Қала мен сала

Талдыкөл қалай сақталады?

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық шарасы аясында елордалық еріктілер Кіші Талдыкөлді биологиялық әдіспен тазартты.

Көлді өңдеу барысында зертханалық жағдайда бейімделген bacillus штамдары негізінде дайындалған қазақстандық экологиялық қауіпсіз биопрепараттар қолданылды. Жұмысқа еріктілер мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері атсалыс­ты. Акция «Astana jastary» жастар қозғалысы еріктілерінің қолдауымен өтті. Сонымен қатар су айдынының жағалау аумағы да қо­қыстан тазартылды.

«Арғын Строй» ЖШС және «Биомедпрепарат» ғылыми-талдамалық орталығымен бірлесіп, Кіші Талдыкөлді биологиялық тазарту және қалпына келтіру бойынша кезекті экологиялық шара жүзеге асырылып жатыр. Бұл шара – 2025 жылдан бастап басталған су айдындарын биологиялық оңалту жобасының кезең-кезеңімен атқарылатын кешенді жұмыстарының бір бөлігі.

Қазіргі уақытта №5 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Процесс ұзақ әрі биопрепараттарды тұрақты енгізуді, санитарлық шараларды және су сапасына үнемі мониторинг жүргізуді қажет етеді. Акция аясында су экожүйесін қауіпсіз әрі тиімді қалпына келтіруге бағытталған зама­науи биотехнологиялар қолданылады. Естеріңізде болса, көктемде көлдің бетінде гүлденген қабық пайда болып, шіру процесі жүріп жатқан еді. Жағдай шынында күрделі болды. Алайда қазіргі қолданылып жатқан технологиялардың нәтижесінде айтарлықтай оң өзгерістерді көруге болады. Бұл – заманауи әдістер мен табиғи шіру процесінің арасындағы «көрінбейтін майдан». Бірақ нәтиже бар: көлдің жағдайы жақсара түсті, – деді Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Рашид Айдар.

Кіші Талдыкөлді тиімді тазарту үшін екі түрлі биопрепарат пайдаланылады: сұйық концентрат және зертханада алдын ала дайындалатын арнайы био-шарлар. Әр қолданар алдында судан сынама алынып, көлдің сол уақыттағы жағдайы ­талданады.

– Біздің компания екі түрлі биопрепарат әзірледі – сұйық және қатты. Сұйық биопрепарат судың жоғарғы қабатын тазартады, ал қатты түрі – шарлар – салмағының арқасында түбіне шөгіп, тиімді микро­ағзалар бөледі. Олар органикалық қалдықтарды ыдыратады, ал құрамындағы саз топырағы улы заттарды адсорбциялайды, – деді «Биомедпрепарат» ғылыми-талдамалық орталығы зертханасының меңгерушісі Диана Жүнісова.

Жүргізілген жұмыс туралы экологиялық ерікті Рустам Тұманбаев та пікір білдірді.

– Кіші Талдыкөлді биологиялық тазарту өте тиімді әдіс деп айтады, біз де жақын арада нәтижесін көреміз деп үміттенеміз. Өзім эколог­пын, сондықтан мұндай шараларға қатысу мен үшін маман ретінде де, қала тұрғыны ретінде де маңызды. Бұл маңайға жиі келеміз, көл біз үшін қымбат, ол – күтімді қажет ететін ерекше табиғи нысан. Астаналықтарды осындай бас­тамаларға белсенді араласуға ша­қырамын, – деді ол.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button