Басты ақпаратСұхбатҰлт ұпайы

Этноархеология – тарихтың алтын кілті

Этнография – өзінің аты білдіріп тұрғандай этносты, яғни халықты, ұлтты бір сөзбен айтқанда, халықтың рухани және заттық мәдениетін зерттейтін ғылым. Ал этноархеология ғылымы – археология мен этнография арасын жалғастырушы. Қазақ этнографиясының тамырын іздесек оны түркі, сақ дәуірінен көреміз. Немесе керісінше қазба барысында табылған дүниелерді түсінуде, маңызын ашуда қазақтың этнографиялық дүниелеріне арқа сүйейді. 

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты Этноархеология тобының жетекшісі Орынбай Ошанов – этнография мен этноархеологияның біріккен саласының маманы. Этноархеологияның этноспен яғни қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетімен байланысы туралы ғалымнан сұрап білген едік.

Жалпы этноархеология жеке ғылыми зерттеу бағыты ретінде шетелдерде (Америка, Еуропа) ХХ ғ. 60-70 жж. кеңінен тарап, әртүрлі бағытта дами бастайды. Англо-америкалық археологтар этноархеологияны «іс-қимыл археологиясы» және «тірі мәдениет» деп анықтама береді. Олар «тірінің» «өлі» мәдениетке айналу процесінің заңдылықтары мен механизмдерін қадағалау арқылы біртұтас тарихты жасауға тырысады. Яғни олар белгілі бір этностың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін бақылап, зерттей отырып көне заманмен салыстырады. Басқаша айтқанда, этнографиялық мәдениетті археологияға айналдырады.

Біздің (Қазақстан) жағдайымызда этноархеология бағыты өзгешелеу. Біз англо-америкалық «өліні» «тіріге» айналдыру (немесе керісінше) әдісін қабылдай алмаймыз. Өйткені қазақ ұлты кешегі көшпелі өркениетті жалғастырушы ұрпақ болып табыламыз. Мысал ретінде айтсақ, ғасырлар қойнауындағы сақ мәдениеті мен бүгінгі біздің арамызда үзіліс жоқ. Яғни сақ заманының тарихын «өлі мәдениетке» жатқызбаймыз. Түркі-моңғол халықтарының бірі ретінде бізде сол көшпелі өркениеттің дәстүр жалғастығы сақталып келеді. Біз – сол ортаның төлтума мәдениетін алып жүруші халықпыз.

– Бұл қазіргі заманғы архео­логиялық, этнографиялық және тарихи зерттеулердің қажеттіліктерінен туындайтын сала ретінде ғалымдар үшін қаншалықты маңызды, ғылыми жұмыстары қалай бағаланады?

– Этноархеология – тарих ғылымы үшін өте қажетті бағыт. Қазақ тарихының бастауы қола және сақ дәуірлерінде жатыр десек, ал олардың шешуі кілтінің бірі қазақ этнографиясында жатыр. Өйткені сақ және түркі дәуірлерінен қалған тарихи мұраларды, заттық ескерткіштерді түсінуде қазақ халқының мәдениеті, яғни заттық және рухани мұралары өте маңызды рөл атқарады. Осы тұста бізге этноархеология саласы қажет. Өйткені этноархеология – археология мен этнография ғылымдарының ұштасқан жерінен туындайды.

Отандық тарих ғылымы қазақ тарихына тереңдеген сайын қордаланған жайттар көптеген сұрақтарда бірлесе шешуді қажеттілігі айқындалып келеді. Дәл осындай жағдай археология саласы алдында туындап отыр. Оның үстіне Қазақстан археологиясы тікелей көшпелі өркениет мұраларын, тарихи жәдігерлерін зерттеуге арналған. Осы тұста археология ғылымының арқа сүйейтін саласы этноархеология болмақ. Бұлар – бір-бірін толықтырып тұратын ғылымдар.

Қазақ археологиясы тек отырықшы қала-жұрттарын ғана зерттемейді. Қазақ археологиясының негізгі дені көшпелі мәдениетті тануға бағытталған. Бірер оба қазу, оның материалдарымен қанағаттану қазіргі археология ғылымы үшін аздық етеді. Қазіргі талап – зерттеу нысанын кешенді қарауды қажет етеді. Бүгінде Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының талабы осы секілді кешенді зерттеулерге негізделген. Әрине, археология жағдайында руды анықтау мүмкін еместігі белгілі, тек бұл жерде қазақ руларының көш жолдары арқылы ерте дәуірлердің өмір дағдысын, тұрмыс-тіршілігін айқындау – басты мақсат. Бұл жерде көмекке тек этноархеология ғана емес, институт қабырғасындағы түрлі лабораториялар да жұмыла қатысады. Қазба барысында табылған заттық дүниелер, антропологиялық немесе зоологиялық материалдар барлығы институт лабораторияларына түседі. Ешқандай материал сарылып жатып қалмайды.

Ресми түрде этноархеология тобы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтында 2024 жылдың қаңтар айында құрылды. Жалпы этноархеология саласы біздің институтта кездейсоқ ашылған жоқ. Бұл – заман талабы, әрі біздің институтта оның алғышарттары мен негізі ертеден қаланған-тын. Біз ­Ә.Марғұланды қазақтан шыққан тұңғыш археолог қана емес, сонымен бірге этноархеолог ғалым ретінде танимыз. Академик өзінің зерттеулерінде (бөліп жарып этноархеология деп айтпаса да) бүгінгі біз этноархеология деп жүрген бағытты қоса қамтып, қазақ даласының ескерткіштерін ұлттық негізде қарастыруға тырысқан.

– Күні кеше ғана өткен адамдардың өмір сүрген жерінің ерекшеліктері, жайлауы мен қыстауы да өткен тарихты барлаудың маңызды тұстары ма деп айтуға бола ма?

– Мысалы, Жетісу жерін алатын болсақ, ХІХ ғ. қазақ пен сақ кезеңдерінің көш жолдарының еш айырмашылығы жоқ. Екеуі де қысты Іле бойында өткізсе, жазғы мекендері Іле Алатауының үстіндегі жайлауда болды. Яғни вертикальді көш түрі. Іле Алатауында қыстаудың екі түрі бар. Бірі – Іле бойына көшу болса, екіншісі – тау ішінің күнгей бетін қысқы тұрақ ретінде пайдалану. Екінші түрге Таушелек (Саты, Көлсай), Қастек жерлері жатады. Бұл жерде мекендеуші қазақ рулары жазда тау үстінде, күз бен көктемде тау бөктерлері немесе ашық жазыққа шықса, ал қыста таудың күнгей беткейін жайлаған. Тиісінше бұл қазақ руларының зират, қорымдары тау ішіндегі аңғарда немесе шыға беріс бөктерлерде орын тепкен. Дәл осы жерде қазақ қорымдарымен қатар сақтардың обаларын көруге болады. Таушелекте сақтардың обаларын қазу кезінде ғұндардың обаларын кездестірдік. Міне, бұл жайттардың барлығы көшпелі тұрмыс-тіршілік жағдайында бәрі тұрақты, қоршаған табиғат үстемдігімен өмір кешетініңізді, табиғат жағдайына бейімделу барысында, бәрібір сол көне сорапқа түсетініңізді көрсетеді. Өйткені далада бәрі тұрақты. Сіз көшпелі болғандықтан, табиғатқа тәуелдісіз. Шаруашылығыңызды, тұрмыс-тіршілігіңізді сол ортаға сай бейімдейсіз. Сізге табиғат өктемдік етеді. Сондықтан ғасырлар бойы көшпелілердің мезгілдік қоныстары еш өзгерген жоқ. Әр өлкенің шаруашылығы өзінің микроклиматына сай қалыптасты. Сол себепті ХІХ ғ. қазақ көштері немесе ортағасырдағы көштердің еш айырмашылығы жоқ. Сол ғасырлар бойғы қалыптасқан көш жолына түсіп отырады.

Тек мынаны естен шы­ғармаған жөн. Тарихта көшпе­лілердің маусымдық көш жолының екі түрін көруге болады. Бірі – халықтың империялық (Түркі қағанаты, Алтын Орда) немесе бейбіт уақыттағы, яғни әл-ауқатының қуатты (мыңғыратып мал айдаған) кезеңіндегі көші-қоны болса, екіншісі – дағдарыс (жаугершілік уақыт, жұттан кейін) кезеңіндегі көші-қон. Империялық кезеңде көшпелілер абсолютті көш жолдарын бағындырады. Мысалы, жаппас (Кіші жүз) пен қыпшақ (Орта жүз) рулары қыста Сырдың сол қабағы Қуаңдария бойын мекендесе, жазда бүгінгі Ресейдің Челябі, Троицк қалалары тұрған жерге дейін көшіп барып жүрген. Яғни, жайлау мен қыстаудың аралығы 2 мың шақырымға жуық. Жұттан кейін бәрі жағдайға байланысты. Мал басыңыз шектеліп қалғандықтан, сізге алысқа көшудің қажеті жоқ. Қыстауыңыздың маңайы, немесе 50-100 км радиус жетіп жатыр дегендей. Ал жаугершілік уақытта барлығы мәжбүрлі түрде іске асады (іргедегі жаудан қауіптеніп қыстауыңызға немесе жайлауыңызға бармау; ата-жұртыңнан қоныс аудару және т.б.). Сондықтан тарихты зерттеу барысында бұл жайттарды үнемі назарда ұстаған жөн.

– Этноархеология соңғы екі ғасырларда өмір сүрген тұлғалардың есімімен байланысты жерлерді қазуда жаңалықтар ашу мүмкін бе? 

– Егер дәстүрлі қоғам, дәстүрлі салт-сананы зерттеймін десеңіз, белгілі тұлғалардың тұрғын-жайы немесе кесенесіне қарағанда қарапайым адамдардікі сізге көп әрі құнды информация береді. Өйткені белгілі тұлға, бай-манап немесе хан тұқымы болсын, олар – жаңашыл адамдар. Әл-ауқаты, жағдайы мүмкіндік беретіндіктен іргесіндегі елдердің үрдістерін, дүниелерін пайдаланады. Мысалы, ХІХ ғасырда Ұлытауда өмір сүрген аға сұлтан Ерден Сандыбайұлын алайық. Ерденнің қыстауы – жаңаша үлгідегі тұрғын-жай. Ол Атбасар, Ақмола қалаларындағы тұрмысқа еліктеп, өзіне ағаштан едені бар төрт бөлмелі үй, есік алдында моншаға дейін салдырады. Ерденнің мазары Ұлытаудағы Алтын Орда кезеңінің кесенелеріне еліктеп қызыл кірпіштен күмбездетіп соғылған. Келесі қырынан қарайтын болсақ, Ерденнің және оның ағасы Дүзеннің мазарлары – Ұлытау-Торғай өңіріне жаңаша үрдістің пайда болуына серпін берген ескерткіштер. Олар Алтын Орда ыдырағаннан кейін Ұлытауда 300-400 жылдай үзіліп қалған күмбезді-порталды мазарлардың қайта пайда болуына тікелей әсер етеді. Мен ХІХ ғ. пайда болған бұл үрдісті «Ұлытау – Торғай ренессансы» деп бағалаймын. Қазір Ұлытау мен Торғай даласында жүздеген кесене, мазарлар бой көтеріп тұр.

Ал қарапайым халық өкілінің қыстауы дәстүрлі көне мәдениеттің жалғасы болып табылады. Кейде қазақ қыстауларының іргетасының қырынан қойылуы қола дәуірі немесе сақ кезеңінің құрылыс техникасын қайталайтындағы таң қалдырады. Сондай-ақ бүгінде белгілі жайт, қазақ қыстауы тұрған жерден қола дәуірінің, кейде сақ кезеңінің мекені де анықталып жатады.

Ал мерзімдік көш-қон тұрғысынан келетін болсақ, этноархеологияда төрелердің, бай-шонжарлардың жайлаған жерлері өте маңызды маркер. Олар қолы жеткендіктен даладағы ең шұрайлы жерлерді, жайлы қоныстарды иеленеді.

ХІХ ғ. ауқатты адамдардың қонысы арқылы біз ерте дәуірлердегі билеуші әулеттердің жайлаған жерлерін анықтай аламыз. Дәл сол Ерден қоныс­танған Ұлытауды мысалға алсақ, ортағасырда ол аймақта Жошы хан, одан ертеде түркі дәуірінің ақсүйектері жайлаған. Оған Ұлытауда бой көтеріп тұрған әр кезеңнің сәулет ескерткіштері куә. Сол сияқты, бүгінгі Алматы облысының Нарынқол, Кеген және Ұйғыр ауданы жерлері Шағатайдың (Шыңғыс ханның ұлы), одан кейін қазақ хандары Есім мен Жәңгірдің, кейін жоңғар қонтайшылары Сыбан Раптан мен Галдан Цереннің қоныстары болды. Сондықтан қазақ қыстауларының астынан немесе жанынан көне заманның мәдени қабаты анықталып жатса еш таңғалудың қажеті жоқ. Барлығы көшпелі шаруа­шылық, тұрмыс-тіршіліктен келіп шығады. Сіз жоңғар болып басқа елден келсеңіз де, уақыт өте жергілікті табиғат жағдайына бейімделе келе осы орынға шығасыз.

– Этноархеологиялық зерттеулер нәтижесінде материалдарды жинақтау, сипаттау барысында этнографиялық параллельдер әдісін қолдану қаншалықты тартымды?

– Этноархеология өзінің зерттеуінде бірінші кезекте этнографияның әдістемесімен жүреді. Бұл жерде негізгі рөлді салыстыру әдісі атқарады. Мысалы алып қарайтын болсақ, қазақтың ас беру дәстүрі мен түркі заманының тас мүсін орнату салтында ортақ үндестіктер бары байқалады. Экспедициялық зерттеулер барысында көз жеткізген жайт халық арасында ас өткен жерлер өз алдына топоним ретінде «ошақ» атауымен сақталып келеді. Мысалға, «Ботақан ошағы» (Шыңғыстау), Бектастың ошағы (Торғай), «Ерденнің ошағы» (Ұлытау), «Шегірдің ошағы» (Ұлытау), «Орманбеттің ошағы», «Ербекей ошағы», «Шегетайдың ошағы» (соңғы үшеуі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты) деген секілді атаулармен әлі күнге далада кездесе береді. Яғни бұл жерлер ас арналған марқұмның есімімен аталып қалған. «Ошақ» деп ас кезінде ошақ құрылып, қазан асылған жерлерді айтады. Ерденге ас берілген жерде әлі күнге ошақтың орындары сақталған. Ал осы ас берген жерлерді қарайтын болсақ, бұл алқаптан түркі дәуірінің тас мүсіндерін кездестіруге болады.

Яғни ас беру ғұрпы мен тас мүсіннің арасындағы үндестіктің ең маңызды куәсі, ол –  тас мүсін мен ошақ орнының бір алқапта әлі күнге қабаттаса кездесуі болып табылады. ХІХ ғасырдағы қазақ астары өткен жерлер мен көне тас мүсіндердің жайлауда қатар келуі жайдан-жай болмаса керек. Сондықтан о баста шығу тегі бір болғандықтан, әлі күнге бір-бірін толықтырып тұрған далалық дәстүрлер деп айтуға болады.

Тас мүсіндерінің бірқатарының ХІХ ғасырдағы ас беру орындарымен қатар келуі бұл екі ғұрыптың ерте кездерде біртұтас шара болғанын дәлелдейді. Ал кезінде алқаптың дәл осы тас мүсін иесінің құрметіне «бәленнің ошағы» деп бірнеше жүз жыл аталғаны, меніңше, еш күмән тудырмайды. Сондықтан мұндай жерлердің атаулары келесі өткен Аспен байланысты кезектесіп ауысып отырған.

Осылайша  бүгінгі қазақтың өз жерінде кешегі көшпелі өркениеттің заңды жалғастырушы ұрпақ екенінің бар дәлелін этнография мен археологияның ұштасқан жерінде тауып анықтай аламыз.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button