Ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының делегациясы Әзербайжан Милли Меджлисіндегі әріптестерімен кездесті. Екі ел Парламенті Палаталары аппараттарының басшылары Максим Споткай мен Фарид Гаджиев кездесу барысында алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты одан әрі арттыру және ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Өз сөзінде Максим Споткай жоғары деңгейдегі тұрақты өзара сапарлардың маңызына назар аударып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда Мемлекет басшыларының рөлі зор екенін атап өтті. Сұхбат кезінде екіжақты байланыстың дамуында парламентаралық ынтымақтастықтың да маңызды орын алатыны айтылды.
Фарид Гаджиев екі мемлекеттің қарым-қатынасы ортақ тарихи және мәдени құндылықтарға, сондай-ақ, достық пен бауырластыққа табан тірейтінін тілге тиек етті. Сонымен қатар Қазақстан Парламентінің делегациясы Милли Меджлисі мен оның аппаратының құрылымымен, қазіргі комитеттер мен комиссиялардың жұмысымен, Әзербайжанның сайлау жүйесімен және заң шығару үдерісімен танысты. Сондай-ақ Парламенттен орын алған партиялардың қызметі және өкілдік органның сыртқы байланысы да назардан тыс қалған жоқ. Диалог кезінде Қазақстан Сенаты мен оның аппаратының жұмысы әңгімеге арқау болды.
Қазақстандық делегация Әзербайжан Парламентінің әкімшілік ғимаратына да барып, депутаттардың жұмыс жағдайымен, пленарлық отырыс өтетін залмен және «Жеңіс бұрышымен» танысты. Бұдан басқа, олар Гейдар Әлиевтің зиратын зиярат етіп, Шехидтер аллеясына барды.