана емес, сонымен қатар болашақ мамандықтарға бағыт-бағдар беретін инновациялық платформа. Алдағы уақытта жылыжайда өсірілетін дақыл түрлерін кеңейту және оқушылардың ғылыми жобаларын қолдау жоспарланып отыр.

Осындай экологиялық бастамалар арқылы мектеп қабырғасында қалыптасқан тәжірибе ертеңгі күні қоғамның тұрақты дамуына өз үлесін қосатын саналы, білімді және жауапты азаматтарды тәрбиелеуге негіз болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button