ЕҰУ-дың 30 жылдығына – 30 түп қарағай!

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқу орнының 30 жылдық мерейтойына орай ерекше экологиялық акция өтті. Университет омбудсмені Неля Шапекованың бастамасымен ұйымдастырылған шара аясында университет аумағында 30 түп қарағай көшеті отырғызылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жасыл бастамаға Күміс университетінің тыңдаушылары, факультет декандары, университет ардагерлері мен қала тұрғындары белсене атсалысты.
Акция барысында «Жерге бақ сыйла» жеке қорының төрағасы, «Атамекен-Родина» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Юрий Гашек қатысушылармен ой бөлісіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жасыл желек отырғызудың маңызы мен табиғатты аялау жайлы терең мазмұнды пікір айтты.
– Ағаш отырғызу – жай ғана міндет емес, бұл – табиғатпен сырласу, жерге жанашырлық танытудың көрінісі. Табиғат заңын сақтамай, қателікке бой алдырамыз. Ал шын мәнінде, жермен сырласу керек. Ол өзінің құпиясын бөлісе бастайды, – деді экоерікті.
Юрий Гашек «Қоғамдық питомник» жобасы туралы да айтып берді. Бұрын көшеттер тегін таратылса, қазіргі таңда оларды алу үшін белгілі бір талаптар қойылады: отырғызылатын шұңқырдың дайын екені және суару жүйесінің бары дәлелденуі тиіс. Бұл – адамдарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйретудің бір жолы.
Экобелсенділердің айтуынша, олар 20 жылдан бері ағаш өсірумен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында ондаған мың ағаш ел игілігіне ұсынылып, 800-ден астам экошара ұйымдастырылған. Сондай-ақ 10 мыңға жуық бала экологиялық тәрбиемен қамтылған.
Шара барысында университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы сөз сөйлеп, жасыл желектің қала экологиясы мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне ерекше тоқталды.
Салтанатты жиын аясында Юрий Гашекке Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен берілген «Гумилев» медалі және қатысушыларға сертификат табысталды.
Айта кетейік, осы көктемде университет пен «Жерге бақ сыйла» қоры Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бірлескен ағаш отырғызу акциясын өткізген болатын. Бұл жолғы бастама – сол игі дәстүрдің заңды жалғасы.
Экоеріктілер ЕҰУ-дың 30 жылдығына арнап әкелген 30 түп қарағайды парыз емес, университетке деген сүйіспеншілік пен болашаққа сеніммен отырғызғандарын атап өтті.
Жасыл бастаманың жалғасы бар!