Өмірге ғашық жүрек

Өмір кейде адамды сынақтың шырғалаңына тастап, оған қарсы тұру үшін қайсарлықтың құрышын ұсынады. Назерке Ермек – сол сынақтарда жаншылмай, қайта жаңа күшпен жарқыраған жан. Оның тағдыры – жай ғана өмірбаян емес, үміт пен табандылықтың әуені.
Назерке бала кезінен-ақ тағдырдың ауыр жүгін арқалап келеді. Ол негізінен 14 жасына дейін өздігінен отыра алған. Бірақ уақыт өте келе ауру аяқ-қолын жансыздандыра түскен. 2018 жылы дем алуы қиындап, ауа жетпей бір жыл бойы тыныс алу аппаратына тәуелді болды. Ауруханада өткен сол күндерін өзі «Ауа жұту мен үшін арман еді» деп еске алады. Дәрігерлер оның өмірден күдерін үзіп, ұзақ өмір сүрмейтінін айтқанда, ата-анасы жас қызды үмітпен қанаттандырды. Әкесінің құшағы, анасының махаббаты қайтадан өмірге ғашық етті. TikTok, Instagram-нан көргенімде, барлық видеосында әрдайым жанында әкесі жүреді. Назерке үшін нағыз қаһарман – әкесі. Қазір сау балаларының өзін тастап кетіп жатқан әкелер қаншама. Бірақ Назеркенің әкесі қызының барлық жағдайын жасап, әрдайым сенім мен қолдау беріп, қасында болады. Осы тұста Назеркеге шабыт пен күш беретін басты нәрсе – жақындарының шексіз сүйіспеншілігі.
«Ата-анам мені жақсы көреді, сол үшін мен де өзімді жақсы көремін» дейді ол. Бұл сөздердің астарында тек махаббат қана емес, өмірдің өзі жатқандай. Ол күн сайын өзіне «Сен сұлусың, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп айтады. Назерке өмірге ғана емес, өзінің арман-қиялына да адал. Алты жыл бойы дауысынан айырылған ол жақында ота жасатып, өз табысы арқылы барлық шығынды өзі өтеді. SMM курсын өткізіп, қаржылық тәуелсіздікке жетті. Оның келесі арманы – үлкен сән салоны немесе киім дүкенін ашу.
Ол жай ғана өмір сүру үшін емес, өзгелерге үлгі болу үшін күресуде. Назерке Ермектің тағдыры тек оның жеке жеңістерінен құралмайды. Дені сау адамдарға былай деп үндеу тастайды: «Сап-сау болып, ештеңе жасамау – жалқаулықтың ең сорақы түрі». Бұл сөздер – оның болмысының айқын көрінісі. Өзі үнемі өмір үшін күреседі, өзгелерге сенім ұялатады. Бұлай деуінің себебі Instagram-парақшасына жазылған кейбір оқырман қарызға ақша сұрайтын көрінеді. Ал Назерке ерекше адам екеніне қарамастан бұл өмірге шексіз ғашық. Мысалы, ол әлемді шарлағысы келеді, өйткені арманы көп және сол үшін әрекет етеді. Назеркенің тағдыры бізге өмірдің кез келген жағдайында сөнбейтін үміттің бар екенін көрсетеді. Бұл үміт – жүрегінде жалын отын жағуға әрдайым дайын жандарға арналған шамшырақ.
Зулмира АУХАТҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті



