Басты ақпаратМәдениет

Көрермен көзқарасы қымбат

Театр – тәрбие ошағы. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының тыныс-тіршілігін білу мақсатында ұжым директоры Ербол Хабылбековпен тілдескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Сіз үшін табысты спектакльдің негізгі өлшемі не: көрермен саны ма, сыншылар бағасы ма, әлде уақыт сынынан өтуі ме?

– Мен үшін сыншылардың бағасы, көрермендердің көзқарасы да қымбат. Дәлірек айтқанда, театр тірі организм ғой, сол үшін тікелей көрерменге жұмыс істейді. Халық өз бағасын береді. Бірақ арнайы мамандар сыншылар, сарапшылар театрда болуы керек. Әр аптаның сейсенбісінде міндетті түрде үлкен жиналыс өткіземіз. Барлық мамандарды кезекші сайлап, өткен спектакльдің сынайтын жерін сынап, тексеріп отырамыз. Бұл  – қойылымға қиянат жасау емес, керісінше жүйелі түрде жүріп жатқан спектакльге баға беру. Бұдан бөлек маған басшы ретінде көптеген хаттар келіп түседі. Сол хаттарға жауап беріп, көрермендермен пікір алмасып отырамыз. Сонымен қатар жылына бір рет «Қаллеки тынысы» деген ішкі фестивалімізді ұйымдас­тырамыз. Мұнда да арнайы ұстаздар мен профессорларды, сыншыларды шақырамыз. Өнер саласында жүрген майталмандар қойылымды көріп, өз бағаларын береді. Біз үшін ең бағалысы – сыншылар мен көрермендердің пікірі. Яғни сынды да қабылдаймыз және содан нәтиже шығарамыз.

– Жаңа буын көрерменді театр­ға тарту үшін дәстүрлі сахналық формадан қаншалықты алыстауға дайынсыз?

– Жастарды тарту мақсатында күшті әрине, алдымен соларға саламыз. Олар заман талабына сай дүниелер көргісі келеді. Осы тұрғыда белсене қызмет етуге тиіспіз. Жас көрермендер көптеп келеді. Музыкалық кештер немесе лирикалық қойылымдарға жастардың келуі көңілге қуаныш ұялатады. Келіп қана қоймайды, олар талқыға салады, өз пікірлерімен бөліседі. Ойларын ашық айтады. Біз қай көрерменді де шектен тыс мәжбүрлеп театрға тартпаймыз, олардың ой-саналары қалыптасқан, ерікті түрде келіп жатады. Театрда әр түрлі бағытта қойылымдар қойылып жатқаннан кейін барлығына баланс жасауға тырысамыз. «Бопай ханым», «Жошы ханның» өз көрермендері бар. «Шеңбер» сынды лабораториялық қойылымдар бар. Десек те әлемдік классикаларды да ұмыт қалдырған кезіміз жоқ.

– Театрды тек өнер ордасы емес, қоғамдық пікір қалыптастыратын алаңға айналдырудың қаншалықты қажеті бар?

– Театр саясаттан алыс болуы керек. Ол менің азаматтық пікірім және де басшы ретінде де айтарым, театрдағы қойылымдар саяси пікірталас тудырмау керек деп есептеймін. Театр өнерді дәріптеу керек. Дәстүрді, ұлттың құндылықтарын ұсына отырып, халыққа жұмыс істеуі керек. Халықтың сана-сезіміне өнермен ғана сілкініс жасап, сол арқылы баурау, баулу керек деп ойлаймын. Руханиятпен рухтандыру қажет. Сонда ғана өз миссиямыздың орындалғаны болар еді.

– Қазіргі қазақ театрына қандай тақырыптар жетіспейді?

– Қазіргі таңда қазақ драматургтерін қолдауымыз қажет. Олардың жаңа қойылымдарын іздеуіміз керек. Неге мен мұны айтып отырмын, өйткені өзіміздің эпостарымыздан бастап, насихаттап отырмыз. «Қыз Жібек» пе, «Еңлік-Кебек» пе, қайсысын айтсақ та барлығы сахнадан түскен емес. Түспейді де… Кеше ғана өмірден өткен Әкім Тарази, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков сынды классик тұлғаларымыздың шығармаларын жиі насихаттап, олардың сүбелі дүниелерін жастарға ұсынып отырсақ, жөн болады. Аты аталғаны бар, аталмағаны бар, классиктер көптеген тақырыптарды қамтып кеткен. Тек сол шығармаларға жан салуымыз керек. Ал қазіргі жастардың заманауи дүниелері де қамтылып отыруы қажет-ақ. Олар да өз қал-қадірлері жеткенше кез келген тақырыптарды қамтып отыр. Сондықтан қазір бұл біздің театрға аса күрделі мәселе деп айта алмаймын. Ал жаңағы сөз басында тілге тиек еткен «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек» қойылымдары жас көрермендер үшін ертегіге айналып бара жатқаны жасырын емес. Қазір ұлттық бағытта жұмыс жасау үшін министрлікте толық мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан тер төгіп жұмыс істеу ғана қалды, барлық авторлармен байланыс үзілген жоқ.

– Театрдың халықаралық аренада танылуы үшін қандай нақты қадамдар жасалып жатыр?

– Театр халықаралық аренаға шығу үшін басшы продюсер болуы керек. Ондай қабілетің болмаса, халықаралық деңгейде жұмыс жасай алмасаң үлкен сын болады. Мұндай үлкен жобалардан ешуақытта сырт қалып көрген емеспін. Қазақ өнерін шетелге шығарып, оған көрермендер тарту жұмысы о бастан жалғасып келеді. Өз өнерімізді дәстүрімізді, салт-жоралғымызды шетелге таныту бағытында көптеген жұмыстар жүргізілді. Былтырғы жылы біраз елдермен жұмыс жасалды. Оңтүстік Кореямен, Қытаймен, Ресеймен тағы да басқа елдермен тығыз байланыс орнаттық. Шетелдік мамандарды да өзімізге алдырып тәжірибе алмастық. Шетелдік қонақтар өз қойылымдарын қазақ көрермендеріне ұсынды. Біз сол елдерге барған шақта да көрермендер қазақ өнеріне тәнті болды. Жақында Франциядан қонақтар келеді. Соған қамданып жатырмыз. Бұл үрдіс жыл сайын жалғаса береді. Қазірдің өзінде елшіліктермен сөйлесіп, келісім жұмыстарын жүргізудеміз. Нәтижесіз болмайды деп есептеймін. Халықаралық деңгейде өнер көрсетеміз, көрсете білеміз. Бұл – біздің тәжірибеміздегі бар дүние.

 Сұхбаттасқан

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button