Басты ақпаратМәдениет

Қылқалам сөйлеткен шындық

«Сурет – үнсіз поэзия, ал поэзия – сөйлейтін сурет» деп әлдебір ойшылдың айтқаны бар емес пе?! Мүмкін бұл Пабло Пикассо немесе ежелгі грек ақыны Симонидтің айтқан сөзі болсын – бәрібір. Бастысы, бейнелеу өнері мен сөз өнерінің табиғаты бір-бірімен тамырластығын жақсы ашып-ақ тұр. Расында да, қылқалам мен қаламның өрнегі екі бөлек болғанымен, екеуінің де көздегені бір – адам жанын толқыту, жүрекке әсер ету, санаға сәуле түсіру. Суретші бояу арқылы ойын жеткізсе, ақын сөз арқылы сурет салады.

Бүгінгі күні осы қос өнердің де арнасы сан тарауға бөлінді. Заманауи кескіндеме енді тек әсемдікті бейнелеумен шектелмей, ол қоғамның тамырын ұстап, адамзаттың ішкі күйзелісін, уақыттың ащы шындығын бедерлейтін қуатты құралға айналды. Қылқалам енді бояу емес, ой. Сурет – енді көрініс емес, пікір.

Қазақ бейнелеу өнерінде де қылқаламын кемпірқосақтай құбылтып, бояуын терең мағы­наға айналдырып жүрген суретшілер аз емес. Солардың бірі  – әлеуметтік тақырыптарды өз туындыларына арқау етіп, әлем назарын аударған суретші Аңсаған Мұстафа. Жақында біз оның «Сөйле, сурет» атты Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі 200-мерейтойлық көрмесіне барып қайттық.

Бұл жоба алғаш рет 2014 жылы Астанада бастау алып, кейін еліміздің көптеген қалаларында таныстырылған. Бүгінде суретшінің туындылары әлемнің 30-дан астам елінде қойылып, көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерген. Ал Ұлттық музей қабырғасындағы бұл көрме – суретшінің шығармашылық жолындағы екі жүзінші белесі. Экспозицияға заманауи қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын жетпіске жуық графикалық туынды қойылған.

Көрмеге кірген сәттен-ақ суретшінің әр картинасы санаға сәуле түсіріп, көңіл түкпіріндегі көмескі ойларды оятқаны анық. Сондықтан да бұл – көрме ғана емес, бұл бояумен қоғам тамырын дөп басып қойылған әлеуметтік диагноз. Автор жалғыздық, технологиялық тәуелділік, отбасы құндылықтарының әлсіреуі, жұмыссыздық, цифрлық тәуелділік сынды жаһандық мәселелерді графикалық символдар арқылы шебер бейнелеген.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы суретшінің халықаралық деңгейдегі көптеген көрмелері көрермен жүрегінен орын тап­қанын атап өтіп, бұл экспозицияның да ел назарынан тыс қалмайтынына сенім білдірді.

«Аңсаған Мұстафаның туындылары көрерменді ойлануға, қоғамдағы өзгерістерге тереңірек қарауға жетелейді. Музей әрдайым осындай көрмелерді ұйымдастыру арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін шығармашылық бастамаларды қолдап келеді» деді ол.

Шынында да, көрмеге қойыл­ған картиналарға қарап отырып, өнерде шекара жоқтығын сезінесің. Аңсағанның туындылары белгілі бір ұлттың немесе қоғамның мәселесін емес, тұтас адамзаттың ортақ күйін бейнелейді. Сондықтан оның суреттері әлемнің қай түкпірінде көрсетілсе де, көрерменнің жүрегіне жол табады.

Ал бізге көрмедегі ерекше назар аудартқан туындылардың бірі – «Боқ қоңыз» картинасы. Қазақ ұғымында «дүниеқоңыз» деген сөз бар. Бұл тіркес тезегін домалатып бара жатқан қарақоңыздың әрекетінен алынған. Яғни мал-мүлікке, дүние жинауға құмар адамды халық сол жәндікке теңеген. Суретші осы ұлттық танымды заманауи символикамен ұштас­тырып, терең астарлы дүние жасаған.

Аталған картинада қара қоңыз әлеуметтік желілердің логотиптерін домалатып бара жатады. Бұл – қазіргі адамның виртуалды әлемге тәуелділігінің метафорасы. Бұрын адам мал-мүлікке байланса, бүгінгі адам экранға байланды. Әлеуметтік желі – адамның уақытын, назарын, еркіндігін домалатып алып бара жатқан цифрлық «тезекке» айналғандай. Мұндағы қарақоңыз – қазіргі заман адамының өзі. Автор акрил бояудың контрастық реңктері мен символикалық композиция арқылы әлеуметтік желіге шырмалған қоғамның шынайы келбетін ашып, міне, осылайша ашып көрсеткен. Бір қарағанда, мысқылға ұқсайтын бұл сурет шын мәнінде адам санасының тәуелділікке түскен трагедиясын әшкерелейді.

Тағы бір әсерлі туынды – «Үйленгім келеді» картинасы. Бұл шығармада қазақ қоғамындағы несие мен той мәдениетінің қайшылығы бейнеленген. Картинада баласына «Балам, біз үйленгенде алған кредитті жауып алайық, содан кейін үйленерсің» деген әкенің сөзі эмоциялық қуатпен берілген.

Бұл да қарап тұрсаңыз, әкенің өткендегі қарызы баланың болашағына салмақ болып түскен тұрмыстық көрініс ғана емес, тұтас бір буынның әлеуметтік ахуалы ғой. Міне, осылайша суретші композициялық драматизм арқылы қарызға белшеден батқан қоғамның психологиялық қысымын көрсетеді. Той қуаныш емес, қаржылық ауыртпалыққа айналған. Қазақтың қуанышы несиеге тәуелді болған сайын, жас ұрпақтың еркін шешім қабылдау мүмкіндігі азая түседі. Бұл картинада суретші отбасылық диалог арқылы әлеуметтік трагедияны көрсеткен деп бағамдадық іштей.

Ал көрмедегі ең терең философиялық туындылардың бірі – жасанды интеллект белгісіне жалғанған қолмен қазақтың бесігі тербеліп тұрған сурет. Бесіктің ішінде үлкен ми жатыр. Бір қарағанда, тосын көрінетін бұл композиция іштей өзіңізге сұрақ қойғызатындай. Тіпті санаңызды қытықтағандай сезім береді. Бесік – қазақ үшін тәрбие мен ұлттық сананың символы. Ал суреттегі жасанды интеллект белгісі – технология­лық дәуірдің белгісі. Автор осы екі ұғымды қатар қойып, бүгінгі ұрпақтың санасын енді ана әлдиінен бұрын цифрлық кеңістік тәрбиелеп жатқанын меңзеп тұр деп түйсіндік. Міне, осындай суреттері арқылы суретші адамзаттың рухани кеңістігіне технологияның тым ерте еніп кеткенін қалай шебер жеткізгеніне таңғалып тамсанбай тұра алмайсың.

«Бұл суреттерді салып жүргеніме көптеген жылдар болды. Бір суретімнің бірнеше нұсқасы болады кейде. Ал ең алғашқы әлеуметтік тақырыптағы суретімді небәрі он бес жасымда салған екенмін. Содан бері екі жүзге жуық сурет салыппын. Оның алпыс тоғызы Ұлттық музейдегі көрмеге қойылған. Бір түсінгенім, бұл суреттерімді тек қазақ қана емес, әлемнің көптеген елі өте жылы қабылдады. Себебі қазіргі біздің кешіп жатқан көңіл күйімізді барлық халық кешіп жатыр. Әлеуметтік тақырыптарымыз ортақ. Сондықтан оларға менің салған суреттерім жат көрінбейді» дейді автор өзі де.

Шынында да өзі айтпақшы, оның туындылары белгілі бір ұлтқа ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ мәселелерді көтереді. Сондықтан оның картиналары ұлттық бояумен салынғанымен, мазмұны жаһандық сипатқа ие. Нағыз өнердің құдіреті де тілсіз-ақ түсіндіруі мен үндемей-ақ ойландыруында ғой қашанда.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button