Қоғам

Өнегелі отбасыларға құрмет көрсетілді

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Берекелі отбасы – баянды болашақ» атты салтанатты іс-шара өтті. Аталған іс-шара Отбасы күніне орайластырып, отбасы және неке институтының әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты шара барысында 55, 60, 70 жыл бірге отасқан өнегелі отбасыларға құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара барысында елордамызда тұрып жатқан жарасымды 20 жұптың үлгі істері жастарға өнеге ретінде көрсетілді. Ұзақ жыл отасқан мерейлі отбасылар жас жұптарға ақжарма батасын берді. Олардың арасында 55 жылдан астам уақыт бірге отасқан 7 отбасы, 60 жылдан астам уақыт отасқан 11 отбасы және 70 жылдан астам бірге отасқан 2 отбасы бар. Мәселен, Қабжан Біләлов ақсақалдың отау құрғанына биыл 71 жыл толады, олар жұбайы Қапиза апай екеуі 9 баланы өсіріп жеткізген, 24 немере мен 21 шөбере сүйіп отыр.

Сонымен қатар, марапатталғандар арасында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді зейнеткерлері Алтыбаевтар, Дүзбаевтар, Джайкбаевтар, Авиловтар, Нурумовтар мен Ахмединдер отбасы бар. Олар Орталықтағы сауықтыру, зияткерлік, көркем өнер мен қолөнер үйірмелерінің тұрақты қатысушылары, қоғам өміріне белсене аралысып жүр.

«Бүгінгі іс-шара «2025-2029 жылдары «Белсенді ұзақ өмір сүру» атты егде жастағы азаматтардың жағдайын жақсартуға арналған шаралар аясында ұйымдастырылып отыр. Бұнда күміс тойларын тойлаған, алтын тойға жетіп ата-әже атанып, ұрпаққа үлгі боп жүрген, гаухар тойға қадам басқан үлгілі отбасылар жиналып отыр. Өмірлері ұлағат пен тәлім-тәрбиеге толы азаматтарымызды құрметтеп ұлықтауға тиіспіз. Оларға қарап ұрпақ өседі, шараның басты маңыздылығы да осы» — деп сөзін түйіндеді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Эльвира Шамшикенова.

Кеш барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткерлері мерекелік концертін ұсынды. Атап айтқанда, Алматы ауданының «Әдемі» вокалдық ансамблі «Жұбайлар жыры», «Найзағай көңіл», «Қаздар қайтқанда», «Бұлбұл» әндерін орындаса, Сарыарқа ауданының өнерлі зейнеткері Рауза Набиуллина «Эти глаза напротив» әнімен көпшіліктің көңілінен шықты.

Отбасы күніне арнаған шара отбасылық құндылықтарды дәріптеу, елімізде адамгершілікке негізделген ерлі-зайыптылықты насихаттау және руханиятты нығайту мақсатында өтті.

Шапағат ӘБДІР

фото: Сұлтан СЕЙІТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button