Мектеп мәдениетін жаңа деңгейге көтерген жоба

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» мекемесі білім беру ұйымдарының жас басшылары арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Заманауи көшбасшы» қалалық байқауы биыл да өз жалғасын тауып, мектеп басшыларына жаңа идеяларын ұсынуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған байқауға “Қадыр Мырза Әлі” атындағы №88 мектеп-лицейінің директоры Нартаева Альбина Көмекқызы қатысып, «Ұжымдық көшбасшылықты дамыту арқылы мектеп мәдениетін трансформациялау» тақырыбындағы өз жобасын табысты қорғап шықты.
Жобаның басты мақсаты – мектепішілік басқару барысында жеке көшбасшылықтан ұжымдық көшбасшылыққа көшу арқылы мектеп мәдениетін жаңаша қалыптастыру, ұйымішілік қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру және мұғалімдердің кәсіби әлеуетін толық ашуға жол ашу. Альбина Көмекқызы ұсынған тұжырымдамада басқару мен көшбасшылықтың демократиялық формалары, командалық шешім қабылдау, жауапкершілікті ортақ бөлісу мен ұжым мүшелерін шабыттандыру сияқты өзекті тетіктер жан-жақты талданған.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде жаңаша ойлайтын, өзгерістерге бастамашы бола алатын көшбасшыларға деген сұраныс артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп директорының жобасы – дәстүрлі басқару моделін жаңғыртуға бағытталған батыл қадам деуге болады. Жоба барысында мектепте ұжымдық шешім қабылдау мәдениетін дамыту, мұғалімдердің көшбасшылық қабілетін арттыру және серіктестікке негізделген мектепішілік қарым-қатынастарды нығайту мәселелері кеңінен қамтылды.
Альбина Көмекқызының кәсіби шеберлігі, стратегиялық ойлау қабілеті және ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыра білуі әділқазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Бұл жоба – мектеп-лицейдің білікті басшысы мен ұйымшыл ұжымының жемісті еңбегінің айғағы.
№88 мектеп-лицейі ұжымы үшін бұл – үлкен мәртебе ғана емес, алдағы уақытта мектепті жаңа биіктерге жетелейтін тың серпін болмақ.