Әлеумет

Астанада «Мен оқыған 10 кітап» акциясы өтіп жатыр

Астанада 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Мен оқыған 10 кітап» атты акция басталды. Бастаманың мақсаты – қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, әр азаматты жылына кемінде 10 кітап оқуға ынталандыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акция аясында қатысушылар соңғы жылдары оқыған кітаптарының тізімін ұсынып, өзіне ерекше әсер қалдырған шығармалар туралы қысқаша ой бөліседі. Мұндай формат кітапты тереңірек түсінуге және оқырмандар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Игі бастамаға зиялы қауым, мәдениет және спорт саласының өкілдері, кәсіпкерлер мен жастар белсенді қатысуда. Олардың қатарында «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директорының орынбасары Бекболат Арыстанбеков, тоғызқұмалақтан Астана құрмасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әуелбай Ерсұлтан, сондай-ақ муай-тай бөлімінің бапкері Ернар Жұмамұратов бар. Бұл кітап оқудың қоғамның әр саласында қолдау тауып отырғанын көрсетеді.

Акция бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуда. Іс-шара барысында ұсынылған кітаптар қатарында қазақ және әлем әдебиетінің танымал туындылары бар.

Әр азамат ақпарат кеңістігінде соңғы жылдары оқыған кемінде 10 кітаптың тізімін жариялап, өзіне ерекше әсер қалдырған шығармалар туралы қысқаша ой бөлісіп, оның пайдасы мен ықпалын сипаттайды. Осы ретте орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Бекболат Арыстанбеков өзі оқыған кітаптары жайлы ой бөлісті. Оның айтуынша, ерекше әсер қалдырған шығармалар қатарында Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» еңбегі, сондай-ақ әлем әдебиетінен Джордж Оруэллдің «1984» және Эрих Мария Ремарктің «Үш жолдас» романдары бар.

Маманның пікірінше, мұндай әдебиеттер адамды терең ойлауға жетелейді, өмірге деген көзқарасты кеңейтеді және рухани құндылықтарды бағалауға үйретеді. Ол кітап оқу мәдениетін дамыту – қоғамның интеллектуалдық деңгейін арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар, осындай бастамалар арқылы жас буынның кітапқа деген қызығушылығын арттырып, тұрақты оқу әдетін қалыптастыруға мүмкіндік туатынын жеткізді.

«Мен оқыған 10 кітап» акциясы – кітап оқу мәдениетін қолдауға бағытталған ашық әрі қолжетімді бастама.

Ұйымдастырушылар барша қазақстандықтарды осы акцияға қатысып, өз оқырмандық тәжірибесімен бөлісуге шақырады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button