Қоғам

Скандинавиялық серуеннен марафон өтті

Астанадағы Ботаникалық саябақта Қарттар күніне орай «Әр қадам ұзақ ғұмырға жетелейді» атты тақырыпта скандинавиялық серуеннен марафон өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

Бұл іс-шараны қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды.

«Бізде кәрілік деген жоқ. Заманымызға қарай аман-сау болып, халыққа өзіміздің шамамыз келгенше қызметімізді көрсету мәселесі. Біздің орталықтарға күніне 3500-ден астам адам келеді. Оларға қоятын мақсатымыз — әдемі қартаю. Елордамыз уақыт өткен сайын көркейіп жатыр, сол секілді біз де әдемі болып, денсаулығымызды күту. Денсаулығын күтуге үйрету. Олар тек спортпен шұғылданумен шектелмейді. Сондай-ақ зейнеткерлер орталықта тіл үйренеді, ән-би үйірмелеріне барады», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.

Марафонның мақсаты – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушы зейнеткерлері өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға және әдемі қартаюға шақыру.

Астаналық 84 жастағы зейнеткер Сабыржан Балғазаровтың орталыққа барып жүргеніне биыл 2 жыл болған.

«Үйде босқа жата бергенше, осында барған дұрыс деп санадым. Мұнда ең әуелі орта бар. Жаңа ортада жаңа адамдармен танысамыз, аудан арасында өтетін түрлі жарысқа қатысамыз. Мұнда мен күніне 1 сағат биге, 2 сағат домбыраға барамын. Сондай-ақ скандинавиялық серуен болады. Бастысы, денсаулыққа өте пайдалы», – деді зейнеткер.

Спорттық іс-шараны өткізуге Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсеткен. Марафонда 63 жастағы Назыгүл Тұңғышбаева бірінші болып мәре сызығына келді.

Іс-шара соңында жеңімпаздарға естелік сыйлықтар берілді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button