Әділет жолы – ар жолы

Отандық сот саласында есімі құрметпен аталатын, ерекше еңбек жолымен дараланған заңгер тұлғалардың бірі – Нұрсерік Кәрімұлы Шәріпов. Биыл ол асқаралы 60 жасқа толып отыр. Бұл – бір адамның ғана емес, тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің сот жүйесінің дамуына арналған адал қызметтің белесі.
Тұлғаның қалыптасу негізі
Ұлы Абайдың жетінші қара сөзінде «Жас бала екі түрлі құмарлықпен туады: біреуі – тән құмары, екіншісі – жан құмары» деп, баланың дүниені тануға деген ұмтылысын сипаттайды. Осы жан құмарлығы – «білсем екен, көрсем екен» дейтін ізденіс – Нұрсерік Кәрімұлының бойынан ерте байқалған. Адамның болмысын, мінезін, тағдырын қалыптастыратын оның жан дүниесі десек, онда тұлғаның тамыры тектілікте екені даусыз.
Ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде білім алды. Студент кезінде-ақ комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарып, кейіннен ұстаздықпен ұштастырып үлгерді. Табиғатынан алғыр, шешен, ұйымшыл болмысы оны көпшілік ортасынан ерекшелеп тұрды. Осы қасиеттері оны ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, дауылпаз ақын Қадыр Мырзалиевтің көмекшісі қызметіне дейін жеткізді. Олардың арасындағы қарым-қатынас ағалық-інілікке ұласып, өмірінің соңына дейін жалғасты.
Кейіпкеріміздің бойында Қадыр ағасындай ақындық қабілет те бар. Қазақша да, орысша да суырып салып өлең шығаратын өнері оның шығармашылық қабілетін айғақтай түседі. Бұл өнер, бәлкім, нағашысы Иса Байзақовтан да дарыған шығар.
Кәсіби жолдың бастауы
Оны Президент Әкімшілігіне қызметке шақырған болатын. Көп ұзамай 1992 жылдың күзінде Президент Аппаратының және Министрлер кабинетінің азаматтық және рақымшылық жасау жөніндегі бөлімінің референті, 1995 жылдың наурыз айынан Президент Аппаратында рақымшылық жасау бөлімінің аға референті қызметіне тағайындалды. Сол уақытта Нұрекең Президент Аппаратының ең жас қызметкері атанды. Кейіннен бұл тәжірибе оны сот саласына алып келді. 1995 жылдан 2007 жылға дейін Алматы қаласының Медеу ауданы (бұрынғы Фрунзе ауданы) сотының судьясы қызметін атқарды. 2007 жылдан 2008 жылға дейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы болды. Сол кезде Алматыда адвокаттар арасында «Шәріповтің шешімінде мін болмайды» деген пікір қалыптасты. Оны талай құлағымыз шалды.
Үлкен сенім және жауапты міндет
Кәсібилігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Нұрсерік Кәрімұлы 2008 жылдан 2010 жылға дейін Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2010 жылдан 2012 жылға дейін Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы болды. Экономикалық өсіммен қатар әлеуметтік түйткілдер ушығып тұрған кезде «Жаңаөзен оқиғасының» кейбір құқықтық мәселелерін шешуге белсене араласты. Кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл кезең Нұрекеңнің кәсіби кемелдену кезеңі болды. Құрылысы тоқтап тұрған облыстық сот ғимаратын толықтай аяқтап, Шымкенттегі көрнекті әкімшілік ғимараттардың біріне айналдырды.
Ол саламатты өмір салтын ұстанып, ұлттық һәм рухани құндылықтарға ерекше ықыласпен қарайды. Түркістан, Қазығұрт секілді киелі жерлерге веломарафондар ұйымдастырып, жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Жетімдер үйіне тұрақты көмек көрсетуі де – оның адами болмысының бір қыры.
Реформа мен тың бастамалар
Нұрсерік Шәріпов 2017 жылдан 2018 жылға дейін Жоғарғы соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы қызметін атқарды. Еліміздегі сот жүйесін цифрландыру бағытында үлкен еңбек атқарды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы сот саласындағы цифрландыру қызметі бойынша әлемдегі дамыған бес мемлекеттің қатарына кіреді. Нұрекеңнің тың бастамаларын қолдаған Мемлекет басшысы 2018 жылы еліміздегі индустриялық аймақ – Қарағанды облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындады. Мұнда да сот саласына серпін беріп, облыстық соттың жаңа ғимаратын салдырды. Ғимарат алдына қазақтың үш биінің ескерткішін орнатып, сот қызметкерлеріне арналған мұражай ашты. Сонымен қатар Теміртау қаласында фронт-офис іске қосылып, аудандық соттардың ғимараттары жаңарды.
Нұрекең қай өңірде қызмет етсе де, ел зиялыларымен етене араласып, мәдени-рухани бастамаларға дем беріп отырды.
Бүгінгі белес
2022 жылғы 31 қаңтардағы Президент Жарлығымен Нұрсерік Кәрімұлы Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл кезең еліміздегі «Қаңтар оқиғасымен» тұспа-тұс келді. Елдегі заң мен тәртіпті және әділеттілікті қалыптастыруда, биліктің үш тармағының бірі ретінде барлық конституциялық реформаны жүзеге асыруда сот жүйесінің еңбегі ерекше екенін де атап өткен жөн.
Нұрсерік Кәрімұлы заңгерлік қызметтің қиын әрі жауапты саласында адал еңбек етіп келеді. Бұл – ел мүддесін, адам құқығын қорғайтын аса жауапты саланың алдыңғы шебінде жүр деген сөз. Сот саласындағы сіңірген еңбегі мен адалдығы еленіп, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Үш би» құрмет белгісімен және өзге де ведомстволық, мерекелік төсбелгілермен марапатталған. «Құрметті заңгер» атағына ие болған.
Жас мамандарға тәлім беріп, келешегінен үміт күттіретін жастардың жолын ашуы – оның тағы бір ұлағатты ісі.
Нұрсерік Кәрімұлы – өз ісін жан-тәнімен сүйетін, заң алдындағы әділеттілікті ар-ұжданымен ұштастыра білген тұлға. Қызметте ғана емес, өмірде де парасатты, әділетті, адамгершілік биігінен түспеген азамат. Қай ортада жүрсе де, үлкенмен де, кішімен де тең дәрежеде сөйлесіп, ел құрметіне бөленуі – оның болмысының шынайы көрінісі.
Дана халқымыз айтқандай, «Жақсы ай мен күндей – әлемге бірдей». Әділет жолын ар жолымен сабақтастырған ардақты азамат бүгінде өнегелі әке, сүйікті жар, немерелерінің қамқор атасы ретінде де ел алдында абыройлы.
Зұлфухар ҒАЙЫПОВ,
саяси ғылымдар докторы,
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы,
Ұлттық құрылтай мүшесі