Халық пен билікті жалғаған көпір

Астана қаласының Қоғамдық кеңесі – қала өмірінің түрлі саласындағы маңызды мәселелерді көтеріп, тұрғындар мен билік арасындағы диалогты нығайтатын маңызды алаң. Осы кеңестің жұмысы, оның басым бағыттары мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен білу мақсатында біз кеңес төрағасы Зулфухар ҒАЙЫПОВПЕН сұхбаттасып, қалалық Қоғамдық кеңестің атқарған
– Қоғамдық кеңестің негізгі миссиясы қандай?
– Қоғамдық кеңес – азаматтардың пікірін ескеріп, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін маңызды институт. Бүгінде ол мемлекеттік шешімдерді талқылау, сараптау және қоғамдық бақылау жүргізудің тиімді алаңына айналды. Алғашқы жылдары қоғам тарапынан қызығушылық төмен болды. Көпшілік оны мәслихатқа балама құрылым ретінде қабылдап, оның шешімдерінің тек ұсынымдық сипатта болуына байланысты күмәнмен қарады. Алайда 10 жыл ішінде Қоғамдық кеңес толыққанды институтқа айналып, халық сеніміне ие болды. Мысалы, үшінші шақырылым кезінде Астанадағы 31 орынға 225 адам үміткер болды. Бұл – бір орынға шамамен 7,5 адамнан тура келген жоғары бәсеке. Қазіргі төртінші шақырылымда да бір орынға орта есеппен 4 үміткерден келді. Бұл қоғамның кеңес жұмысына қызығушылығы артқанын көрсетеді.
– Зулфухар Сұлтанұлы, алдағы жаңа өзгерістерге байланысты, нақтылап айтқанда, Конституциямыздың жаңаруына байланысты Қоғамдық кеңесте қандай өзгерістер болады?
– Жаңа конституциялық өзгерістерге сәйкес, Қоғамдық кеңестердің рөлі күшейіп, олар Халық кеңесінің құрамына енбек. Халық кеңесі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ заң жобаларын енгізу және референдум бастамасын көтеру құқығына ие, бұл өз кезегінде Қоғамдық кеңестің саяси салмақтағы ықпалының артқанын айқын аңғартады. Бұл мәселе жаңа Конституциямыздың 6-бөлімінде нақты екі баппен айқындалған. Аталған баптарға сәйкес, «құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативтік орган Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Сонымен қатар, оған Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтеру және басқа да маңызды өкілеттіктер берілген». Ал 71-бапта бұл кеңестің мемлекеттік ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейтіні, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қызметін айқындайтын негізгі қағидаттар мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған ұсынымдар жасайтыны көрсетілген. Осы тұста екі маңызды мәселеге назар аударуға болады. Біріншісі – Құрылтайға заң жобаларын енгізу мүмкіндігі, екіншісі – жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығы. Бұл өкілеттіктер Қоғамдық кеңес мәртебесінің айтарлықтай жоғарылағанын және оның саяси маңызының артқанын көрсетеді. Осыған қарап соңғы 10 жыл ішінде бұл институттың елеулі даму жолынан өтіп, жоғары деңгейге көтерілгенін толық сеніммен айтуға болады.
– Қоғамдық кеңес халықпен қалай жұмыс істейді? Сіздер халыққа қаншалықты деңгейде ашықсыздар?
– Біз толық ашық форматта жұмыс істейміз. Кеңес отырыстары алдын ала БАҚ беттерінде, сайтымызда жарияланып, кез келген азамат немесе журналист қатыса алады. Сонымен қатар барлық отырыс онлайн трансляция арқылы көрсетіледі. Астана қаласы әкімдігі тарапынан Қоғамдық кеңес жұмысына толықтай жағдай жасалған. Сол үшін де қала басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар Қоғамдық кеңес жұмысы аясында тұрақты қабылдау күндері өтіп, азаматтардың ұсыныстары мен өзекті мәселелері тікелей қаралады, сондай-ақ қоғамдық мониторинг пен сараптама жүйелі түрде жүргізіледі. Мысалы, азық-түлік бағасына қатысты мониторинг ұйымдастырылып, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, тиісті мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жолданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі бұрын 19 болса, қазіргі таңда 31-ге дейін ұлғайды. Осы тауарларға белгіленген бағалардың Астана қаласындағы сауда орындарында қаншалықты сақталып отырғанын бақылау – маңызды мәселелердің бірі. Бұған байланысты біз тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, анықталған жағдайлар бойынша өз ұсыныстарымызды білдіріп отырамыз. Кейде тұрғындар да кейбір мәселелер бойынша өз ұсыныстарын айтып, бізге келеді. Көп жағдайда қарапайым халық әкімге күн сайын тікелей кіре бермейтіні белгілі. Біз олар көтерген мәселе бойынша жауапты орынның өкілдерін шақырып, оны шешудің жолдарын талқылап, өз тарапымыздан нақты ұсыныстар береміз және оның орындалуын қадағалап отырамыз. Біздің Қоғамдық кеңес құрамында 31 мүше бар. Оның шамамен 29%-ы мемлекеттік сектор өкілдері болса, 71%-дан астамы – азаматтық қоғам өкілдері, яғни ҮЕҰ, бизнес, БАҚ, кәсіподақтар, саяси партиялар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері. Сондықтан бізге әрбір әлеуметтік топтың көтерген мәселелері маңызды болған және болады да. Міне, осы тұрғыдан алғанда, біз билік пен тұрғындар арасындағы көпір, диалог алаңы ретінде жұмыс істейміз.
– Қоғамдық тыңдаудың өнімділігі қандай?
– Қоғамдық тыңдаулар – бұл өте тиімді механизм. 2025 жылдың қараша айында біз «Шет аймақсыз қала» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткіздік. Оған Астана қаласының барлық ауданынан белсенді тұрғындар мен аудан әкімдері, қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы Нұркенов қатысты. Жиында қаланың шеткі аймақтары дамуының жай-күйі егжей-тегжей қарастырылды. Нәтижесінде қала тұрғындарының барлығына тұрғын жайына бірдей жайлы орта қалыптастыру керек деген ұсыныс қабылданды. Бұдан бөлек, Қоғамдық кеңестің жоспарына сай, жүйелі түрде қалалық басқармалардың есептері тыңдалады. Бұл да қоғамдық маңызды құралдардың бірі. Өткен жылы біз осындай 12 есепті тыңдадық. Бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалғанын, жұмыстардың жоспарға сәйкес орындалған-орындалмағанын немесе ауытқулардың бар-жоғын зерделейміз. Осы мақсатта мониторинг пен сараптама жүргізіп, нақты ұсыныстар әзірлейміз. Сонымен қатар қаланың қоғамдық кеңістіктерін дамыту сияқты маңызды мәселелер қаралды. Осы жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық орындардың сапасы жақсарып, жоспардан ауытқулар түзетілді және бюджет қаражатының тиімділігі артты. Мысал ретінде алысқа бармай-ақ, Астана қаласы әкімдігі маңында соңғы уақытта жасалып жатқан қоғамдық кеңістіктерді айтуға болады. Бұл нысандарға қарапайым халықтың өзі оң бағасын беріп, алғысын білдіруде. Сондай-ақ мектеп инфрақұрылымына қатысты мәселелер назардан тыс қалмайды. Бұрын «Жайлы мектеп», қазір «Келешек мектептері» аясында жаңа білім беру нысандары жыл сайын көптеп салынып жатыр. Алайда кей жағдайда мектеп ғимараты салынғанмен, оған апаратын жол мәселесі назардан тыс қалып жатады. Жаз мезгілінде бұл аса байқалмағанмен, көктем мен күзде, әсіресе жаңбырлы уақытта, балалар мектепке балшық кешіп баруға мәжбүр. Осындай мәселелер туындағанда біз тиісті органдарға жүгінеміз. Мысалы, Құрылыс басқармасы өз міндетін тек мектеп салумен шектейді, жол мәселесін басқа мекеме құзыретіне жатқызады. Ал жол құрылысына жауапты басқармалар кейде бұл өз міндетіне кірмейтінін алға тартады. Осындай жағдайда біз екі тарапты бір үстел басына жинап, өзара үйлестірудің қажеттігін көтереміз. Қоғамдық тыңдаулар барысында бұл мәселелер ашық айтылып, нақты ұсыныстар беріледі. Соның нәтижесінде соңғы уақытта мемлекеттік органдар арасындағы өзара үйлесім жақсарып келе жатқанын байқауға болады. Нақты уәждер мен жүйелі ұсыныстар арқылы басқармалар тиісті шараларды қабылдап, мәселелерді шешуге бет бұруда. Бұл – қоғамдық бақылаудың тиімділігін көрсететін қарапайым мысал.
– Ұсыныс орындалмай қалып жататын кездер де бола ма? Оны қалай бақылайсыздар?
– Кеңес бұрын берілген ұсыныстардың орындалуын тұрақты түрде тексеріп, есептерді тыңдау барысында нақты нәтижелерді талап етеді. Оған дәлел ретінде қаламыздағы №3 жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысын айтуға болады. Жобаны жүзеге асыру барысында түрлі қиындық туындады: бір кезеңде қаржыландыру тоқтап қалды, кейін пандемияның әсері өз ықпалын тигізді. Осындай күрделі жағдайда Қоғамдық кеңес бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, тұрақты түрде назарда ұстады. Нәтижесінде жоба толық іске қосылып, пайдалануға берілді. Осы тұрғыдан алғанда, біз тек ұсыныс берумен шектелмей, нақты нәтижеге қол жеткізуге де атсалыстық деп айтуға болады. Әрине, заң бойынша Қоғамдық кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта. Дегенмен «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға сәйкес, біз ұсыныс берумен қатар мемлекеттік органдардан 10 күн ішінде кері байланыс алуға құқылымыз. Яғни ұсыныстардың қалай жүзеге асып жатқанын бақылап, ресми жауап талап етеміз. Өйткені айтылған мәселе бақылаусыз қалса, оның нәтижесі де болмайды. Мысалы, сіз өзіңіз де қатысып жүрген Астана қаласы бюджетінің орындалуы туралы есептерді тыңдауды алайық. Жыл сайын біз әкімдік басқармаларына нақты сұрақтар қойып, бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді игерілгенін талқылаймыз. Келесі есеп барысында өткен жылғы хаттамаларды көтеріп, бұрын айтылған ұсыныстардың орындалуын сұраймыз. Осылайша, әрбір мәселе жүйелі түрде бақылауда болып, нақты жауапкершілік талап етіледі.
– Өңірлік Қоғамдық кеңестермен байланысыңыз қандай?
– Біз өңірлік Қоғамдық кеңестермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мысалы, республикалық деңгейде Қоғамдық кеңестердің Үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған. Өткен жылы мен осы орталықтың тең төрағасы болдым. Осы алаң арқылы республика бойынша 250-ден астам Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Үйлестіру орталығында аймақтардағы Қоғамдық кеңестерде қандай мәселелер бар, заңнамаға қандай өзгерістер енгізу қажет, т. с. с. мәселелердің бәрін талқылап, оларды жетілдіру бағытында ортақ жұмыс атқарамыз. Қазір аталған Үйлестіру орталығын республикаға белгілі, беделді, мемлекетшіл тұлға Сәлімбай Егембердіұлы Шүнеев мырза басқарады. Ол кісі де осы бағытта тынымды істер жүргізіп отыр. Бұдан бөлек, Қоғамдық кеңестердің әр 3 жыл сайын өтетін ірі жиыны – мәжіліс бар. Соңғы Қоғамдық кеңестердің мәжілісі өткен жылы Астанада өтті. Онда әр өңірден келген өкілдер баяндама жасап, тәжірибе алмасты. Кейбір өңірлер өздеріндегі шешілмей жатқан мәселелерді көтеріп, Астананың тәжірибесіне жүгінеді. Біз өз кезегімізде тәжірибемізбен бөлісіп, нақты ұсыныстар мен бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Сонымен қатар Қосшы қаласы, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Қоғамдық кеңестермен тығыз қарым-қатынастамыз. Ортақ мәселелерді бірлесіп шешеміз. Соның бірі – Астана агломерациясын дамыту. Астана маңындағы елді мекендерді қала дамуымен үйлестіру – маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты 2026-2030 жылдарға арналған Астана қаласының даму жоспары Қоғамдық кеңесте талқыланып, агломерацияны дамыту бойынша нақты ұсыныстар енгізілді.
– Биыл Қоғамдық кеңестің құрылғанына 10 жыл толды. Осы орайда назарға алып отырған жоспарларыңыз бар ма?
– Қоғамдық кеңестің 10 жылдығы аясында біз арнайы іс-шаралар жоспарын алдын ала құрып қойдық. Бұл жоспарда қала және ел деңгейіндегі ірі жобалар мен маңызды оқиғаларға белсенді қатысу көзделген. Мысалы, жақында өткен референдум барысында біз жоспарға сәйкес белсенді атсалыстық. Ал биыл Астанада жаңа емханалар мен мектептер ашылмақ, сондай-ақ басқа да нысандар іске қосылады – осының барлығына Қоғамдық кеңес мүшелері қатысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» шарасы аясында өтетін жалпыхалықтық сенбілікке де белсенді қатысу ниетіміз бар. Осыған орай, бізге арнайы аумақ бөлінсе, сол жерге ағаш отырғызып, оны күтіп-баптауды өз мойнымызға алуды жоспарлап отырмыз. Бұл – 10 жылдық аясында қалатын нақты бір белгі болсын деген ниет. Бұдан бөлек, жыл соңында Қоғамдық кеңес жұмысына ерекше үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған қорытынды іс-шара өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ кеңестің 10 жылдық тарихын жинақтап, арнайы кітап шығару да көзделіп отыр.
Атам қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген тамаша қанатты сөз бар. Сондықтан елорданың дамуына бір кісідей атсалыссақ, айбыны асқақтап, әлемдегі ең көрікті де тартымды қалаға айналатынына сенімім мол.
Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



