Астанада «Заң мен тәртіп» фотокөрмесі өтті

Елордадағы Керуен сауда орталығында ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған «Заң мен тәртіп» фотокөрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Экспозицияда полиция қызметінің сан қырын көрсететін ерекше суреттер қойылды. Көрмеге қойылған фотоларда қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жедел іс-шаралар мен халықпен күнделікті қарым-қатынас сәттері бейнеленген.
Көрме барысында полиция қызметкерлері әр фотосуретті түсіндіріп, оның нақты жағдайда қалай түсірілгенін баяндады. Ерлік көрсеткен тәртіп сақшыларының оқиғалары да айтылып, олардың батылдығы мен адалдығы көрермендерге үлгі ретінде ұсынылды.
Сонымен қатар, қонақтар полицияның тек құқық бұзушылықпен күресіп қана қоймай, жастарды тәрбиелеуге және қоғамда сенім орнатуға қосып жатқан үлесін көруге мүмкіндік алды.
Көрменің басты мақсаты – полиция қызметінің көпқырлылығын көрсету, заңға адал қызмет етудің маңыздылығын жеткізу және халық пен тәртіп сақшылары арасындағы сенімді нығайту.
«Бүгін Астана қаласы Полиция департаменті қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі болып табылатын «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттап, полицияның оң имиджін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара өткізуде. Іс-шара аясында елордалық полиция қызметінің сан қырын ашатын фотокөрме ұйымдастырылды. Әрбір сурет — жай ғана бейне емес. Оның артында қызметкерлердің кәсібилігі мен күнделікті еңбегі жатыр. Сонымен қатар, қызметтік міндетін атқару барысында ерлік көрсеткен қызметкерлердің қызметіне ерекше назар аударылды. Бұл оқиғалар — қала тұрғындарының қауіпсіз әрі тыныш өмірінің артында мыңдаған полиция қызметкерлерінің тәулік бойы атқарып жүрген еңбегі тұрғанын еске салатын маңызды белгі», — деді Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің бастығы Эльмира Шауленова.
Фотокөрме қала тұрғындары мен қонақтарына ашық форматта өтті. Келушілер батылдық пен жауапкершіліктің шынайы сәттерін тамашалап, полиция қызметкерлерінің жұмысына жақынырақ көз жеткізді.
Шапағат Әбдір