Елордада бестемшеден өңірлік жарыс өтті

Бүгін Астана қаласы Білім басқармасының «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, «Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы» РҚБ мен Астана қаласы әкімдігінің №69 «Еркем-ай» балабақшасы бірлесе отырып, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Бестемше» ұлттық ойыннан өңірлік жарысты өткізді.
Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова, қалалық Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің өкілдері, «Тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы» РҚБ президенті, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев, елордадағы және өңірлердегі балабақшалардың меңгерушілері, жарысқа қатысушылар қатысты.

«Бестемше — қазақ халқының зияткерлік ойыны, төрт мың жылдан бері бізде ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатын ерекше рухани мұрамыз. Солтүстік өңірлер бойынша «Бестемше» жарысы биыл үшінші рет, ал Астана қаласында бесінші рет өткізіліп отыр. Сол жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері осы жарысқа қатысуда. Мұның №69 «Еркем-ай» балабақшасында өтуінің өзіндік сыры бар. Бұл балабақша бестемшені дамытуды ғылыми тұрғыдан жолға қойған. Жуырда бұл ойын жөнінде осы балабақша ұжымы дайындаған кітап шықты. Жалпы олардың тәжірибесі осы жарыста таратылады. Биылғы жарысқа алдында қатыспаған облыстардың ойыншалары қосылып отыр. Бұрын бізде Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарынан келгендер қатысса, биыл Ұлытау және Абай облыстарынан да командалар келді. Жарысымыздың ауқымы кеңейді. Сондықтан келесі жылы республикалық деңгейде жарыс өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде жеңімпаздарға Түркияда өтетін халықаралық этноспорт олимпиадасына жолдама береміз» деді Мақсат Шотаев.
Жарыс барысында №69 «Еркем-ай» балабақшасының меңгерушісі Марал Ахметова және балабақша қызметкерлері Анар Таждинова мен Нәзира Жолымбетова дайындаған «Бестемше – зияткерлік ойыны» әдістемелік құралының таныстырылымы өтті.
«Бұл әдістемелік құралға патент алдық. Алда осы кітапшаны түрік және ағылшын тілідеріне аударамыз. Өйткені осы кітапша авторларының бірі, балабақшамыздың қызметкері Анар Таждинова Чехияда өткен жарысқа қатысып, жеңімпаз болғанда сол жерде бестемшенің әдістемесі бар ма деп сұрағандар болды. Сондықтан ағылшын тіліне аударып, барған шетелдерде таратып отырамыз. Ал Түркия – бауырлас ел болғанымен қатар қашаннан біздің әріптесіміз» деді №69 «Еркем-ай» балабақшасының меңгерушісі Марал Күлкенқызы.
Жарысқа Астана қаласы мен өңірлерден 100-ге жуық бала қатысты. Соның бірі – Екібастұз қаласынан келген 6 жасар Дінмұхаммед Кәрімов.
«Астанада жарыс өтеді дегенді естіп, бас қалаға келдік. Ұлым Дінмұхаммедтің бестемше ойынымен айналысқанына бір жыл болды. Бұл — тоғызқұмалақ деген ұлттық ойынымыздың бір түрі ғой. Ол баланың логикасын, математикалық білімін дамытады. Баламның өзі бестемшеге қатты қызықты. Екібастұзда өткен қалалық жарыстан екінші орынды жеңіп алғаны да бар» деді әкесі Азамат Кәрімов.
Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданындағы «Балауса» бөбекжайының меңгерушісі Гүлсара Сыздықова осы жарысқа бөбекжай тәрбиеленушісі 5 жасар Алдияр Амангелдіні алып келді.
«Біздің бөбекжайда осы бестемше бойынша жобамыз бар, үйірме ашылды. Бұл жоба бойынша бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Бестемше үйірмесіне 150 баладай қатысады. Жалпы бөбекжайымызда 3 мектепалды тобы, 2 ересектер тобы бар. Солардың бәрі, жалпы 150 баладай бестемше үйірмесіне қатысады» деді Гүлсара Садыққызы.
Аманғали Қалжанов



