Қоғам

Жүрегі кең дәрігер

Астанадағы №2 қалалық емхана директорының сапаны бақылау және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Майра Амангелдіқызы – 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер. «Адамдарға қамқорлығың мен көмегіңді ешқашан аяма» деп өсірген әкесінің бағыттауымен медицинаны таңдаған ол сол аманатқа адалдығын сақтап келеді.

Майра Ахметова 1968 жылы Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданында дүние­ге келген. 1992 жылы Қарағанды медицина институтын тәмамдап, педагогика саласынан жоғары білім алған жолдасы екеуі жас маман ретінде Ақмоланың Ерейментау ауданы Торғай совхозына жолдамамен келеді. Осылайша ол еңбек жолын ауыл дәрігері болып бастап, 2001 жылға дейін сол жерде ауыл халқына қызмет етеді. Сол жылы Астанаға көшіп келіп, №2 емханаға учаске дәрігері болып орналасады. Бұл жұмыста да науқастарды қабылдап, шақыртқан тұрғындардың үйіне барып, елорданың денсаулық саласын дамытуға атсалысады. Тәжірибелі маманды басшылық 2007 жылы профилактика және әлеуметтік көмек бөлімшесінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Негізгі қызметіне қосымша қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласты. Бірнеше жыл сайлау комиссиясының төрағасы болған, партияның бастауыш ұйымын басқарды. 2011 жылдан бастап қазіргі қызметінде. Жолдасымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген кейіпкеріміз осындай жетістікке жету жолында отбасы қатты қолдау білдіргенін, егер олар болмаса бұл табысқа жете алмайтынын айтады.

– Әкем 83 жасқа келсе де әлі күнге жағдайымды біліп, жұмысымды сұрап, ынталандырып отырады. Сосын үйде жұбайым да менің жұмысымды түсініп, балаларды тәрбиелеуде жәрдемін аямады. Жауапты жұмыс болған соң ерте кетіп, кеш келесің, демалыста да, мереке кезінде де көбіне үйде болмайсың, соның бәріне түсінікпен қарайды. Қазір үлкен қызым мен ұлым отбасылы болып, олардан 4 немере, жиен сүйіп отырмын. Кіші ұлым – журналистика саласында студент. Жалпы дәрігер деген – ізгі мамандық, көп адамға көмегің тиеді, елден алғыс аласың, осындай мәртебелі қызмет иесі болғанымды мақтан етемін, – дейді Майра Амангелдіқызы.

Жоғары оқу орнында алған теориялық білім мен тәжірибені ұштастыру оңай емес. Сол себепті кейіпкеріміз тәжірибелі маман, басшы ретінде кейінгі жас мамандарды да тәрбиелеп, тәлімгерлік қызмет етеді.

– Емхана жұмысы сан қырлы,
қызықты. Еліміздің денсаулық сақтау саласында түрлі реформа өте көп болды, соның бәрін енгізіп отырдық. Негізгі жұмысым – дәрігерлермен жұмыс істеу, жаңашылдықтарды енгізуге бас­тама көтеру, медициналық көмек көрсету сапасын бақылау. Сонымен қатар пациенттерді қолдау бөлімін басқарамын, – дейді ол.

Былтыр 75 жылдығы аталып өткен №2 емханаға 58 мың адам тіркелген. Көбі – егде жастағылар. Сол халыққа консультация-­диагностика көмегін беру – жоғары санатты дәрігер-терапевт, ұйым­дастырушы Майра Ахметованың басты қызметі. Осындай табанды еңбегі бағаланып, ол «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен де марапатталған.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button