Астанада «Келешек бағы – мектеп ауласын көгалдандыру» іс-шарасы өтті
Астанада «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Келешек бағы – мектеп ауласын көгалдандыру» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz..
Сенбілік және ағаш отырғызу форматында өткен шараға білім алушылар, педагогтер, ата-аналар және Әкелер кеңесінің мүшелері қатысты.

Бастаманың басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әке мен бала арасындағы байланысты күшейту арқылы жас ұрпаққа еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және туған жерге жанашырлықтың нақты үлгісін көрсету көзделген.
Іс-шара барысында қатысушылар мектеп ауласына 10 алма ағашын, 10 қарақат көшетін, 6 мамыргүл мен 6 қарағай отырғызды. Сонымен қатар, «Таза өлке» бағыты аясында мектеп аумағын абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу және аумақты ретке келтіру шаралары атқарылды.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Исламбекқызының айтуынша, мұндай бастамалардың тәрбиелік маңызы ерекше.
«Бүгінгі шара – жай ғана ағаш отырғызу емес, бұл балаларға еңбек пен жауапкершіліктің мәнін түсіндіретін маңызды тәрбие алаңы. Әке мен баланың бірге еңбек етуі – ұрпақ сабақтастығын нығайтатын өнегелі іс. Осындай жобалар арқылы біз өскелең ұрпақтың бойына табиғатты аялау мен туған жерге жанашырлық қасиетін сіңіреміз», – деді ол.
Ұйымдастырушылар отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау, суару және сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылатынын айтты.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan



