Әкенің орны ерекше
Сөзді әріден бастасақ, бүгінгі ерке қыздың ерсі қылықтары әкесінің үйінен асып, «көшеге» шығып кетті деуге болады. Егер қыз-бозбала бақта қар атысып ойнап жатса, қыстың қызығы әрі заманы бір құрбылардың жарасымды қылығы деп қоя саламыз. Кейде осы еркіндік шегіне жетіп, қатар келе жатқан ұл мен қыз ойнап болса да тебісіп қалғанын көргенде ерсі көреміз. Бүгінгі қыздардың көбінен қазір иба кеткен, жігітке қол көтеруден тартынбайды. Көшеде келе жатып, жігітті желкесінен нұқып, не арқасынан салып қалса, жігіттер де «қыңқ» демейді. Өйткені оның ырымға жаман ерсі қылық және тыйым екенін жете түсінбейді. Қателік кімнен кетті? Заман ба, қағынған бала ма әлде қызын бетімен жіберген ұясы ма?
Баланың тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек. Әкенің сұсы қалмады деп бұрын да жазғанбыз. Оны қайталап қайтейін. Бірақ неліктен сұсы кетті деген сұрақтың жауабын іздеп көрейік.
Әкенің сұсы дегеніміз – оның отбасындағы шексіз билігі мен сөзсіз беделі. Шексіз билік үлкен жауапкершіліктен туындайды. Бұл отбасыларда әке мен ананың орны мен атқаратын міндеті айқындалған. Әке – асыраушы, биік қорғаны және әділетті басқарушы болып саналады. Ана – әкенің беделін сақтаушы, жарының сөзін емеурінінен түсініп, қабағынан танып, түтіннің түзу шығуына жауапты. Қазіргі менталитетке салсақ, әкенің бақылауын қаттылыққа салып және олардың бостандығына шектеу деп байбалам салуы мүмкін. Бірақ балаға ата-анасына артық жақыны мен жанашыры кім?
Алайда қоғамдағы өзгерістер, еуропалық үлгілер әкенің бала алдындағы рөлін шайқап жіберді. Көбіне отбасында мал тауып жүргеннің беделі үстемдік алады. Қазақтың еркегі бұрыннан балажан, оны жоққа шығармаймыз. Алайда бұрынғы балажандық отбасының бақуаттылы, тәрбиенің түзулігінен анықталушы еді. Қазіргі әке ананың міндетіне араласып, «қарағым», «қалқам», «қызым» демейді, «доча» деп есіртеді. Төбесінде секіртеді. Қызының шалкес мінезін елемей, шолжаңдығын еркелікке сайып, тіпті тәлпішке айналдырып жүр. Кісіден именуді білмеген, ер азаматқа тік қарайтын қыз бала өсе келе сол мінезімен азаматтың бағасын төмендетеді. Өз дегені болмаса, әкесіндей есіртпесе, дүние қараң. Алайда бұл әкеден кеткен қателік болса, екінші жағынан әкесіз өскен баланың шарасыздығын да ескерген жөн.
Рас, әке – қыздың өмірінде пайда болатын алғашқы ер адам. Бірақ баласы арқа тұтқан әкенің де қадір-қасиеті кеміп барады. Толық емес отбасылар саны артып келеді. Ол жерде әкенің орны туралы айта алмаймыз, қыз бала әкенің көлеңкесін көре алмаған соң, байғұс бала өзіне ғана сенеді.
Сонымен қатар, соңғы кезде бала күтіміне жиі араласатын еркектер жетіп артылады. Бұл құбылыстың үрдіс алғаны соншама бала емізбегеннің бәрі әкесі міндетіне алатын болды. Ер адамдар балаларды тәрбиелеуге көбірек араласып, тіпті жаңа туған нәрестелердің күтімін де мойнына ала бастады. Бұл да дұрыс шығар, бірақ үлгілі әкенің жауапкершілігі жаялық жуумен бітпейді. Нағыз әке қамқорын қажет ететін маңызды белестер есейе келе алдынан шығады. Сол кезде жанұяға жайлы қолбала емес, кесіп сөйлейтін, бір шешімді күшті әке қажет болады.
Ана қызына отбасында өнеге, ал әке баланың болашағын бекітеді, сыртқы әлеммен байланысын, сол ортада өз жолын табуға үйретеді. Балалар аналарынан мейірімділік, нәзіктік, сезімталдық сияқты ішкі дүниесінің байлағын алса, әкелерінен батылдық, ерік-жігер және күресу және жеңіске жету қабілетін алуы тиіс. Күнделікті тірлікте әкелер адамгершілік шарттарын қалыптастырады. Әрине, өз мінез-құлқы мен жеке үлгісі арқылы, өмірде болып жатқан оқиғалар мен әрекеттерге белгілі бір көзқарас білдіре отырып, мінез-құлқының негізін қалайды. Осылайша, ата-аналар балаларын баулып, ұядан ұшқанда алып шығатын дүниесін қамқорлайды.
Әкенің жауапкершілігі отбасын қамтамасыз етуге жауапкершілікті, яғни асыраушы рөлін және шешім қабылдауға жауапкершілікті, яғни отбасы басшысы рөлін білдіреді. Жалғыз түйір ұл мен жалғыз түйір қыздың бетіне қарап, асты-үстіне түсіп «дочалап» есірген қызды тәрбиелеп, қоғам алдындағы, ұлт алдындағы бар жауапкершіліктен құтылуға болмайды.
Отбасындағы әкенің орнын, әке тәрбиесін, өнегесін ұлттық құндылық деп қабылдамайынша, қазақ отбасындағы өзгерістердің бәрі жақсылыққа алып келмеуі мүмкін. Қазақтың азаматы ұлы мен қызының болашағына жауапкершілік танытып, өз төріндегі орнын сайламаса, көшедегі көріп жүрген ерсі қылықтар өз үйімізде де орын алып, қайда қашып құтыларымыздың білмей дал болуымыз әбден ықтимал.
Айгүл УАЙС



