Басты ақпаратМәселе

Бас қалада бала қайда қыдырады?

Жаз келіп, каникул басталысымен, Астанаға ауылдардан ағылатын қонақтар көбейеді. Жалпы биыл елордаға 1,7 млн ішкі және сыртқы туристер келеді деп болжанса, соның аз бөлігі шетелдіктер, қалғанын өзіміздің азаматтар құрайды. Астана туризміне үлес қосатындардың бір бөлігі – әсем қаланы көруге құштар балалар.

«Бәйтеректен» бастайды

Астанаға келген қонақтардың бірінші баратыны – елорданың символы «Бәйтерек» монументі. Қаланы 97 метр биіктіктен көріп, зәулім ғимараттарды тамашалағысы келетін ағайынды жетектеп, монумент алдында әсіресе жазда көбейетін ұзын-сонар кезекке тұрасың. Кіру бағасы жалпы халыққа 2500 теңге тұрады. Ал 6-15 жас аралығындағы балаларға 1250 теңге, зейнет­керлерге 2000 теңге. Топтық билеттер бойынша 10 адамнан бастап ересектерге 2000, балаларға 1000, ал жеңілдікпен 1700 теңгеден сатылады. Көпбалалы аналар мен І, ІІ-топ мүгедектері тегін кіреді. Жалпы «Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады. Туристердің ең қызығатыны – «Аялы алақан» композициясы. Осы алақанға алақанын қойып, фотоға түсу – басты мақсат. Сол сәтте ішінен тілек тілейтіндер де бар. Ғаламат шардың панорамалық залынан Астананың кешегі және бүгінгі сәулеті – «ескі» және «жаңа» көрінісін тамашалауға болады. Сыртында да суретке түсіп жүргендер өте көп. «Секіріп ойнайтын жері жоқ, несі қызық?» деп балалар ғана көңілсіздеу шыққаны болмаса, үлкендер Бәйтерекке мінгенін мақтаныш етіп мәз болады.

Ailand бағасы бағамды ма?

«Басқа жақта тау бар, Астанада не бар?» деп сұрайтын қонақтарға елордада Ailand отбасылық демалыс орталығы бар деп мақтанасың. Оның ішінде ТМД бойынша тұңғыш ашылған мұхитарал да бар деп қосасың. Су қоры 3 млн литрге жететін мұхитаралда теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі мекен етеді. Бұл қызықты көргісі келетін 3-13 жас аралығындағы балалар 3800 теңгеге, үлкендер 4800 теңгеге билет алуы керек. Оның ішінде дүйсенбіден басқа күндері акулаға тамақ беруге, су перісінің шоуын тамашалауға, балықтарды жемдеуге болады. Балық жемдеу 1600 теңге тұрады. Одан басқа бұл орталықта аквапарк, экотариум, балаларға арналған шоу театры, Джунгли, сыртында шолу шеңберінен бастап, 10 шақты аттракцион түрі бар. Шолу шеңберінде бір айналу құны – 3400 теңге. Мұнда да көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Әдетте алыстан Астана деп қыдырып келгенде, бір көруге тұрады деп ел ақшасын аямайды.

«Атамекен» картасы қайда кетті?

Келетін қонақтар түгілі астаналықтардың көбі біле бермейтін, ашық аспан астындағы «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені танымдық жағынан қызықты орын болатын. Қазақстанның қай жерінде қандай тау, теңіз, ескерткіш болса, соның бәрін сыйғызған кешенге кіру бағасы да арзан еді. Соның бабы болмады ма, әлде адам аз барғасын ұстап тұруға қаржысы жетпеді ме, соңғы жылдары ашылмай қалды. Қазақ жерінің табиғи-климаттық аймақтары, ландшафт, сәулетті көркем ғимараттары мен көлік жолдарын көруге болатын кешеннің ендігі тағдыры не болатыны белгісіз.

2017 жылы ашылған ЭКСПО шары, яғни «Нұр әлем» көрмесі де келген қонақтардың қызықтайтын жері болған. Ол да өз миссиясын орындап бітті ме, әйтеуір былтырдан бері жабылып, орнына басқа мекеме ашылатын болды. Ішінде қойылған заттары жер, су, күн, жел және басқа ғарыштық құбылыстарға арналған көрменің қызығы 7 жылға жетті.

Музейлер жазда тегін

Биыл Астанадағы барлық музей балаларды тегін кіргізуде. Әсіресе, Ұлттық музейдің ішінде ежелгі тарихтан бастап бүгінге дейінгі кезеңдерді бейнелейтін қызықты жәдігерлер көп. Бәрін асықпай тамашалап аралағанда, 2 сағатта баланың танымы мен білімі де артып шығады. Алайда қалада көбі осы Ұлттық музейге ғана барады да, басқа шағын музейлерді аса біле қоймайды немесе баруға құлықты емес. Театрлар да жазда кезекті мау­сымын жауып, қазан айына дейін демалысқа кетеді. Одан қалды ерекше сәулетімен тартымды мешіттерге ата-аналар балаларымен бірге барып, ішін көрсетіп, уағыз тыңдап қайтады.

Саябақ толы адамдар

Астанадағы халық көп баратын ең танымал және үлкен саябақтарға Орталық қалалық саябақ, Ботаникалық бақ, Жетісу, Ататүрік, Жерұйық, Триатлон, Президенттік саябақтары жатады. Олардың ішінде сан алуан балалар алаңдары, аттракциондардың түр-түрі болады. Дегенмен бағалары да қымбат. Судағы үрілген шардың ортасында тұрып 5 минут айналу 1500 теңге, батутта 15 минут ойнау 1500 теңге, басқа да сондай түрлі ойын аттракциондарда ойнау уақыты тым аз болғанымен, соған алатын ақысы көптеу.

Триатлон саябағындағы дөңес­тен төмен шар шеңбермен 5 рет сырғанау 2000 теңге тұрады. Бір емес, бірнеше баламен барсаңыз, олар тек бір аттракционмен шектеліп қалмай, бәрін көргісі келеді. Оған қоса мұндай жердегі балмұздақтардың, тамақтардың да, көпіршік шығаратын ойыншықтардың да бағасы базар түгілі қаладағы кәдімгі қалыпты дүкендерден қымбаттырақ болады. Күн ыстықта бала жиі шөлдейді, бұл саябақтардағы 1 бөтелке судың да құны біраз көтеріңкі. Сондықтан суды үйден толтырып құйып, арқалап шығуыңыз керек. Бизнестің көзін тапқандар әрине Астананың тез өтетін қысқа жазын барынша пайдаланып, көбірек ақша тауып қалуды ойлайды. Бірақ балаларын ертіп барғасын, көзін жәутеңдетпейін деп сұрағанын алып беріп, қайтарда қалтасын сипап қайтатын қарапайым халықтың жағдайын ешкім ойламайды. Тағы бір айта кетерлігі – саябақтардағы тегін ойнайтын жабдықтардың бастапқыда ғана бүтін болып, көп уақыт өтпей сынып, бүлініп қалатыны. Осындайда адамдардың мәдениетінің төмендігіне қарның ашады.

Ханшатыр және сауда орталықтары

Астанадағы ерекше сәулетті құрылыстардың бірі – «Хан шатыр» сауда орталығы да қонақтар үшін аңыз болған, ауылдағы ағайынға алыстан аты таныс нысан. Бірақ оның да жай сауда дүкендері мен ойын алаңдарынан тұратын ғимарат екенін көбі бір кіріп шыққан соң ғана біліп жатады. Бұл жерден түрлі жеңілдіктермен сәнді киімдер мен сыйлықтар алып, қонақтарды қуантуға болады. Жоғарғы қабатында ерекше аттракциондар мен бассейндер бар. Олардың бағасы да «ерекше». Басқа да сауда орталықтарындағы жағдай осындай. Бұл орталықтарда елдің көп баратыны әрине – кино­театрлар. Қай жақтан келсе де, өз қаласында кинотеатрға барып жүрген балалар бұған аса таңқалмаса да, Астананың киносын елорданың бургері мен попкорнының дәмін татып отырып, көріп кетуді жөн санайды.

Астанаға Disneyland керек-ақ

Қысқасы, Астанада қыдыратын жер елдің бәрі салыстыратын Алматыдан аз болса да бар. Бағасы да баршылық, тек жеңілдіктерін байқап, бағамдап қарап отырып, төмен бағамен серуендеуге болады. Көрші Өзбекстан Диснейлендін салып тастады. Елордада да жаңа туристік кешен салынады деп жатыр. Бірақ ол Disneyland емес. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, бұл – құрамында үлкен ойын-сауық паркі бар жоба. Аталған кешен «Барыс Арена» мұз сарайының маңында орналасады. Ол жерде тек ойын-сауық орталығы ғана емес, үлкен сауда орталығы мен халықаралық деңгейдегі қонақүйді қамтитын ауқымды кешен болады. Жобаға шетелдік инвестор қаржы құйып отыр екен. Әзірге елордаға қыдырып келген балаларды апаратын орындардың негізгілері – осылар. Астана кішкентай туристерін де таңқалдыруы үшін әлі талай жұмыстар жүргізу керек.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button