Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметке лайық. Өз саласын өмір бойы меңгеруге, әркез шыңдала түсуге дағдыланған ұстаздардың еңбегі әсіресе айрықша. Білім мен білік, қажыр мен қайрат сынға түсетін ұстаздық қызметті өмірінің мәні де, сәні де ете білген, жаңашылдыққа ұмтылған сондай педагогтың бірі – елордалық Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Назым Ирбаева.
«Мұғалім болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиетін оқушы бойына дарыту. Әр сабағыма қанаттанып кіремін. Бұл – өз пәніме, шәкірттеріме деген сүйіспеншілік. Үнемі сабақта балаға нені оқытамын және қалай оқытамын деген ізденіс үстінде жүремін» деген Назым Мақсатқызының бұл пікірі – нағыз ұстаздың жүректен шыққан, қанша жылдық тәжірибесінен түйген ойы.
«Мектепті үздік бітіргеннен кейін, Семейдегі Шәкәрім атындағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Семей қаласындағы №42 орта мектепке жас маман болып жұмысқа тұрып, білім ордасында 20 жылдан аса мұғалім, әдістемелік оқу орынбасары, оқу орынбасары болып қызмет атқардым. 2019 жылы отбасымызбен Астана қаласына көштік. Ал бүгінде Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейде алтыншы жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. Жалпы ұстаздық жолда жүргеніме 35 жыл толып отыр. Менің мұғалімдік мамандығымның бастауы – өзімнің анам. Бар өмірін бала оқытуға арнаған ол биология пәнінен сабақ берді. Ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР оқу ісінің озық қызметкері», «Методист-мұғалім» секілді құрметке ие болған анамның еңбек жолын үш баласы да жалғап, отбасының бүгінде педагогикалық еңбек өтілі 135 жылды құрайды» деді ұстаз.
Білікті педагог балаға жүрек жылуын сыйлау, олардың қарым-қабілетін үнемі жетілдіріп отыру, сабақ барысында жаңа әдіс-тәсілдерді үздіксіз пайдалануды басты ұстанымы еткен. Айтуынша, бүгінгі қоғам педагогтардан теориялық, әдістемелік білімнен бөлек, креативтілікті қажет етеді.
– Қазіргі ақпарат легі толассыз ағып жатқан заманда балалардың кітап оқуға деген құлшынысының бәсеңдегені рас. Осындай қиыншылықтан шығудың бір жолын өз пәнімнен іздедім. Бұл әдісті әдебиет сабағында көлемді шығармаларды оқытудың ең тиімді жолы деп айта аламын. Аталған шығармашылық тапсырманы «Сөзмаржан» деп атадым. Тапсырма картотека теру тәсілімен жүзеге асады. Оқушылар көркем шығарманың ішінен троптың, айшықтаудың, қайталаудың түрлері, мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерімен қатар, автор қолданысындағы ұлттық реңк, ұлттық нақышты танытатын сөздерді теріп, мағынасы мен мәнін айқындайды, талдау жасайды. Байқағаным, үйге берілген шығармашылық тапсырманы балалар аса бір қызығушылықпен орындайды. Осы тәсіл арқылы шәкірттерім әдебиеттің тілімен бірге шығарманың эстетикалық, философиялық мәнін, тереңдігін таниды. Нәтижесінде сыныбымдағы оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығы оянды. Бүгінде «Оқимыз. Талдаймыз. Бөлісеміз» аталған бұл жоба мектеп кітапханасында тоқсанына екі рет дөңгелек үстел түрінде өтеді. Әдебиет пәні – құндылыққа толы пән. Оны оқыту барысында белгілі бір тақырыпқа шығарма, эссе, мақала, хат, әңгіме, құттықтау мәтіндерін жазуға айрықша мән беріледі. Осындай тапсырма түрлерін орындауда қолданатын ерекше тәсілмен бөліскім келеді. Бұл тәсіл – қазақ халқының ұлттық музыкалық шығармасы, күй жанрын жазылым дағдысына кіріктіру. Яғни қазақ халқының аспаптық күйлерін баяу қойып, тыңдату арқылы жазылым тапсырмасын орындату. Бірнеше жылдан бері қолданып келе жатқан бұл күй құралды «Күй күмбірі» деп атадым. Сезім мүшелерінің бірі – есту қабілеті арқылы бала жүрегіне жеткен күй оның миын тыныштандырып, тұйықтықтан еркіндікке, шығармашылық қабілетінің ашылуына жағдай туғызады. Күйді тыңдай отырып, жазылым әрекеті кезінде сыныпта жағымды ахуал орнайды. Бұл әдіс баланың психикасына оң әсер беріп, ойын шоғырландыруға, айналадағы өмірді эмоционалды түрде қабылдауына жол ашып, өмір, дүние, құбылыс туралы түсінігін нақтылай түседі, – деді Н.Мақсатқызы.
«Мектептегі оқушыларым – менің де балаларым» деген ұстаз өз ұстанымын оқушыларды шығармашылыққа тәрбиелеу, дарынды балаларды шыңдап отырумен байланыстырады. Әсіресе оқушыларды ғылыми жоба, олимпиада, зияткерлік сайыстарға дайындауды мақсат ететін педагогтың шәкірттері жылда республикалық деңгейдегі байқаулардың үздіктері қатарынан табылады. Оқушылар жақсы көрсеткіш көрсетіп, соңғы екі жылда республикалық деңгейде ғылыми жоба қорғаудан жүлделі орындармен оралатынын ұстаз мақтанышпен бөлісті. Педагогтың сөзінше, мұғалім еңбегінің жемісі шәкіртінің жетістігімен көрінеді.
«Қазіргі таңда ұстаз есімі ардақталып, тартымдылығы арта түскені сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң еніп, педагог еңбегі жақсы дәріптеліп келеді. Цифрлы технологиялар қарыштап дамыған заманда дарынды балалар өте көп. Біздің басты миссиямыз – олардың талантын ашуға септесу, шамшырағы болу» деді педагог.
Индира БЕРЖАНОВА