Мәслихаттың көшпелі отырысында жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы талқыланды

Астанада алдағы жылдары медициналық және білім беру инфрақұрылымының бірқатар маңызды нысандарын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Олардың қатарында «Есіл» ауданындағы «Совико» ықшам ауданында (ескі Заречный) жаңа емхана бар. Жер телімі қазірдің өзінде анықталған. Жанынан жалпы білім беретін жайлы мектеп пен Оқушылар сарайы да бой көтермек. Тағы бір емхана Ұлы Дала даңғылында («Багыстан» ТК) салу көзделген. «Нұра» ауданында Ч.Айтматов және Р.Бағланова көшелерінің қиылысында# («Ellington» ТК) емхана салу жоспарлануда. Сондай-ақ бас жоспар бойынша «Алматы» ауданында («Отау» ТК) емхана құрылысы қарастырылған. Бұдан бөлек, бірнеше жеке медициналық мекемелерді ашу қала басшылығының жоспарында бар.

Осының бәрі мәслихаттың көшпелі отырысында қаралған негізгі мәселелер болды. Онда Урбанистика орталығының өкілдері мен сәулет басқармасының басшысы аудандық бөліністе қаланы абаттандыру бойынша жоспарланған және іске асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат ұсынды.
Кеңес барысында депутаттар қала үшін өзекті бірқатар мәселелерді көтерді: қаланы көшеттермен қамтамасыз етіп, шығындарды азайту үшін қалалық тұқымбақтың мүмкіндігінше тез ашылуының қажеттілігі; тығыз құрылыс салынған аудандарда қосымша автотұрақ орындарын көбейту; саябақ аймақтарын күшейте абаттандыру, барлық аудандар үшін қолжетімді әрі жайлы қоғамдық кеңістіктерді дамыту.
Барлық көтерілген мәселелер депутаттардың бақылауына алынды.




