Шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионы атанды

Шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында елордалық спортшылар алтын медаль еншіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Алматыда шахматтан өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында Астананың жас шахматшылары айрықша жетістікке жетті. Аталмыш додада елордалық қос жас талант – Әлиша Бисалиева мен Әдинұр Әділбек әлем чемпионы атанып, ел мерейін асқақтатты.
Жарыстың қызықты да тартысты өткен сындарында Әлиша Бисалиева қыздар арасында 8 жасқа дейінгі санатта қарсыластарына дес бермеді.
Ол 11 турдың қорытындысы бойынша 9½ ұпай жинап, шешуші партияда қажетті тең нәтижеге қол жеткізу арқылы алтын медальға ие болды.
Ал Әдинұр Әділбек ұлдар арасында 8 жасқа дейінгі санатта топ жарды.
Жарыстың жеке көшбасшысы саналатын қарсыласымен тең түсіп, ол да 9½ ұпай жинап, сенімді түрде бірінші орынға тұрақтады.
Айта кетерлігі, байрақты чемпионатқа әлемнің 88 елінен 842 спортшы қатысып, шахмат тақтасында өз бақтарын сынады. Қатарынан озып шыққан қазақстандық ойыншылар жеке-дара жеңіспен ғана емес, командалық есепте де үздік нәтижеге қол жеткізді.