Жастармен жүйелі жұмыс
Астана қаласында 14-35 жас аралығындағы жастар саны 455 мың адамды құрайды. Олардың арасында 15 жоғары оқу орнында 79 мың, 32 колледжде 36 мың студент білім алады. Бұл туралы коммуникациялар қызметінің алаңында Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев мәлім етті.
Ведомство басшысының айтуынша, жастар саясаты – көпсалалы бағыт. Мысалы, тұрғын үй мәселесі бойынша биыл «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер қабылдау 1-6 ақпан аралығында өтті. Жалпы 200-ге жуық несие берілді. Ал «Жұмысшы жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін пәтер» бағдарламасы жылдың соңына жоспарланған.
Жұмыспен қамту бағыты бойынша қалалық Еңбек мобильділігі орталығымен бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 9 мың жас қамтылды.
«Жасыл ел» жобасы аясында 2 айда 3700 адам жұмысқа орналасты. Жаздың соңына дейін 4200 адамды қамту көзделген. Сол сияқты жастар «Таза Қазақстан» экология акциясы аясында «Таза дүйсенбі», «Сәтті сәрсенбі», «Жасыл Астана» сияқты іс-шараларға қатысуда. «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – тек сенбіліктерге қатысу ғана емес, сонымен қатар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру. Мысалы, жақында насыбайды өртеу бойынша көлемді акция өткіздік, тұрақты негізде «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы, есірткі бояуларын өшіру бойынша рейдтер өтеді» дейді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастармен де жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда NEET санатындағы жастар үлесі – 6,4% немесе 27866 адам.
Сонымен қатар Joltap жобасы табысты жүзеге асып келеді. Бұл бастама – жастардың табысын арттырып, тұрақты табысқа ие болғысы келетін Астана тұрғындарына арналған мүмкіндіктер бағдарламасы.
«Қала тұрғындары 8 модульдік пункттерге жолығу арқылы қысқамерзімді оқытуларға жазыла алады. Осылайша, барлығы 4,3 мың азамат өтініш білдіріп, мемлекеттік қолдау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндігі бойынша кеңес алды, жұмысшы мамандықтары мен цифрлық дағдыларды игеру үшін қысқамерзімді оқытуға жазылды. Қатысушылар 8 жұмыс мамандығы (тігінші, модельер-конструктор, бариста, сатушы-кассир, электргазбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқ киім жөндеу және кілттер дайындау, жиһаз дайындау негіздері) және 7 цифрлық мамандық (SMM, таргет, мобилография, графика дизайны, видеомонтаж, веб-дизайн, негізгі цифрлық дағдылар) бойынша оқытылады» деді Самат Ибраев.
Ойынқұмарлықпен күрес жолында жыл басынан ойынға тәуелділік пен лудоманияның алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 500 ақпараттық парақша, брошюра мен буклет таратылды, сондай-ақ орта арнаулы оқу орындарының студенттерімен психиатр-дәрігерлер, жоғары санатты наркологтардың қатысуымен 6 профилактикалық кездесу өткізілді.
Жастар саясаты басқармасына қарасты «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басты бағытының бірі – волонтерлік қызмет. 2020 жылдан бері қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Штабтың қызметіне 30-дан астам волонтерлік ұйым, 20 бастамашыл топ, мемлекеттік жастар саясаты саласында қызмет етіп жүрген 8 үкіметтік емес ұйым, республикамыздың 20 медиалық тұлғасы шақырылды. Жас волонтерді қызметке қабылдамас бұрын ол «Еріктілер мектебінен» өтеді. Бұл волонтерлерді әртүрлі деңгейдегі іс-шараларды өткізуге дайындайды. Бағдарламада ел тарихын білу, алғашқы медициналық көмек көрсету, әртүрлі елдердің менталитетін зерттеу, жанжалдарды шешу модульдері енгізілген. Жалпы волонтерлер түрлі экологиялық, әлеуметтік, медициналық, event, төтенше жағдай салаларындағы акцияларға қатысып, белсенділігін көрсетуде. Мысалы, 4 шілдеде өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымдарының саммитіне 200 волонтер тартылды. Олар қонақтарды күтіп алу, алып жүру, қытай, ағылшын тілдерінен аудару қызметтерін атқарды.
«Астана жастары» орталығынан басқа, қалада көптеген профильді волонтерлік ұйым бар. Мысалы, Lider.kz – жоғалып кеткен адамдарды іздеу тобы; «Стоп-отлов», «Теремок» – жануарларды қорғау, оларды асырау бойынша баспана; «Күміс волонтерлер» – зейнеткер-волонтерлер тобы; «Қазмед жастары» – медицина саласындағы волонтерлер бар. Волонтерлік – бұл ерікті жұмыс. Жастар өздерінің уақытын тиімді өткізу, жаңа достар табу, қоғамдық өмірге араласу сияқты мақсатты көздейді.