Құрылыс саласын цифрландыру сөз болды

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Астана қаласы әкімдігі Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интелект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылады. «Цифрландыру арқылы құрылыс саласын жаңғырту: 2025 жылғы Жолдаудың басымдықтары» тақырыбында өткен сараптамалық-талдау кездесуіне оқу орнының басшылары мен профессор оқытушылары, студенттер және Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Жолдауда Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласына ЖИ мен цифрландыруды дендеп енгізу туралы ерекше атап айтты. Соның ішінде құрылыс саласын қоса алғанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадр дайындауға тоқталды. Кез келген бастаманың негізі оқу орындарының қабырғасынан басталатыны белгілі. Барлық саладағы жобалар, жұмыстар сапалы кадрлық әлеуетке байланысты жүзеге асады. Сондай кадрларды университеттер білім беріп тәрбиелеп шығарады. Олар академиялық білімнің негізін осындай оқу орындарында алады. Сондықтан бұл ретте бірінші кезекте назар студенттер, магистранттар, аспиранттар, докторанттармен жұмысқа аударылатыны белгілі. Осы жолда сіздерге сәттілік тілеймін, — деді әкімнің орынбасары.
Кездесуде Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек, университеттің Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, Инфрақұрылымды дамыту департаменті құрылысты бақылау инженері Азат Садықов, Онлайн оқыту департаментінің директоры Ләйлә Сәбитова, Құрылыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жанболат Шахмов, Саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бибігүл Бөлегенова, Ақпараттық технологиялар факультетінің 3 курс студенті, Студенттік Парламент мүшесі Серік Қалдан баяндама жасап, жолдаудағы құрылыс саласына қатысты маңызды міндеттерді талқылады. Олар «Құрылыс саласындағы инновациялар», «Жолдау 2025 – жаңа ұлттық идея ретінде», «Жастар және елдік ұстаным» тақырыптарына кеңінен тоқталды.
ЕҰУ ғалымдары тарихи маңызды құжаттың анықтығы, қабілеттілігі және бүкіл қазақстандық қоғам алдында тұрған нақты міндеттері жайлы атап өтті.
-Президент өз сөзінде экономиканы әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, әлеуметтік салаларды дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басым міндеттерді айқындады. Сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мен мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды», — деп атап өтті проректор Ләззат Төлегенқызы.
Университет өкілдері профессор-оқытушы ретінде цифрландыру, құрылыс, су рурстары саласындағы инновациялық талаптарға ерекше назар аударды. Оқытушылардың айтуынша, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру үрдісін ескере отырып, университеттің түлектерінің білім сапасын арттыру қажет.
Райхан Рахметова
Фото: Сұлтан Сейітов