Мәслихат

Кәсіптік білімнің жайы қаралды

Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында негізгі мәселе ретінде елорданың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту жұмысы қаралды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысқан жиында сондай-ақ кадрларды нысаналы даярлау, колледждерде білім беру сапасын арттыру үшін KPI енгізу мәселелері талқыланды.

Кезекті сессия басталар алдында шығып кеткен депутаттың орнына Amanat партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған Талғат Дүйсековке депутаттық мандатты тапсыру рәсімі өтті. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсенбай Жұмабеков Талғат Дүйсековтің мәслихат құрамына кіргенін ресми растай отырып, куәлік пен төсбелгіні табыс етті. Мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өз кезегінде жаңадан сайланған депутаттың өмірбаянымен таныстырып, жұмыстың басталуымен құттықтады.

Сессия алдында депутаттар елорда колледждеріне барып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен танысып, басшылық және педагогикалық құраммен проблемалық мәселелер мен саланы дамыту жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

Қазіргі таңда Астана колледждерінде 38 мыңнан астам студент білім алуда. Тек 2024 жылдың өзінде өндірістік автоматика, радиоэлектроника, мехатроника, автокөлікті жөндеу және пайдалану бойынша заманауи зертханалар жабдықталды. Сонымен қатар, 938 орындық жаңа жатақхана салынып жатыр. Студенттердің көбі кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мақсатты даярлықтан өтуде, ал дуальды білім беру жүйесі 21 колледжді қамтып, жұмыс берушілермен 9 мыңнан астам шарт жасалған. 2030 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша 10 мыңнан астам маман даярлау жоспарланып отыр.

Негізгі мәселе бойынша білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева баяндама жасады. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз етудегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің маңыздылығы айтылғанын атап өтті.

Баяндамашының айтуынша, Астана сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды даярлау үдерісіне қосылды. Елордада 32 колледж жұмыс істейді. Соның 9-ы – мемлекеттік, 23-і – жекеменшік. Колледждерде кадрларды даярлау 76 мамандық және 126 біліктілік бойынша жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 % тегін оқытуды қамтамасыз ету жоспарлануда. Соңғы 5 жылда 40 мыңнан астам грант бөлінді. Оның 70 %-ы жұмысшы мамандықтарына бөлінді, сондай-ақ жетекші экономикалық салаларды айқындайтын жаңа мамандықтар картасы құрылды. Соңғы екі жылда колледждер бірқатар жаңа мамандықтарға лицензия алды.

Сондай-ақ сессияда қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия жұмысының есебі тыңдалып, коммуналдық қалдықтарды басқару, кәсіпкерлікті қолдау, бұған дейін айтылған ұсыныстар мен ескертулердің орындалуы мәселелері қаралды.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button