Ел тынысы

Астана «AI Governance Cup» республикалық байқауының жеңімпазы атанды

Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «AI Governance Cup» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Байқау қорытындысы бойынша Астана қаласы «AI Әлеуметтік саясат» номинациясында жеңімпаз атанды. Марапатты елорда әкімінің орынбасары Евгений Глотовқа Мемлекет басшысы табыстады.

Елордаға жеңіс әкелген «Медициналық тексеруге арналған AI-платформасы» жобасы әскери міндеттілерді медициналық куәландыру процесін цифрландыруға және оның тиімділігін арттыруға бағытталған.

AI Governance Cup республикалық байқауы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткізіліп отыр. Байқаудың мақсаты мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда жасанды интеллект шешімдерін енгізуді ынталандыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және үздік цифрлық тәжірибелерді кеңінен тарату болып табылады. Байқауды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұйымдастырды.

Биыл байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 184 өтінім келіп түсті. Астана жеңімпаз атанған «AI Әлеуметтік саясат» номинациясына 30 өтінім ұсынылды. Бұл бағыт денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін басқа да әлеуметтік салалардағы жобаларды қамтиды.

Астана ұсынған жоба бүгінде енгізіліп, нақты өлшенетін нәтижелер көрсетіп отыр. Платформа іске қосылған сәттен бастап 18 мыңнан астам әскери міндетті медициналық тексеруден өтті. Жүйе медициналық деректерді талдау және салыстыру үшін ЖИ технологияларын қолданады. Бұл адами фактордың ықпалын азайтып, қабылданатын шешімдердің әділдігін арттыра түседі.

Кіріктірілген AI-ассистентінің көмегімен деректердің толық өзектілігі қамтамасыз етілді, тексеру уақыты 75%-ға қысқарып, қате қорытынды шығару қаупі 98%-ға төмендеді.

«Бұл марапат біз үшін ерекше маңызды. Өйткені ол нақты практикалық әсері бар шешім үшін беріліп отыр. Осы ретте Мемлекет басшысына жан-жақты қолдауы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Байқауға дайындық барысында біз тұжырымдамаларға емес, нәтижесі дәлелденген және кеңінен енгізуге әлеуеті бар жобаларға басымдық бердік. «AI Әлеуметтік саясат» номинациясындағы жеңіс елорданың ЖИ-бастамалары сұранысқа ие екенін және мемлекеттік процестер мен азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға қабілетті екенін көрсетеді», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.

Айта кетейік, байқауға қатысу үшін елордада ішкі іріктеу өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 4 номинацияға 4 жоба анықталды. Олардың әрқайсысының қолданбалы маңызы, расталған нәтижелері және одан әрі даму әлеуеті бар.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button