Тасжолдар қалай жөнделді?

Астана қаласында көше-жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен әрі жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Халық санының артуы және көлік ағынының көбеюі жол желісін үнемі жетілдіруді талап етеді. Осыған байланысты елордада жаңа жолдар салу, қолданыстағы көшелерді қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары кең ауқымда қолға алынған.
Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Астана аумағында 14 шақырым жаңа жол салынды. Сонымен қатар 60 шақырым көше орташа жөндеуден өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде елорданың көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 1091 шақырымға жетті. Бұл көрсеткіш қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі саясат жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Былтыр жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – сегіз жолақты Ш.Айтматов көшесінің пайдалануға берілуі. Аталған көше қаладағы негізгі магистралдардың бірі саналатын Тұран даңғылындағы көлік жүктемесін 12 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі көлік қозғалысы біршама реттеліп, кептеліс деңгейі төмендеді. Мамандардың айтуынша, жаңа көлік дәлізі қала ішіндегі ағынды тиімді бөлуге және жол жүру уақытын қысқартуға оң әсер етуде. Сонымен қатар Қ.Қайсенов көшесінен Ұлы дала даңғылына және Бұқар жырау көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы ашылды. Бұл бөлімшеде заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптасып, бағдаршамдар орнатылды, жол белгілері қойылды, жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмай, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта жасалды. Ал Бұқар жырау көшесінен әл-Фараби даңғылына, онымен қиылысқан Жошы хан көшесіне дейінгі аралығы толықтай жаңғырып, сәулеттік және функционалдық тұрғыдан жаңа келбетке ие болды. Д.Қонаев көшесінен Тұран даңғылы бойына, сонымен қатар Қабанбай батыр даңғылына дейінгі бөлімде көлік қозғалысы қайта жанданды. Бұл нысанда жерүсті бөлігіндегі негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жаңа асфальт жамылғысы төселді. Жолақтар сызылып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қажетті белгілер орнатылды. Аталған көшенің ашылуы қала орталығындағы көлік ағынын қайта бөлуге мүмкіндік берді. А62 көшесінің Астана-Қарағанды тасжолынан А91 көшесіне дейінгі бөлігінде де жол-құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қозғалыс жолдың толық ені бойынша қамтамасыз етілді. Бұл бағыт қалаға кіреберіс жолдардың бірі болғандықтан, оның сапалы болуы көлік қозғалысы үшін аса маңызды. Сондай-ақ Қ.Мұхамедханов көшесінде, Ш.Айтматов көшесінен Қорғалжын тасжолына дейінгі жаңа бөлікте көлік қозғалысы ашылды. Қазіргі таңда бұл аумақта абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Күйші Дина көшесінен М.Жұмабаев көшесіне, одан Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігінің құрылысы да толығымен аяқталды. Жоба аясында сапалы жол төсемі салынып, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар автотұрақтар жасалып, жол қозғалысын реттейтін белгілер қойылды. Бұл көше маңындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қатынауды едәуір жеңілдетті. Әйтеке би көшесінен Сығанақ көшесіне және Қ.Мұхамедханов көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта бұл учаскеде уақытша жол белгілері орнатылған. Барлық жұмыс бекітілген жоба-смета құжаттамасына сәйкес жүргізілуде.
Т.Рысқұлов көшесінен Мәңгілік ел даңғылына, сонымен қатар Нұра арнасына дейінгі учаске пайдалануға берілді. Бұл жобаның ерекшелігі – жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қолайлы инфрақұрылымның қарастырылуы. Атап айтқанда, велосипед жолақтары бар кең тротуарлар салынды, заманауи бағдаршамдар мен көше жарығы орнатылды.
Орташа жөндеу аясында Ш.Қалдаяқов көшесінен Тәуелсіздік даңғылына, жалғасқан Арыс көпіріне дейінгі бөлігінде жол жамылғысы жаңарды. Сонымен қатар Ұлы дала даңғылының әл-Фараби көшесінен Жошы хан көшесіне дейінгі және Мәңгілік ел даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскелерінде де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл даңғылдар қаладағы негізгі көлік артериялары болғандықтан, олардың сапалы болуы қозғалыс қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондай-ақ орташа жөндеу жұмыстары Алаш пен Қорғалжын тасжолдарында, Керей мен Жәнібек хандар, А.Герцен көшелерінде, Тәуелсіздік, Абылай хан және Б.Момышұлы даңғылдарының бірқатар учаскесінде толық аяқталды. Жөндеу барысында жол жамылғысы жаңарып қана қоймай, су ағар жүйелері реттеліп, жол белгілері мен таңбалар қайта сызылды.
Қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту аясында қоғамдық көлік жүйесіне де ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылдың күзінде LRT желісі сынақ режимінде іске қосылды. Қазіргі уақытта желі бойында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. LRT толық пайдалануға берілгеннен кейін қолданыстағы автобус маршруттары қайта қаралып, көлік қатынасының тиімділігі артады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, былтыр елордада 5 жаңа автобус маршруты іске қосылды. Ал биыл тағы 8 бағыт ашу жоспарланып отыр. 2025 жылы қала үшін 422 жаңа автобус сатып алынып, қоғамдық көлік паркі 1749 бірлікке жетті. Қазіргі таңда автобустардың орташа қолданылған мерзімі 5,3 жылды құрайды. Соңғы 2 жылда қоғамдық көліктің 48 пайызы жаңарып, қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарды.
Жалпы алғанда, Астанада жүзеге асып жатқан жол-құрылыс және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қаладағы көлік қозғалысын оңтайландыруға, кептелісті азайтуға және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл іс-шаралар елорданың тұрақты дамуына және өмір сапасының артуына өз үлесін қосуда.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



