Туристерге жадынамалар таратылды
Елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының мамандары «Бәйтерек» монументінің маңында туристерге олардың құқықтары мен міндеттері туралы хабардар ететін жадынама таратты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Біз арнайы жадынамалар дайындадық. Оларды Нұржол бульварында орналасқан «Бәйтерек» монументіндегі, сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының халықаралық терминалындағы туристік ақпараттық орталықтардан алуға болады», – деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының департаментінің директоры Базарбек Қамысбаев.
Халықаралық әуежай терминалындағы туристік ақпараттық орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Ал «Бәйтерек» монументінің ішіндегі орталық таңғы сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін туристерге қызмет көрсетеді. Орталықтарда мамандар елорда қонақтарының кез келген сұрағына үш тілде жауап бере алады.
Орталықта қызмет көрсететін маман Әсел Аспандиярдың сөзінше, қыста оларға күніне 5-10 турист жүгінсе, қазіргі уақытта олардың саны 15-20-ға артқан.
«Жаз кезінде бізге жүгінетін туристер саны көбірек болады. Олардың дені, әсіресе, шетелдіктер қаланың қандай көрікті жеріне баруға болатынын сұрайды. Кейде такси қызметіне көмек көрсетуімізді өтінеді. Ал еліміздің өзге өңірлерінен келетін қонақтар көп жағдайда белгілі бір мекенжайға қалай баруға болатынын сұрап жатады. ТМД елдерінен туристер жиі келеді. Еуропа, АҚШ, Қытай елдерінен де келіп тұрады», – деді Әсел.



