Мәдениет

Зергердің зерлі әлемі

Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай танымал зергер, суретші, реставратор, коллекционер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібайдың өнері туралы кітабының тұсаукесері мен шебердің «Ұрпаққа мұра» атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылды.

Берік Әлібай – отандық зергерлік өнердің дамуына мол үлес қосқан шебер, Қазақстан Дизайнерлер одағы және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Карл Фаберже Халықаралық мемориал­дық қорының «Еңбегі сіңген зергер» гауһартасты орденінің иегері. Ұлттық музей ашылған күннен «Консервация және металл, ағаш, былғары мен сүйектен жасалған бұйымдарды қалпына келтіру» секторына жетекшілік етті.

Зергерлік өнер оған атадан мирас болып дарыды. Атасы Әлімбай Әулиеата өңірінде зергерлік және ұсталықпен айналысып, бала Берікке қанат бітірді. Содан соң шебер түбегейлі өнер жолына түсіп, шеберлік шыңына көтерілді. Қазіргі күнге дейін 30 шақты шәкірт тәрбиеледі. Оның авторлық жұмыстары елімізбен қатар шетелдерге де жетті. Астана қаласындағы Берік Әлібайдың жеке музейіне келушілер саны да көп. Олардың арасында ел тұрғындары мен шетелдіктер де бар.

«Зергер Берік Әлібай» кітабында автор зергерлік өнерге қалай келгенін баяндай отырып, жұмыс барысы мен өз қолынан шыққан өнер туындылары туралы мәлімет берген. Кітаптың ішіндегі асатаяқ, үкілі бөрік, сәукеле, хан белдік, шақша, қамшы, әйелдерге арналған әшекей бұйымдар қатары қазақ мәдениетінің байлығын, этнографиялық қазынамыздың қуатын дәріптейді.

«Ұрпаққа мұра» атты көрмесі «Әке көрген оқ жонар», «Зер қадірін зергер білер», «Тарихтану» сынды бөлімдерге бөлінген. Мұнда зергердің және шәкірттерінің 158 авторлық бұйымы, панно (плакетка), ер-тұрман, бас киімдер, қару-жарақ, белдіктер және т.б. туындылары ұсынылды. Бұл – автордың соңғы он жылдағы жаңа әрі ең үздік туындылары.

Кітап тұсаукесері мен көрменің ашылуында белгілі әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, суретші, қарутанушы-этнограф Қалиолла Ахметжан, график-суретші, өнертанушы Ералы Оспан, қоғам қайраткері, Ұлттық музейдің алғашқы директоры Дархан Мыңбай, Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов, ғалымдар, зергердің шәкірттері автордың өнеріне тоқталып, ізгі тілектерін жеткізді. Белгілі қылқалам шебері, журналист Жанұзақ Мүсәпір Берік Әлібайға Қазақстан Көркемсурет академиясының академигі атағын тапсырды.

Экспозицияны Ұлттық музейдің 5-қабатындағы Уақытша көрме залынан 8 қыркүйекке дейін тамашалауға болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button