Мәдениет

Жаңа этнография залы ашылды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде екінші этнография залы ашылды. Бұған дейін музейде этнография залы болғанымен, оған барлық құнды жәдігер сыймады. Енді жаңа кеңістікте халқымыздың бай мұрасы кең көлемде ұсынылып отыр.

Жәдігерлердің арасында ерекше орын алатыны – Батыс Қазақстан өлкесінен шыққан, XIX ғасырға жататын сәукеле. Жаңа залда қазақ халқының және Орталық Азия халықтарының XIX-XX ғасырлардағы зергерлік әшекейлері, дәстүрлі киім үлгілері, киізден жасалған үй бұйымдары, кілем түрлері және жиһаздар ұсынылған. Ер жігіт пен әйелдің, қалыңдық пен күйеу жігіттің ұлттық киім үлгілері қойылған. Реконструкция авторы – Естай Даубаев, шебері – Айжан Абдубаитова.

Ерекше назар кілем тоқу өнеріне және киіз бұйымдары – сырмақ пен текеметке аударылды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген бұл қолөнер түрлері халықтың этникалық ерекшелігі мен дүниетанымын айшықтайды.

Экспозицияда үй жиһаздары мен тұрмыстық бұйымдар көрсетілген. Сандықтар, кебеже, асадал және т.б. заттар ұсынылған. Көшпелі тұрмыс кешкен қазақ халқы неғұрлым аз жиһаз тұтынуға тырысқан, сол себепті әрқайсысының барынша мұқият көркемделіп, безендірілуіне үлкен мән берген. Келушілер назарына жалпы саны 258 жәдігер, соның ішінде бірегей 47 кілем ұсынылды.

«Біздің басты мақсатымыз – асыл мұраларды көпшілікке таныстырып, халқымыздың мәдени байлығын дәріптеу. Қорымызда екі жарым ғасыр­лық тарихы бар жәдігерлер бар. Соларды тұрақты түрде көрсетіп, болашақ ұрпаққа жеткізу – музейдің ең басты миссиясы» дейді Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button