Басты ақпаратМәдениет

«Жастар» театрының жаңа маусымы

Астана қаласының «Жастар» театры жаңа XIX театр маусымын белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың «Қыр астындағы сол бір ғажайып әлем» әфсанасының желісімен сахналанған «1001 түн» қойылымымен ашты. Өнер ұжымы көрермендерін ерекше сән-салтанатпен қарсы алып, шығыстың сиқырлы әлеміне сүңгітті.

Спектакльдің қоюшы режиссері – аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай. Өткен жазда көрермендерге жол тартқан сахналық туындыда өмірдің көп адам байқай бермейтін бояулары, адамның өзімен-өзі іштей арпалысы суреттеледі.

Егер ғайыптан тайып, бір күні таңда патша болып оянсаңыз не етер едіңіз?

Билік – бақ па, сынақ па? Алақанында әлемді ұстаған әміршінің жүрегінде не бар: күмән ба, күш пе, кек пе?.. Қолыңыздан билік сусып түскенде қайғы-қасірет шегесіз бе, әлде шын бостандыққа жетесіз бе? Қойылым осындай сұрақтарды көрерменге қойып, ойландырады.

Желісін қысқаша баяндайтын болсақ, талантты актер Жандәулет Батай сомдаған бас кейіпкер Әбілқасан басынан түрлі оқиғаларды өткізеді. Біресе, әмірші, біресе қарапайым адам болады. Оны мұндай күйге үйіне қонақ болатын Мосыл саудагері, шын мәнінде адамның ойында не барын білгісі келетін әмірші түсіреді.

«Жастар» театрының жаңа маусымында көрермендерді қызықты премьералар күтіп тұр. Өнер ұжымының гастрольдері де жоспарланған. Мәселен, осы айдың аяғында жастарлықтар Өзбекстан еліне аттанады. Онда Ташкент, Самарқанд және Каттақорған қалаларында «Жібек», «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклдерін, «Жанарымдағы жалғыз әуен» концерттік бағдарламасын және «Асауға тұсау» комедиясын ұсынады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button