Маса және шыбын-шіркейге қатысты дезинсекцияның бірінші кезеңі басталды
Астанада маса, шыбын-шіркей және өзге де жәндіктерге қарсы ауқымды дезинсекциялық жұмыстар жүргізілуде. Іс-шаралар екі ауысымда өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сәуір айының басында су айдындарын өңдеудің бірінші кезеңі басталды. Қазіргі таңда маса дернәсілдері анықталған 8600 гектар су айдыны өңделді.
Су айдындарын өңдеу аяқталған соң, 27-29 сәуір аралығында қаланың орталық бөлігін жаппай өңдеу басталады. Жұмыстар алдымен орталықтан басталып, кейін шет аймақтарға қарай ығыстыру әдісімен жүргізіледі, қатарынан қорғаныс белдеуі қалыптастырылады.
Дезинсекция түнгі уақытта – сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін жүргізіледі. Әр кезең айына 20 күнге созылады, жалпы алты кезең жоспарланған. Мамандардың айтуынша, масалар экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жою көзделмейді, алайда жүргізілетін шаралар олардың санын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Жұмыстар барысында механикалық роторлы бүріккіштер, дезинсекциялық техникалар, қамысты және жетуі қиын аумақтарды өңдеуге арналған квадрокоптерлер, ал ірі су айдындарында арнайы жабдықталған қайықтар пайдаланылады.
Ауқымды жұмыстарға 150-ден астам арнайы дайындықтан өткен дезинфектор жұмылдырылған.
Сонымен қатар басқарушы компаниялар, ПИК, МИБ, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары, базарлар мен сауда үйлері жертөлелерді құрғату, аумақтарды абаттандыру және қосымша дезинсекция жүргізу арқылы бұл шараларға атсалысуы қажет.
Дезинсекция кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды: өңделіп жатқан аумақтарға бармаған жөн және жұмыстар жүргізілген кезде терезелерді жабу қажет.



