Белсенді зейнеткерлердің арт-терапиялық өнері
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында арт-терапия бағытындағы үйірмелер кеңінен дамып, зейнеткерлердің бос уақытын тиімді, әрі мазмұнды өткізуіне зор мүмкіндік беруде. Бүгінде Орталықтың барлық аудандық бөлімдерінде әлеуметтік-еңбек бағытында 500-ге жуық зейнеткер дәріс алса, оның ішінде 50-ге жуық қария ағаш өңдеу үйірмесіне тұрақты түрде қатысуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Орталықтағы ең белсенді қатысушылардың басым бөлігі – әйел зейнеткерлер. Олар қолөнерге ерекше қызығушылық танытып, арт-терапия, сурет салу, кескіндеме, «Тігін әліппесі», «Құм терапиясы», ағаш шеберлігі, «Егде жастағы киім үлгісі», «Кілем тоқу», пэчворк және «Шеберлер» клубы секілді түрлі бағыттағы үйірмелерге белсене қатысады.

2024 жылдан бастап Байқоңыр ауданында «80+ Әжелер» клубы жұмыс істеп келеді. Бұл клуб зейнеткерлерге ерекше орта қалыптастырып, олардың өмірлік тәжірибесімен бөлісуіне, шығармашылық қабілетін дамытуына жол ашты. Клубтың тұрақты құрамы аптасына бір рет жиналып, ұлттық нақыштағы киімдер мен қолөнер бұйымдарын дайындайды. Атап айтқанда, олар шапан, кимешек, қамзол, сөмке, белдемше, сәнді орамал, құрақ жастық пен панно бұйымдарын өз қолдарымен жасап, жастарға үйретуде.
Сонымен қатар, Байқоңыр ауданында арт-терапия үйірмесінің жетекшісі Альфия Чернятевичтің бастамасымен зейнеткерлер киім пішу мен тігу өнерін меңгеріп, ұлттық киім үлгілерін насихаттап, дефиле көрсетілімдерін ұйымдастыруда. Олар «80+ Sheber Shop» әлеуметтік жобасы аясында өз бұйымдарын көрмелер мен қалалық жәрмеңкелерде ұсынып, табыс табуға да мүмкіндік алып отыр.

Ал Сарыарқа ауданында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында ісмер әжелер мектеп оқушылары мен студент жастарға шеберлік сабақтарын өткізуде. 30-дан астам кездесу барысында олар тігіншілік өнердің қыр-сырын үйретіп, әсіресе 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында сұранысқа ие мамандықтарды насихаттауға үлес қосты. Бұл сабақтар жоғары сынып оқушылары үшін кәсіби бағдар беруде маңызды рөл атқарды.
2025 жылдың тамыз айынан бастап орталықтың Алматы ауданындағы филиалында ағаш өңдеу үйірмесі де өз жұмысын бастады. Үйірмеге тәжірибелі ұста Шахмұрат Абдығалықов жетекшілік етеді. Қатысушылар мұнда табақ, ожау, кесе, қасық, домбыра, қобыз, сазсырнай секілді ұлттық бұйымдарды жасауды үйренуде. Ағашпен жұмыс істеу зейнеткерлер үшін тек қолөнер емес, сонымен қатар тынығудың, көңіл-күйді көтерудің тиімді тәсіліне айналған.

Сабақтар аптасына үш рет өткізіледі, ал барлық үйірмелерге қатысу зейнеткерлер үшін тегін. Бұл бастамалар аға буын өкілдерінің белсенді өмір сүруіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға зор үлес қосып отыр.
Қолөнермен айналысу егде жастағы адамдар үшін өте пайдалы, әрі маңызды іс. Ол тек уақыт өткізу құралы ғана емес, адамның денсаулығы мен көңіл-күйіне оң әсер етеді.



