Ел тынысы

Астанада сот төрелігі саласындағы әйелдердің Орталық Азия диалогы өтті

Астанада «Әйелдер қауымы сот төрелігінде: бірлестік арқылы кәсіби даму» Орталық Азия диалогы өтті. Аталған шараны Конституциялық Сот Жоғарғы Сотпен және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Диалог жұмысына Конституциялық және Жоғарғы Соттардың судьялары, Қазақстанның, Орталық Азия елдерінің, алыс шет мемлекеттердің сот және құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.

Құрметті қонақтардың қатарында Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссияның Президенті (Венециандық комиссия) Клер Бази-Малори ханым, Халықаралық Сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) Президенті Памела Харрис ханым бар.

Диалогқа қатысушылар сот жүйесіндегі әйелдердің кәсіби дамуы мен көшбасшылығына, гендерлік теңдік пен сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын іске асырудың халықаралық тәжірибелерімен алмасуға байланысты көптеген мәселелерді талқылады. Әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы, зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын қорғаудағы, сондай-ақ цифрландыру сын-тегеуріндеріндегі рөліне ерекше назар аударылды. Диалог барысында қатысушылар азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын тұрақтылық пен қорғауды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін әзірлеу үшін тиімді өңірлік платформа бола алатын Орталық Азиядағы әйел судьялар қауымдастығын құру мәселесін көтерді.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова өз сөзінде бүгінгі таңда сот төрелігіндегі әйелдер тек кәсіби мамандар ғана емес, сонымен қатар өзгерістердің қозғаушы күші екенін атап өтті. Конституциялық Сотта қазіргі уақыттағы он судьяның үшеуін, Төрағаны қоса алғанда, әйелдер құрайды.

«Қазақстан Конституциясы заң мен сот алдында бәрінің теңдігін бекітіп, кез келген кемсітушіліктің түрін жоққа шығарады. Әйелдерге әділ сот төрелігіне және құқықтық мамандықтарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, біз қоғамның сотқа деген сенімін нығайтамыз және әрбір әйел өз әлеуетін жүзеге асырып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті дамытуға үлес қоса алатын кеңістік құрамыз. Дәл осы күнделікті қатысуда, әрбір шешім мен әрекетте нағыз көшбасшылық көрінеді – ол мінбермен ғана шектелмейді», — деп атап өтті ол.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев өз сөзінде қазіргі таңда әйелдер Қазақстанның судьялар корпусының 54%-ын құрайтынын атап өтті. Бірінші сатыдағы соттарда олардың үлесі 56%-ға, апелляциялық соттарда — 44%-ға, кассациялық соттарда — 63%-ға жетеді. Жоғарғы Сотта гендерлік теңдік қамтамасыз етілген: 46 судьяның 23-і әйелдер, оның ішінде қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы бар.

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, Елші Алексей Рогов әйелдердің мемлекеттік деңгейде, соның ішінде әділет жүйесінде шешім қабылдауға тең және тиімді қатысу мәселесі Орталық Азия мен бүкіл әлем үшін ТДМ-ның «Барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту арқылы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету» 5-ші мақсатына сәйкес басымдық болып табылатынын атап өтті.

«Осы тұрғыдан алғанда, біз Қазақстанның 2024 жылғы маусымда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіне қатысты резолюцияларын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарын жаңартқанын құптаймыз. Әсіресе, оған Орталық Азия елдерінде әділет және қауіпсіздік саласында әйелдер қауымдастығын құру мәселесін талқылауға арналған жеке тармақ енгізілуі ерекше қуантады», – деп атап өтті ол.

Шара қорытындысы бойынша сот төрелігіне тең және кемсітусіз қол жеткізуді ілгерілетуге, сот саласындағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бейілділігін растайтын бірлескен мәлімдеме қабылданды. Қатысушылар заңнаманы жетілдіру және гендерлік бағдарланған тәсілдерді енгізу мақсатында мемлекеттік органдармен, халықаралық және қоғамдық ұйымдармен белсенді өзара іс-қимылға дайын екендіктерін білдірді.

Шара БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған 1325 (2000), 1820, 1888, 1889, 1960, 2106, 2122, 2242, 2467 қарарларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 34-тармағын орындау аясында өтті. Бұл қарарлар әйелдердің қақтығыстардың алдын алу мен оларды реттеуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, хабардарлықты арттыруға, қақтығыстардың алдын алу және әйелдерді қорғау мәселелерінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейтуге тең және жан-жақты қатысуын көздейді. 34-тармақта Орталық Азия елдерінде әділ сот және қауіпсіздік саласындағы әйелдердің қауымдастығын (одақ құру) құру мәселесін бастамалау және талқылау көзделген. Оның мақсаты – 1325 (2000) қарарын іске асыру тәжірибесімен, нормативтік-құқықтық базамен, әдіснамамен, зерттеулермен, ұсынымдармен алмасу, сондай-ақ бірлескен іс-шараларды өткізу үшін алаң ұйымдастыру.

Әлемде түрлі салаларда, соның ішінде сот төрелігі саласында еңбек ететін әйелдерді біріктіретін қауымдастықтар жұмыс істейді.

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button