Инклюзивті және арнайы білім беру: Астанада халықаралық форум өтті
Форумға сала мамандары, инклюзивті білім беру бойынша халықаралық сарапшылар (Үндістан, Канада), өңірлердің білім басқармаларының мамандары, әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты.
«Бүгінде Қазақстанда мектептердің шамамен 90 пайызында инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдай қалыптастырылды.
Қала мектептерінде оқушыларды қолдау мақсатында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесі енгізілген. Астана қаласына тоқталатын болсақ, 85 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Жалпы, соңғы жылдары бұл бағытқа үлкен назар аударылып, көңіл бөлініп келеді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылымдар жаңартылып, мектептер қажетті жабдықтармен жарақтандырылып жатыр», – деді Астана қаласы білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева.

Сонымен қатар осы тақырыпта Үндістанның Қазақстандағы елшісі Я.К. Сайлас Тангал, UNESCO MGIEP тренері (Үндістан) Шрея Тивари, халықаралық деңгейде танылған білім беру саласындағы көшбасшы және білім беру жүйесінде инклюзивті әрі әділ реформаларды ілгерілететін кеңесші Хайди Кавана, Канададағы Саймон Фрейзер университетінің инклюзивті білім беру саласы бойынша қауымдастырылған профессоры Роберт Уильямсон, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров сынды спикерлер баяндама жасады.
Өз кезегінде Хайди Кавана көптеген елдің білім саласында қызмет атқарғанын атап өтті.
«Қазақстанға соңғы рет былтыр қазан айында келгенмін. Жалпы, көптеген елде білім саласында қызмет етіп келемін. Соның ішінде Африка құрлығындағы Намибия елінде мектеп директоры болдым. Жалпы, Африкада балалардың 90 пайызы біліммен қамтылмаған. Сахара аймағында балалардың 10-нан бірі ғана біліммен қамтылады. Намибияның өзінде мектептерінде ауыз су, электр жарығы, интернет бола бермейді. Дегенмен мамандар жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды пайдалану арқылы ол жақта интернет мәселесі біртіндеп шешуі мүмкін. Айтайын дегенім, мұғалімдердің жұмысы қай жақта да оңай емес. Ал мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге арналған 37 мың қосымша бар. Бірақ оның бәрін зерттеу мүмкін емес.
ЖИ де жұмысты едәуір жеңілдетіп жатыр. Инклюзивті білім беруде де тиімді технологияларды пайдалану керек», – деді Хайди Кавана.
Форум аясында қолөнер бұйымдары мен инклюзивті білім беру саласындағы қажетті құралдардың көрмесі өтті.
Ал әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров өз тәжірибесіне сүйене отырып, сау адамдарға қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс нәтижесі көбірек болатынын атап өтті.
Айта кетейік, аталған форумның практикалық бөлімі 24 сәуір күні бірнеше алаңда бір мезгілде өтеді деп жоспарланып отыр.



