Саз бен сөз тоғысқан кеш

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымының сахнасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Атамекен-ай» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Әртістерге көрсетілген ерекше құрмет белгісі ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табысталды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары оқылды.
Мерейтойлық кешке ақынның жары Жұмагүл Сариева арнайы қатысты. Концерт бағдарламасында автордың классикаға айналған таңдаулы шығармаларының ретроспективасы ұсынылды. Кеш қонақтары «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Қазақ елі», «Домбыра туралы баллада», «Өмір-өзен», «Сағындым, сағым жылдар», «Аяулым», «Сен мұңыңды бер маған», «Еркеледің сен», «Өкінбе сен» және өзге де туындыларды тыңдады. «Astana musical» мемлекеттік театрының әртістері ақын жырларын оқып, кештің мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.
– Мен Шөмішбай ағамен шығармашылық байланыста болып, бірқатар жобаны бірге жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болдым. Ол кісі ән авторларымен және орындаушылармен тығыз жұмыс істеуге ерекше мән беретін. Ән мәтініне қатысты ұсыныстар айтылған жағдайда оны талқылап, орындаушының өтінішін ескеруге әрдайым дайын болатын. Шөмішбай Сариевтің шығармашылық мұрасы өте ауқымды. Ол қазақ музыка өнеріне көптеген танымал әндердің мәтінін сыйлады. Сондықтан оның жырлары кеңінен орындалып, шығармашылық мұрасы болашақ ұрпаққа жалғасын таба беретініне сенім мол, – деді белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Ұлықпан Жолдасов, Құрмаш Махан, Ерлан Рысқали, Гүлсім Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Бауыржан Исаев, Алтыншаш Мұқатаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аяулым Камажан, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Перизат Тұрарова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ербол Тәжібаев, Қуандық Шалқарұлы, Дидар Абдухалық, Жанна Сандыбаева, Ақбөпе Әлібекова, Нұрай Шеру, Дәрия Бекпенбет, Оралхан Алтынбеков, Мұратбек Хайролла, Парасат Отан, Айдын Жұмабаев, «Gulder» ансамблінің балеті, Қазақ мемлекеттік симфония оркестрі, сондай-ақ танымал композитор, «Saz&Soul» тобының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, мультиаспапшы Әділжан Толықпаев және белгілі композитор, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Шырын Базарқұлова қатысты. Бас дирижер Дастан Ибрагимов болды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



