Шаттық гала концерті өтті

Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Шаттық–2026: батыл эксперименттер кеңістігі» атты қалалық шығармашылық байқаудың гала-концерті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қатысып, көрермендермен бірге концертті тамашалады.

Кеш «Бір қала. Мың талант» атты бейнеинтро мен біріккен хорлардың қатысуымен ашылды. Одан әрі бағдарлама ұлттық дәстүрлердің сабақтастығы мен олардың заманауи көрінісін паш еткен «Мұрадан болашақ астанаға», тұлғаның ішкі таңдауы мен құндылықтарын ашқан «Үміттің мөлдір сәулесі», әр адамның ел дамуына қосатын үлесін көрсеткен «Жауапкершілік коды», кітап оқу мен ойлау мәдениетінің маңызын дәріптеген «Сөзден туған әлем», сондай-ақ адам мен технологияның өзара байланысын бейнелеген «Digital-дәуір» бөлімдері арқылы жалғасты. Бұл бөлімде жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейгенімен, шешім қабылдау әрдайым адамның өз қолында екені көрсетілді.
Гала-концерттің ерекшелігі — заманауи сахналық шешімдер мен «Шаттық» атты виртуалды AI-жүргізушінің қолданылуы болды.

Концерт барысында қатысушылар ән айтып, би билеп, түрлі шығармашылық нөмірлер ұсынды.
Бұл гала-концерт тек байқаудың қорытындысы ғана емес, сонымен қатар елорданың шығармашылық әлеуетін, жас ұрпақтың энергиясын және олардың Қазақстанның болашағын қалыптастыруға дайын екенін көрсетті.
Айта кетейік, биылғы байқауға Астана қаласының білім беру ұйымдарынан 8 000-нан астам бала мен жасөспірім қатысты. Нәтижесінде 900-ден астам қатысушы жеңімпаз және жүлдегер атанды.

«Бүгінгі әр нөмірдің өзіндік ерекшелігі болды. Мысалы, біздің нөмірде «Көзіңнің мөлдірін ай» атты дәстүрлі ән орындалды. Біз бұл туындыны көрерменге жаңа қырынан, заманауи бағытта жеткізуге тырыстық. Сонымен қатар, әннің мазмұнына сай арнайы сахналық көрініс те қойылды.
Жалпы, бұл мен үшін балалық шағымдағы осындай үлкен сахнаға шығып, шығармашылық ортада өнер көрсету – мен үшін әсерге толы ерекше естелік болып қалды» деді қатысушы Шолпан Сұлтанбек.
Шапағат Әбдір



