Ел тынысы

Қазақ прозасының жарқын үлгісі

Ұлттық кітап күні елордадағы №115 мектепте «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубаймен кездесу өтті. «Шабыт шамы сөнбесін» тақырыбында өткен кездесуде оқушылар өнер көрсетіп, мектеп мұғалімдері «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабына талдау жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Талданған туынды – қазақ прозасының автобиографиялық повесть жанрының дәстүріне жататын шығарма. Мұнда баяндаушы – кейіпкер де, яғни Әмір есімді баланың балалық шағы мен өсу жолы бірінші жақтан емес, бірақ авторлық санаға жақын үшінші жақтан баяндалады. Шығарманың тақырыптық-идеялық желісі, образдар жүйесі, тіл байлығы – барлығы бірге алғанда бұл туындыны қазақ балалар прозасының жарқын үлгісі ретінде бағалауға толық негіз береді.

– Туындының кезеңі – Кеңес дәуірінің соңғы жылдары немесе тәуелсіздік алудың қарсаңы. Бұл уақытты басылым атауларынан («Социалистік Қазақстан» газеті, «Қазақстан коммунисі» журналы), кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігінен айқын аңғаруға болады. Оқиғалар орны – Сарыарқа өңіріндегі шағын ауыл; табиғат суреттері (Нұра, Тоқырауын өзендері, Түлкілі тауы, Қызылбиік) нақты географиялық кеңістікте орналасқан. Шығарма повесть жанрының классикалық белгілерін сақтайды: сюжеттің бір кейіпкер – Әмір – төңірегінде шоғырлануы; уақыттың бірнеше жылды (бастауыш сынып кезеңін) қамтуы; тараулардың салыстырмалы дербестігі, бірақ идеялық тұтастығы. Тараулардың «Жаңа ауыл», «Өзендегі оқиға», «Газет-журналдардың иісі», «Тоқылдақ», «Бүлдірген тере барғанда», «Көмейдің құпиясы» деп аталуы – повестің хроникалық-тізбекті сипатын айқындайды, – дейді кітапқа талдау жасаған қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Игісінова.

Кездесу барысында жас ұстаздар да ұстамды ойларын ортаға салды. Олардың пайымдауынша, «Түлкілітаудың аспаны» кітабы оқырман жүрегінен орын алған. Әсіресе шығарманың басты тақырыбы – баланың рухани өсуі мен дүниені танып-білуі, басты кейіпкер Әмірдің іштей жаңаруының, сыртқы дүниемен алғашқы терең танысуының бастауы қызықтырған.

– Туындының бас идеясы – адал еңбек, білімге деген ынта және табиғатпен үйлесімді өмір арқылы жеке тұлғаның қалыптасуы. Бұл идея Бақыт мұғалімнің аузынан айтылады: «Кім білімді болса, сол өмірдегі барлық арман, мұратына жетеді». Сонымен бірге «Адал еңбектің қандай болатынын көзімен көріп, жүрегімен сезінді» деген авторлық ремарка бас идеяны тікелей тұжырымдайды. Туынды «қателік жасап, оны мойындай білу де ерлік» деген тәрбиелік пафоспен де сусындаған Тоқылдақ және Темекі эпизодтары осыны нақты дәлелдейді, – дейді қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Қаракөз Төлеген.

Түлкілітаудың аспаны астында бала Әмірдің, әке Сұрағанның бейнелері бүгінгі қоғамның нақ көрінісін айқын көрсетеді. Қалай болған күнде де өз оқырманын тапқан Төлен Тілеубайдың шығармасы оқырман ойынан шыға білген.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button