«Кітап бетіндегі кейіпкерлер» іс-шарасы өтті

Астана қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Кітап бетіндегі кейіпкерлер» атты іс-шаралар өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Елімізде 23 сәуір – кітап оқуды насихаттауға арналған маңызды күн. Бұл мерекені мектепке дейінгі ұйымдарда атап өту балалардың коммуникативтік дағдыларын дамыту, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталады.
Астана қаласының барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мәдени-ағартушылық іс-шаралары өткізілді. Соның бірі №99 «Бүлдіршін» балабақшасында балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, отбасылық оқуды насихаттау және көркем әдебиет арқылы рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында мазмұнды мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында «Кітап бұрышы» көрмесі таныстырылып, онда балалар әдебиетінің үздік үлгілері ұсынылды. Сонымен қатар, «Отбасылық оқу» акциясы өткізіліп, ата-аналар мен балаларды бірлесіп кітап оқуға шақыру көзделді.
Тәжірибелік бөлімде «Кітап бетіндегі кейіпкерлер» тақырыбында танымдық жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ, балалармен кітап туралы әңгіме өрбітіліп, кітапты күтіп ұстау ережелері түсіндірілді және ертегі оқу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында «Кітаптар сөйлейді» атты сахналық қойылым ұсынылып, «Үйшік» ертегісінен үзінді көрсетілді. Қойылымды «Сабыр» ересек тобының тәрбиеленушілері сахналады.
Бағдарлама концерттік бөліммен жалғасын тауып, балалар «Текемет» биін орындады. Сондай-ақ «Кіп-кішкентай торғайлар» оркестрі көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Аталған іс-шара балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға және ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.



