Кітап-жәрмеңкесінде отыз мыңға жуық оқырман қамтылды
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің орталығында «Astana Eurasian Book Fair — 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Күні бүгінге дейін отыз мыңға жуық оқырман қамтылып отыр. «Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қалалық әкімдігінің және «Qazaq Creative» Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Мен Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысты қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткендей, көрменің басты мақсаты — кітап оқуды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көрсету, баспа саласындағы заманауи технологияларды таныстыру және халықаралық әріптестікті дамыту болатын.

— Кітап көрмесі халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Бұл тәуелсіздіктің арқасы, ұлттық деңгейде ұлттық әдебиетті жаңғыртып жатырмыз. Бұл қазақтың жаңғыруы деген сөз. Кітаптың өркениетінде көптеген жақсы дүниелер тұр. Әлем руханияты қазақ тілінде сөйлеп отыр, қазақ оқырмандарына жетті. Мұның шоқтығы биік бола береді, -деді ақын, аудармашы Сұраған Рахмет.
Бес күнге жалғасатын шараға қала тұрғындары көптеп қатысуда. Кітап-жәрмеңкесінің алғашқы күнінде 10 612 адам қатысқан. 23 күні 8 мыңнан аса оқырман барған болса, 24 күні 9 мыңға жуық адам қамтылған. Сонымен қатар, «Astana Eurasian Book Fair – 2026» көрмесіне 80-нен астам кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компаниялар қатысып отыр. Оның тең жартысы қазақстандық ұйымдар. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Белоруссия, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен көптеген ұйымдар қатысты.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



