Қала мен сала

Елорданың коммуналдық қызметтері экоакцияға жаппай қатысты

Елордада «Астана Тазалық» компаниясының бастамасымен, қалалық кәсіптік-техникалық колледж және Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығымен бірлесіп ауқымды түрде ағаш егу экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қалалық ортаны абаттандыру бағытындағы кезекті маңызды қадамға айналды.

Акция түрлі сала өкілдерін біріктірді – коммуналдық қызметкерлер, оқытушылар, студенттер, сондай-ақ дәрігерлер мен шұғыл медицина жүйесінің мамандары игі іске бірге атсалысты. Қатысушылар елорданы көгалдандыру ісіне өз үлестерін қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттырудың үлгісін көрсетті.

Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде үш ұйым арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат экологиялық мәдениетті дамытуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған.

«Айналамызда, ауламызда бүгін тал-теректерді егіп жатырмыз. Бүгін жүзге жуық адам шықтық. Шырша бар, қарағай егеміз. Жаз басталған соң ауламызға гүл егеміз. Негізі теректер егеміз. Жұмысшыларымыз, қызметкерлеріміз, басқа жақтан қонақтар келген кезде әдемілікті көрген кезде тазалыққа көзі қуанып, өзі де соған ұмтылады. Сол себепті біз айналамызды таза әрі көркем ұстауға тырысамыз.

Әңгіме тал-теректің санында емес. Ары қарай, өсіп шығуында. Сондықтан біз теректің саны емес, сапасына қараймыз. Неліктен біз бүгін меморандум жасап жатырмыз? Себебі біз тал-теректерге күнделікті күтім керек. Сол себепті әрбір тал-теректі олар күтіп ұстап, баптап отырады. Келесі жолы тағы да басқа да шараларды қарастырамыз. Сондықтан, меморандумның аржағында да біркүндік шара емес, жалғасатын үлкен жұмыс тұр», – дейді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев.

Іс-шара барысында қатысушылар 100-ден астам ағаш көшеттерін отырғызып, елорданың жасыл қорын арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосты.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы кең ауқымда жалғасып жатыр. Ел бойынша көгалдандыру, аумақтарды тазарту және экологиялық ағарту бағытындағы бастамалар жүзеге асырылып, миллиондаған азаматтарды табиғатты қорғау мен тазалық идеясы төңірегінде біріктіреді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» – ел аумағында қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықты табиғатты аялауға жұмылдыруға бағытталған республикалық ауқымды акция.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button