Басты ақпаратРуханият

Туындылар тылсымы

Жақау, міне, шығармасын бастардағы өзіне ғана мәлім бұлқыныс күйі­нен енді-енді бұлттан аршылған күннің көз қарықтырар сәулесіндей жойқынның ырқына бағынып кететінін сезді де миығынан жымиды. Шыда-а-а, сәл сәт! Қара үзгендей боп, әдетті тайпалысына түседі. Сөз сараланып, сабасымен түйдектеле арналы ағысымен жөңкіледі. Тілден қармақ тасталып, уыз ойдың ең сүбелісі сүзіледі. Сюжет, оқиға түрлене, тылсымдана түйреліп қанжығасына байланып жатады. Көркемдік желісі туған Аралына желкенін құрғандай толқын бұзып, түйсігіндегі ұялаған мың қатпар қазыналы ойларын ауға қармалған балықтай етіп, ақ қағазына топырлата тастай береді, тастай береді…

Енді Жақауды тоқтатып көр! Кеу­десімен көрбілте тосқауылдарды былай ысыра салады. Не түрлі тежегіш кесапаттарың адыра қалады… Өйткені ол жүрек ісіне сенеді, кәсібін біледі, әккі қаламсабы адамзаттың інжу-маржанын іледі. Бүйтпесе, Жақау осы күнгі жарқын жазушы атанар ма? Оқырманының сүйіктісіне айналар ма? Қане, тізіп көрелік, мына шығармалар жазушы өмірінің шұғыласы емес пе?

Бармақ бүгіңіз: «Бөгенауыл балалары», «Алғашқы сабақ», «Шұғылалы шақ» арқылы оқыр­мандарын елең еткізді. Төселе келе тегеурінділік танытқан «Күн ұясы», «Саяқ» («Соғыс ойыны») хикаяттары үшін «Жалынның» дәстүрлі республикалық жастар мен балаларға арналған сыйлығына ие болды. Осы екі шығармасы автордың шашбауын көтере түсіп, өз аттарымен-ақ Жақаудың есімін бажайлап меңзетіп, баяғы «Абай жолы», «Қазақ солдаты», «Ботагөз», «Шұғаның белгісі» секілді дара тағдырлы күй кештірді, абыройын еселеді. Жазушы ныспысын ауызға алмаса да «е-е, бұл Дәуренбековтің дара галереясынан» дегізерлік мадаққа негізделген сыр-сипат иеленді. Оқшау қолтаңба десеңіз де жарасады.

Әрі кеттік: «Ауылым – алтын бесігім», «Бір нәзік сәуле», «Айтыңыз құтты болсын!», «Менің елім – Қазақстан», «Жағалау», «Шағала» секілді өз болмысын ежіктеусіз-ақ айғақтап тұрған дүниелер шеберлік шеңберін лықсыта керіп, шалқарлы айдынға ұласқаны, қандай ғанибет. Тұшындыратын тың белесті туындылар жанашырларын таңырқатпай қоймады. Тіл үйірер зәмзәмді бір ұрттаған пенденің аңсарын тежеу тетігі жоқ шығар. Әдеби әлемі әркелкіленіп, мазмұны мен көркемдігі келістілікпен бедерленген Жақау жазушыдан көксеулі кітаптарын күткендер алаңкөңіл күйге енді. Елеңдеді. Тағатсыздана тыпыршыды. Рухани өміріне қажетті нәрін алуға үміттенді. Күткен кенеледі екен, тапты. Жақау таңырқатты. «Сөз киесі» мен «Ойдауа» сөрелерге кеп жайғасты. Олардың мәйегіне мелдектеген оқырман ықыласында шек жоқтай. Авторға хаттар қарша борады. «Өзіңіз «Ана тілі» баспасын басқарып отырсыз, көптеп шығарып, түкпірдегі ауылдарға жеткізіңізші» деген ақ-адал сұраныс мәселенің байыбына бармаса да жазушының айдынына құмарланып құлаш ұруға ниетті еді. Оқырмандардың ақ тілеу­лі пікір-ұсыныстарына бейқам қарау баспагер-жазушының ғадетіне жат, мемлекеттік тапсырысқа алақан жайып отырса да бір оңтайын табуға құшырланады. Халықтың қажетіне жарап, өтемін өтеп жүргеннен артық не бақыт бар? Бір белгілі асаба «Сіздің кітаптарыңыздағы маржан сөздермен тойшылардың мейірін қандырып жүрмін, аға, қарыздармын!» деп құшағына алсын. Сенер ме, сенбес пе? Жұтқыншағын ойнатып, жегізіп айтсын: «Халықтың тұтастығы – тілегінен, Берекесі – бірлік-білегінен», «Данышпанның сөзі – дәуірлерге дәріс», «Арнасы бітелген дарияны айқаймен арши алмайсың», «Шамшыл адамның шаруасы шашылып бітеді», «Демократияның желкенін түзер жел болғанмен, жүзер кемесі – халық», «Тіл жайында үндеу жазғаннан үзбей жазған пайдалы», «Рухани кеңістік жасау үшін рушылдықты есіктен сығалатпау керек…» Жақау бойы ысынып, байыз таппай қолын көтере басу айтты, өз сөзі өзін мадақ боп қарыды. Ұяты буды. Әсіре көтермеге құнтсыз. Желпініп алған асаба жер тарпып, сөз әуезінің сиқырынан суымай тұр: «Білімді әкім бірлікке шақырады. Білімсіз – ірілікке бас ұрады», «Кек сақтағыш адамның кейпі қашып жүреді», «Қалың елдің құрметіне бөлену үшін, Қалың елдің отымен кіріп, күлімен шығуың керек»… Осы сәт: «Жә, тоқтатыңызшы!» деген дауыс саңқ ете қалды… Асаба күрт тыйылды…

Бұл енді жазушының «Ойдауа»-сынан ғана қойылған скетч­тей сілем еді… Әрі сілтесек ше? Төрт томдық «Таңдамалы шығармалары» ізашарынан соң тағы екі томдық «Таңдамалы» қанаттаса сонарға түсті. Жақау өрісі кеңейіп, көркейіп, келбеттеніп кетті.

Жазушыны жақсы көріп, шығармаларын індетіп оқып, сырттай сыйластығыңды еселеу үшін көп нәрсе қажет емес екен. Ойлантып толғантқан, мұңайтып қуантқан, өмірдің өрт өзегінен күн шуағын себезгілететін серке сөзімен, сергек сезімімен, үзілердей үмітті қайта жалғайтын жүрек лүпілімен баурап алса, жетіп жатады. Сол жазушы – сенікі! Ол сөйтіп оқыр­манның ортақ байлығына айналады. Жалқыдан жалпылық мархабатқа ұласқан абырой-беделі маңдай тердің өтеуіндей боп жазушыны тұлғаландыра түседі. Сөз тылсымы таңдандырады.

Тарихи шындықтың аясында өрбіген халықтық толқулардың кейбір сәттерін «Көктемір» хикаясына өзге қырынан өре білген Ж.Дәуренбеков ғұмырлы шығарма жазып, мықты қарымын дәлелдеді. Сапура-Көктемір қолының сойқан сілтесі таңыр­қатпай қоймайтын… Жазушы таланты да осындайда қылыш жүзіндей қылпып кетеді екен.

Оның қазақ балалар әдебие­тіндегі өзіндік сүрлеулі, айрықша елеулі, сәби жүрегінің лүпілін аңғарымпаздығы, кейінгі жылдардағы бірнеше көркем – кес­кіндемелік лағыл жырға ұқсас шағын әңгімелері «бала үшін туған қаламгер» дегізерліктей айбарландырып қойған еді бая­ғыдан. Әсіресе жаңа ғасыр ұрпақтарының ұлттық дүние­-танымын түбірлей, ежіктей жазуымен олардың ата-баба дәстүріне лайық өсіп-өркендеуін уағыздайтын шығармалары, нақ бүгінгідей тәрбие-тәлім бағдары батыстық үлгіге емеурінденіп кеткен өткелекті тұста, кішкене оқырмандарына ауадай дәру екендігін сезінеміз.

Жақаудың әрбір әңгімесі ынтықтыра тартады. Тылсымын бір сөзбен тап басып айту тағы қиын: әсерлер әлемі әрқилы; өмірден өткен әңгімешіл жоқ; сенің ойыңның күдігі мен күлкісі өзіңді шошытудан бастап, өзгенің жанын қари жөнеледі; немесе басқаның жүрегі тілімденіп жатқанда сен дым сезбегендей тымырайып қала алмайсың ғой; ең «қорқыныштысы» – жазушы кейбір шығармасында Сен туралы жазып отыр екен-ау!.. Демек, өзіңді өзіңнен артық танитын бұл қаламгерге бағынбай көр енді. Ырқынан шықпайсың енді оның!..

Жазу киесі таңдап, талғаммен қонатынын Жақау сезеді. Сол себепті де қаламын Құран ұстағандай таза, мөлдір асықтықпен, іңкәр ғашықтықпен мәпелеп, мейірлене баптап қолына алады. Жүрегінің жалыны сияға араласып қызынтып, алғашқы сөзін саптарда не құдірет десейші, жүз жасаған әкесінің жазу машығы, теңізден інжу тергендей тіл асылы ойын тербеп, әрі-сәрі күйге түсіреді. Теңіз сарыны құлағының түбінен шуылдайды, «жақсы жаз» деген әке аманаты намыс отындай қайраққа салады. Арал флотилиясының тұма тарихын түсірген әке жазбаларына жиі үңіліп, сағынышын үрлегенде өмір зергерінің зердесіне тәнтілігі артады. Төгілген тіл түйсікті тереңінен тербетеді. Балық аулап ауылын баққан, қара еңбегімен еліне жаққан, ау-тордың ақжем етіп шодырлаған сүйелді алақанына қаламсабын қыса ұстап жазған әр сөйлеміне тебіреніп, көзінің жасын сығып алатыны бар… «Тыран, тісті, қаяз» секілді балық атаулары әкесінің жазбасымен бүгінге жетіпті. Әкесінен ауысқан қалам киесі өзінің өмірін толықсыта тербеткенін, енді қараңыз, баласы Бабырдың да дипломатиялық ой-сараптамаларының көкжиегін кеңейтіп, сонау алғашқы сыныптан бастап оған күштеп күнделік жаздырғанының қайтарымындай боп жүрегін жылылыққа бөлейтіні бар. Оның да том-том жазбалары дайын тұр. Ал Жанары өзінің баспагерлік кәсібін бипаздап ұстап, келісті жалғастырарына бек сенімді. Шүкір, еңбегі еленіп келеді. Арал ауданының Құрметті азаматы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Құрмет» орденді. Өзге де биік мәртебелі марапаттар жалғасын тауыпты. Университеттің соңғы курсынан «Лениншіл жасқа» жегіліп, кейін қазақ баспасөзінің талай баһдүрлерімен қолтықтаса қалам сілтеген Жақаудың еленуге лайық еңбегі ұшан-теңіз ғой.

Жұмыс шашетектен. Отыз жылдай басқарып келе жатқан «Ана тілі» баспасының мына қиын заманда туын жықпай, оқырмандарын сапалы кітаптармен қуантуды ойлағанда тынысы кең ашылғандай болады. Кемел Тоқаевтың бұрындары өзі басып шығарған бес томдық шығармалар жинағын енді көрнекті жазушының жүз жылдығына орай қайта жария­лау қандай ғанибетті іс болар еді… Келесі жылдың жоспарында тұр… Иә, кейін оқырмандарының қолына тиіп, ләззатқа бөледі.

Жақау біраздан бері қаузап, иін қандырып жатқан «Мінез миниатюралары» қолжазбасына ойын кернеген бірер сөйлемдерді асығыс түсірді де зайыбы Шұғаны күткендей, сағатына көз қиығын салды… Жантәсілім етті…

… Жақау достың дүниеден озғанына, міне, төрт жарым жылдың жүзі ауды. Осы күндері сексен жасқа толар еді. Талантты жазушының шығармалары оның екінші өмірін жалғастырып жатқандай күй кешудеміз.

 Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button