©2020 Астана Ақшамы
АҚЫНДЫ АРДАҚТАДЫ
Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Астанадағы гастрольдік сапары барысында халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 110 жылдық мерейтойына орай Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрында «Нұрхан» драмасын көрермен назарына ұсынды.
Режиссер Сәлима Тасеменова сахналаған Серік Тұрғынбекұлының бұл туындысы Нұрхан ақынның өмірінен сыр шертіп, өткір поэзиясы мен үздік айтыстарын да қамтиды. «Нұрханның көзін көрген адаммын. Оған еліктеп өстім. Ол жалғыз менің ғана емес, Торғайдың киелі топырағынан шыққан Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбековтердің де ұстазы. Ауыз әдебиеті мен бүгінгі жазба өлеңнің алтын көпіріне айналған, Кенесарының батырларын жырлап, аштық туралы дастан жазып, шығармашылығының азабын тартқан тұлғамыздың өмірін көрсету көңілімде жүргеннен кейін осы тақырыпта қалам тербедім» дейді автор.
Оның айтуынша, 1980-2000 жылдары аралығында жазылған пьеса – ақынның өмірі ғана емес, тұтас бір өлкенің тарихы. Қойылым соңында сахна төріне Нұрхан ақынның ұрпақтары шығып, басты рөлді сомдаған Орынбасар Қойбағаровқа
алғыс айтты.
Мәдина ЖАҚЫП