«Заң мен тәртіп»: экстремизм мәселелері талқыланды

«Заң мен тәртіп»: Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен экстремизмнің алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласы әкімдігі қалалық Полиция департаментімен бірлесіп, Есіл ауданы полиция басқармасының базасында білім беру ұйымдарының басшыларымен маңызды кеңес өткізді. Жиын кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен экстремизмнің алдын алуға бағытталды.
Кеңеске Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің өкілдері, Астана қаласы Полиция департаменті, қалалық Білім басқармасы, ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшылары, сондай-ақ елорда мектептері мен колледждерінің басшылары қатысты.
Іс-шараны Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы бастап ашты. Ол өз сөзінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік органдар арасындағы жүйелі әрі үйлесімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын айтты.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбында негізгі баяндаманы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің Ювеналдық полиция басқармасының бастығы Әсет Оспанов жасады. Ол жасөспірімдер қылмысының қазіргі ахуалына талдау жасап, оның туындау себептерін атап өтті. Сонымен қатар білім беру ортасында ерте профилактикалық жұмыстарды күшейтудің қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Қосымша баяндамамен Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Әділбеков сөз сөйлеп, елордада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан нақты шаралармен таныстырды.
Кеңес барысында ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де кеңінен қамтылды. «KazDream» IT-holding компаниясының сарапшысы Александр Юрьевич Антипин жастарға теріс интернет-контенттің әсері туралы баяндап, цифрлық платформалар арқылы жасөспірімдердің деструктивті қауымдастықтарға тартылу қаупі артып келе жатқанын атап өтті.
Жиын қорытындысында қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған бірқатар нақты ұсынысын ортаға салды. Іс-шара соңында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, тәрбиелік жұмысты жүйелеу және заманауи профилактикалық тетіктерді енгізу қажеттігі атап өтілді.




