Қоғам

Елордалық боксшылар Азия чемпионы атанды

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында бокстан ерлер арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері аяқталды. Ел намысын қорғаған астаналық боксшылар Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті алтын медальдар салды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айбек Оралбай (+92 кг) финалда Қытай өкілі Данабек Байқоңыспен кездесіп, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Осылайша, отандасымыз ересектер арасындағы құрлық біріншілігінде үшінші рет алтын жүлде иеленіп отыр.

Ұлан-Батырдағы жарыста ол финалға дейін сенімді өнер көрсетті: ширек финалда Өзбекстан боксшысы Арман Махановты, ал жартылай финалда Түрікменстан өкілі Довлет Исламовты жеңді.

Ал 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Астана қаласының спортшысы Нұрбек Оралбай (85 кг) финалда өзбекстандық Жасурбек Юлдошевпен қолғап түйістірді.

Астана қаласының әкімдігі

Оралбай жекпе-жекті сенімді бастап, алғашқы раундты 5:0 есебімен өз пайдасына аяқтады. Екінші раундта да басымдық танытып, жеңіске бір табан жақындай түсті.

Нәтижесінде Нұрбек төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Осылайша елордалық былғары қолғап шебері алғаш рет Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Айта кетейік, Нұрбек бұған дейін 2022 жылы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған.

Турнир қорытындысында Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатын 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен аяқтады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button